«Ашық әкімдікте» – өңір басшысы

Жақында облыстық қазақ  драма театрында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен  «Ашық әкімдік» шарасы өтті. Аталмыш шараға қатысқан  облыс тұрғындары жеке мәселелері бойынша облыс әкімімен,  облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің басшыларымен тікелей жолығуға мүмкіндік алды.

Шарада  41 мемлекеттік ұйым, құқық қорғау органдары, 11 коммуналдық мекеменің басшы-қызметкерлері 242 адамды қабылдап, кеңес берді. Соның ішінде 44-і облыстық жер қатынастары басқармасына, 23-і энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, 16-сы жергілікті полиция қызметіне, 15-і БҚО мемлекеттік кірістер департаментіне жүгінді. Ал 40 адам тұрғын үй мәселелері бойынша сұрақтарына жауап алды.

-Облыс тұрғындарына арнап «Ашық әкімдік» кездесуін  осымен екінші рет өткізіп отырмыз. Елбасы Үндеуінде айтылғандай, ел алдында есеп беретін Үкіметті қалыптастыру белсенді қолға алынбақ. Өткен аптадағы аталмыш  шараға 311 адам келіп, барлығы 34 облыстық мекеме-ұйымның, оған қоса Орал қаласы әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлерінен кеңес алған болатын.  Бүгін жұмысқа орналасу, жол салып беру немесе көпқабатты үйдің шатырынан су кету секілді ПИК-тердің жұмысына қатысты мәселелер бойынша он жеті тұрғынды қабылдадым. Аталмыш мәселелер болашақта өз шешімін табатын болады. Ал жердің, үйдің кезегі бойынша өтініш айтып келгендерге  қалада тұрғын үй кезегінде 17 мың, жер телімін алуға 70 мың адам есепке алынғанын және  барлық мәселе заң аясында шешілетінін түсіндірдім. Бұл шара тұрғындардың сұранысына ие болғандықтан, жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Көпшілікке қолжетімді ашық алаң жасақталғанына қуанған  тұрғындар қоғамдық қабылдаудың дәстүрлі ұйымдастырылатынына риза болып тарқасты.                                                                                            

Пікірлер:

Сания ДИМАШЕВА,

қала