“АУЫЛ” экспедициясы ӘЛЖАН АНА ауылында

«Qazaqstan zamany» газеті, «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «ЕлАна» сайтымен бірлескен «Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты экспедициясы Жамбыл облысында

 

«Алып анадан туады» дейді дана қазақ. Шынында да, түн ұйқысын төрт бөліп, перзентіне жылуын сыйлаған ана қандай құрметке де лайық. Тарихта тағылым алар Айғаным, Зере сынды аналар да өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетті. Бұның барлығы рух пен сана арқылы жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы.
Қарапайым ауылдан шығып, алайда ақылы һәм парасаттылығымен алты Алашты таңғалдырған аяулы аналар бейнесі бүгін де бар. Перзентіне «атаның емес, адамның баласы бол» деп баулыған сондай үлкен жүректі жанның бірі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты дүниеге әкелген Әлжан ана.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Нұр Отан» партиясы және «Qazaqstan zamany» газетінің бірлескен «Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты ауыл экспедициясы Жамбыл жерінде болған іссапарында Әлжан ана ауылына арнайы ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен танысқан еді. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында осы елді мекеннің әлеуеті мен әлеуметін оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.

Еселі еңбекпен, бес батпан бейнетпен өскен жан

Жалпы Жамбыл облысы Қордай ауданына қа-расты бұрынғы Қасық ауылында туылған Әлжан ана жастайынан бойына далалық дегдарлықты, ұлттық тектілікті сіңіріп өседі. Әкесі Бұқарбай мен анасы Дүрияның да болмысы бөлек, рухы биік жандар болған. Ал ағасы Бөлеген кезінде сол Қасық колхозын басқарған. Ол кісінің ауылға мәдениет үйі мен мектеп салдырғаны көнекөз қариялардың әлі есінде. Сондай-ақ, ел басына күн туып, ашаршылық нәубәті дендеген тұста жоқшылық тақсыретін тартқандарға қол ұшын беріп, үлкен жүректі азаматтылығымен танылады. Кейіннен орталық партия комитеті Бөлеген Бұқарбайұлын әуелі Красногор ауданындағы Ворошилов колхозына партия ұйымының жетекшісі етіп қызметке жібереді. Одан соң аудандық партия комитетінің нұсқаушысы етіп тағайындайды. Алайда қазақ үшін дәуір тынысы тарылған тұста елдің игі жақсыларымен бірге Бөлегенге де «халық жауы» деген жаламен қамаққа алынады. Міне, осындай тауқыметті бастан кешкен Әлжан ана Шамалғанға келіп, сол жерде жол құрылысшыларының бригадирі болып жүрген Әбіш Назарбаевпен қауышады. Тағдыр тоғыстырған қос ұлы тұлға бірге жүріп қызылша мен бидай егеді. Осылайша нәсібін адал еңбектен тапқан отбасы қазақы қалып, ұлттық ұстанымнан айнымай ғұмыр кешеді. Ұлт көшбасшысы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты филмьде Әбіш ақсақалдың осы еңбекқорлығы мен кісілігі, өзгені өзекке теппейтін жанашырлығы ерекше көрініс тапқан. Әкенің осынау бір қасиеті кейіннен ұлының бойына дарып, бала Нұрсұлтан өте зерек болып өседі. Әке мен ананың осынау бейнетті өмірін Елбасы «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында өрнектеп суреттейді.


«Соғыстан кейінгі кезең, қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдардың бас кезі. Анам колхоздан күтіп-баптауға бір гектар қызылша алады. Көктемнен бастап алғашқы қар түскенге дейін бір толастамайтын азап еңбек. Тұқым сепкеннен кейін ми қайнатқан ыстық күн астында бел жазбай жүріп, осынау гектардағы егісті сиретіп қолмен жұлуды елестетіп көріңізші. Бұл ғұмыр бойы есте қалады. Ал ақырында қызылша тамырлап, піскен кезде оны үлкен пышақпен тазалап, тиеп, өткізіп, содан соң Боралдай қант зауытына барып, бір жарым қапшық қант алу үшін колхоздан берілетін анықтамаға қол жеткізу керек. Еңбек күніңе алатының сол ғана, ал ақшалай соқыр тиын да төленбейтін», — деген естеліктен еселі еңбек пен бес батпан бейнеттің нақ өзін көруге болады.
Әлжан ана ақындығымен, шешендігімен, тапқырлығымен де елдің құрметіне бөленген жан. Мемлекет басшысы бір сұхбатында ана туралы толғанысын: «Өзі қарапайым, сауаты жоқ адам болса да өмірден үйренгені, көрген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда, жүрегімді елжіретіп тұрады. Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді», — деп анасына деген сағынышын жүрекжарды сөздерімен жеткізеді.

Жаңарған, жаңғырған Әлжан ана ауылы

Елбасындай перзентті тәрбиелеп өсірген осынау нар тұлғалы ананы дәріптеу мақсатында былтыр Қасық ауылын Әлжан ауылы деп атауды мұндағы жұрт бірауыздан ұсынады. Бұл бастама облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, елді мекен толықтай жаңарудан өтеді. Ауылда атқарылған ауқымды жұмысқа «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты ауыл экспедициясын «Qazaqstan zamany» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы бастап барған іссапарымызда көз жеткіздік. Шынында Әлжан ана ауылы адам танымастай өзгеріпті. Елді мекендегі еңсесі тіктелген жұмыстарды бізге ауыл әкімі Қарлығаш Исағұлова баян етті.
— Әлжан ана ауылында қазір 4446 адам тұрып жатыр. Тұрғындарға 1 мектеп, 3 балабақша, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория және мұ-ражай қызмет көрсетуде. Ауылдың кіреберісіне Әлжан ананың құрметіне стелла қойылып, жан-жағы толықтай жаңғыртылды. Сондай-ақ, 7 көше күрделі жөндеуден өтіп, жарықтандыру шамдары орнатылды. 778 түтіні түтеп тұрған үйге толықтай көгілдір отын тартылған. Енді биыл ауызсу құбырлары жүргізілуде. Халық орталықтандырылған тіршілік нәріне келер жылы қол жеткізеді. Осындай жаңғыртудан өткен Әлжан ана ауылы қазір Қордай ауданындағы ең әлеуметтің әлеуеті артқан елді мекен ретінде саналады, — дейді Қарлығаш Тынышбекқызы.
Мұндағы жан жадыратар өзгерістерді ауыл әкімімен бірге аралап көріп, таңдай қақтық. Әсіресе, Әлжан ана мұражайы көз сүйсіндіреді екен. Мұражайдың кіреберіс ауласына Әлжан ананың еңселі ескерткіші қойылса, іші тұнып тұрған тарих.Мәселен, мұражайдың маңдайшасына «Ару ана, батыр ана бәрінен биік екен, мен сені мәңгілік сүйіп өтем» деген сөздер таңбаланса, музейді алғашқы бөліміне ауылдан шыққан батыр аналардың бейнелері қойылған. Одан әрі ертедегі ағаш ыдыс-аяқтар мен тоқыма бұйымдар орналасса, Балжан Бөлтірікова бастаған ауылдың атақты адамдарына да орын берілген. Және сол тұлғалардың кезінде қолданған құнды жәдігерлері де музейден көрініс тапқан. Бұдан бөлек, «Рухани жаңғыру» бұрышы әзірленіп, Астананың 20 жылдығына орай ауылда ашылған нысандардың бейнеролигі үлкен теледидардан беріліп тұр. Ал мұражайдың екінші бөлігі толықтай Елбасы мен Әлжан анаға арналған. Әсіресе, «Анасының тыңдап өскен ертегісін, Елбасы сен халқымның тірегісің, Әлжандай туып-өскен бұл өлкеде, Елбасының нағашысын білемісің?» деген өлең жолдарымен өрілген Мемлекет басшысының нағашыларына арналған бұрыш айрықша әсерлі шыққан. Мұнда Әбіш ақсақалдың әулетінің шежіресі, Әлжан ананың түрлі суреттері және Ұлт көшбасшысының нағашылары туралы деректер көптеп келтірілген. Сондай-ақ, Президенттің анасы туралы жазған естеліктері өткен күннен сыр шертіп тұрса, Әлжан ананың қолданған тас диірмені келушілердің назарын бірден өзіне аударуда. Бұдан бөлек, Елбасына арналған бұрышта 1991 жылы Мемлекет басшысының Қасық ауылына келгендегі естелік суреттері мен Президенттің кітаптары бір-бірімен үндесіп, керемет үйлесім тапқан. Тағы бір айта кетерлігі, мұражайда балаларға арналған мультимедиялық бөлім де қызмет көрсетуде. Онда балғындар әлемдегі таңғажайып орындарға арнайы көзілдірік арқылы, саяхаттай алады.
Ауылдық мәдениет үйіне де Әлжан ана туралы көп естеліктер қойылған екен. Жалпы былтыр толықтай жаңғыртудан өткен мәдениет үйінің жоғарғы қабаты Әлжан ананың құрметіне арналап, түрлі деректермен толықса, төменгі қабатында әжелер ансамблі, домбыра үйірмесі және «Нұрсұлтан» би ансамблінің орталығы орналасқан. Ел-басының есімімен аттас би тобында 70 балғын тәрбиеленіп жатса, олар небәрі 5 жылдың ішінде республикалық додаларда бірнеше мәрте топ жарған. Одан бөлек, мәдениет үйінің бір бұрышынан №3 Әлжан ана «модельді ауылдық кітапханасы» құрылып, халыққа қызмет көрсету орталығы да осында ашылыпты. Мұнда бүгінде тұрғындарға 7 түрлі бағыт бойынша қызмет көрсетілуде. Ал кітапхананың өзі толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталып, Елбасының кітаптарымен толыққан. Сондай-ақ, мәдениет үйінің бір бұрышынан ақсақалдар алқасына да орын берілген. Осында ауылдың қарты, ұлағатты ұстаз Зираш Әбдімәлікқызы Әлжан ананың қасиеті мен Елбасының балалық шағы туралы тағылымды естеліктер айтып берді.
— Әлжан әпкеміз жастайынан еңбек пен бейнеттің дәмін татып өсті. Алайда ешқашан сырт көзге шаршағанын сездірмейтін. Тынымсыз еңбек етіп, ата-анасы мен бауырларының қолқанаты болып жүрді. Ал жол құрылысында жүріп Әбішпен кездескеннен кейін, Әлжан әпкеміз ұзатылып, ол кісіден көз жазып қалдық. Тек Айдапкел есімді бауыры соғыстан оралған кезде ғана Әлжан ана кішкентай Нұрсұлтанды ертіп ауылға келді. Осыдан кейін Нұрсұлтан жазғы демалысын нағашыларының қасында өткізетін болды. Ол Бекен есімді нағашысымен бірге біздің үйге де сан мәрте келген. Одан бөлек, Иван есімді клубтың қызметкерімен ілесіп, тұрғындарға кино қойғанды ұнататын. Сондай-ақ, клуб ішінен ашылған кітапханада газет-журналдар оқып, сағаттап отыратын. Тіпті, Айман Әуелбекова есімді кітапханашының Нұрсұлтанды клубтан әзер шығарғанын да сан мәрте көргенмін. Сонда бала Нұрсұлтан ымырт батқанша кітапханадан шықпай, газет оқушы еді. Кейін Елбасы ауылға келгенінде сол клубта жиналыс өткізіп, кездесу соңында әлгі кітапханашы Айманды іздеді. Және алдына келген Айманға: «Апай, білесіз бе, сіз мені талай мәрте кітапханадан қуып шығып едіңіз», — деп күлді. Ал Айман болса, «Мен сенің мұндай Үкімет болатыныңды білмей қалдым ғой», — деп бір күлкіге қарық қылғаны бар. Осылайша біз Әлжан әпкеміздің өсиетті әңгімелерін тыңдап, бала Нұрсұлтанның қызықтарына куә болдық, — дейді Зираш әжей өткен күнді еске алып.
Иә, Әлжан ананың ерекше қасиеті мен өсиеті, бала Нұрсұлтанның зеректігі жайында ауыл ағайындарының арасында айтылатын тағылым аз емес. Әсіресе, елінің бағына біткен баланы өмірге әкелген Әлжан анамыз қандай құрметке де лайық. Талай жақсы мен жайсаңдарды тудырған Әлжан ана ауылының әрбір атар таңы нұрлы да, шуақты болсын деп тілейміз. Және топырағында туып, тамырын таратқан тұлғаларды ұлықтаған әлжаналықтардың ауызбіршілігі көпке үлгі екені сөзсіз.

 

«Туған жерге туыңды тік!»
Жерлестер форумының берері мол болды

 

Осылайша ауыл шынында да «Рухани жаңғырудың» қайнар көзіне айналғанын Әлжан ана ауылында анық аңғардық. Елбасындай тұлғаны дүниеге әкелген Батыр ананың өмір жолы мен ерлігіне Еланасы Сәуле Мешітбайқызы да тәнті болып, тұрғындармен ұзақ тілдесті. Басылым басшысымен қимай қоштасқан мұндағы қауым Сәуле Мешітбайқызына арнайы ат терлетіп келгені үшін алғысын айтып, ауыл халқына жанашыр болып жүргеніне жүрек жарды тілектерін жеткізді.


Ауыл экспедициясы барысында «Qazaqstan zamany» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен Бас редактор Ертай Айғалиұлы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Туған жерге туыңды тік» атты Жерлестер форумына да қатысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген шараға еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген табысты жамбылдықтар бас қосты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда аталған мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп, туған жер алдындағы әркімнің перзенттік парызын еске салған еді. Аталмыш форум түрлі салада еңбек етіп, істің көзін тауып, табысын еселеген азаматтардың туған жерінің көркеюіне үлес қосқан әрекетін көпшілікке үлгі етуді мақсат етті.
Ілкімді іс-шараны облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Жандар Кәрібаев ашып, ізгі тілегімен бөлісті.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жаңаша жаңғырудың заманауи талаптарға жауап бере алатын негізгі бағыттарын белгілеп берді. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту мақсатында көпұлтты қазақстандықтардың алдында ортақ келелі міндеттер тұр. Оның алғы шарты – Отанға деген қалтқысыз қызмет, туған жерге деген парасатпен өрілген сүйіспеншілік. Құт пен ырыс дарыған Әулие ата өңірінен талай тарланбоздар түлеп ұшуда. Әлі де шыға бермек. Ал, кез келген адам қайда жүрсе де туған жердің қасиетті топырағымен тамырлас. Қасиетті Атамекеніміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтарының жыл санап өсіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұған мысал ретінде «Атамекен» бағдарламасы аясында 39 жоба, оның ішінде 37 тұрғын үй мен пәтер, 4 аллея, 1 медициналық пункт, 1 музей және 26 спорт нысаны пайдалануға берілгенін атап айтуға болады, — деді Ж.Кәрібайұлы.
Ұлағатты ұстаздығымен дүйім елге танылған жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Аягүл Миразова туған елге қызмет етудің мән-маңызын сөз етті.
Еңбекқорлықтың абырой мен табысқа жеткізетінін әңгімесіне арқау еткен «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров:
— Ел табысын еселеуге айрықша үлес қосқан барлық азаматты патриот деп санаймын. Осы патриот сөзі жүректі жылытады. Отан алдында бәріміз де борыштымыз. Сондықтан барлық азаматтарды ел өркениетіне өзіндік үлес қосуға шақырамын, — деді.
Шара барысында істің көзін тауып, толайым табысын ел-жұртымен бөлісе білген жомарт жандардың бірі, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев та жүрекжарды лебізімен бөлісті.


— Бабалардан қалған өсиеттің бірінде «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Ізімізді жалғар жас ұрпақтың саналы азамат болып өсіп, еліміздің абыройын арттыруы біздің қамқорлығымызбен жүзеге аспақ. Табысыңнан зекет беріп отыру ырысқа кенелтетіні тағы бар. Бұл да бабалардан қалған өнеге. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бір кездесуде «Тапқаныңды халыққа сал, сонда ел сенің абыройыңды көтереді, мерейіңді өсіреді» деп еді. Әрдайым Мемлекет басшысының осы сөзі көкейімнен кетпейді. Қазір іс бастаймын, еңбек етемін дегенге қолдау да бар, жол да ашық, — деп С.Дөненбаев басқарғанына 21 жыл болған қожалығының еселенген табысының кілті қайырымдылықта екенін айтты.
Ал, Алматы қаласындағы «RUMI GROUP» мейрамханалар желісінің негізін қалаған кәсіпкер Қуаныш Шоңбай жастардың тәрбиесіне тоқталды.
— Мақсат қуып, алыста білім алып жүріп те ұмытып кеткен көзілдірігімді сылтауратып ауылға келе беруші едім. Қазір де солай, басқа қалада жүрсем де туған ауылымның түтінін иіскемей бір ай да шыдай алмаймын. Қай қырда жүрсең де туған жерге бүйрегің тартып, әрбір жаңалығына елеңдеп отырасың ғой. Әрине, әрбір нәрсенің жақсысы мен жағымсыз жағы қатар жүреді. Тараздың кезінде криминалдық жағынан да белгілі болғанын қалай жасырамыз. Осыған қарап ойлаймын, біз жастардың тәртібін қолға алу үшін оларға жақсы дүниені көрсету керекпіз. Мысалы, дамыған елдердегі азаматтардың пайым-парасатын, қоғамдық тәртіптің қалай сақталатынын, жүрген ортасына деген жанашырлықтың неден туатынын іс жүзінде көрсетпейінше, нақты нәтижеге жете алмаймыз. Қазір ақпарат айдыны ашық. Бүгінгі жастар көп нәрсені біледі, оларға ақыл айтып, ештеңе ұтпайсың. Тек мүмкіндік беру керек. Сондықтан да өзім жеке кәсіпкерлігімді ашқанда ауылымның 48 азаматын жұмысқа алып кеттім. Енді 2020 жылға қарай жамбылдық 2000 баланы шетелге апарсам деймін. Бұл жоспарыма келесі жылдан бастап кірісемін деп отырмын, — деді Қ.Шоңбай.
Жасөспірімдерді спортқа баулып, шымырлылыққа, жеңіс үшін күресу мен ел даңқын асыруға тәрбиелеуді көздеген белгілі балуан Бейбіт Ыстыбаев:
— Кешегі Балуан шолақ, Қажымұқан аталарымыздың ізбасарларын дайындап, дүбірлі додаларда ел намысын қорғап, көк байрағымызды көкке көтерер спортшыларымыздың қатары артса деген мақсатпен еңбектенудемін. Спортқа құмар талантты балаларды спорт мектебімізде күтемін, — деп туған жерінің түтіні түзу шығу үшін өзіндік үлесін қосуға Астанадан көшіп келгенін тілге тиек етті.
Форумда халыққа қалтқысыз қызмет етіп, қайырымдылық көрсетіп жүрген азаматтар «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталды. Олардың ішінде түрлі сала қызметкерлері, бизнес өкілдері, белсенді тұлғалар бар. Сонымен қатар, елге еңбегі сіңген 8 жамбылдық азамат «Аманат» марапатына ие болды.
Үлгілі істі көпшілікке таратуды көздеген форум соңында белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров жиылған жұртқа әнімен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Осы күні Сәуле Мешітбайқызы мен Ертай Айғалиұлы қазақ журналистикасының қара нары аталған Шерхан Мұртазаның қырқына орай ұйымдастырылған асқа да қатысып, Шерағаның әруағына құрмет көрсетті. «Бақ» сарайында жайылған дастарханға қаламгердің туыстары, әріптес достары және ел зиялылары қатысып, жазушы рухына құран бағыштады.

Тілші түйіні:
Осылайша рухани қазынаға сусындаған экспедиция мүшелері шаралардан ерекше әсермен қайтты. Бір қырынан қарағанда, бұл экспедиция жұмысының Жамбыл жерінен тапқан үлкен рухани байлығы болды. Олай дейтініміз, топ мүшелері бір жағынан жаңарған Әлжан ана ауылының тынысымен танысса, екінші қырынан Жерлестор форумында жамбылдық жақсылармен жүздесті. Және қазақтың маңдайына біткен нар тұлғалы қаламгері Шерхан Мұртазаның әруағына арналған ақ дастарханда алақан жайып, дұға етті.
Біз бүгін ауыл экспедициясының Жамбыл жеріндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша кенелген қазынасына тоқталды. Бұдан бөлек, топ мүшелерінің Жамбыл, Жуалы, Сарысу және Талас аудандарында болған сапарларынан айтар талай қызықтары мен бөлісер жаңалықтары бар. Ол жайында газетіміздің келесі санында жазатын боламыз.

Саятхан Сатылғанов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған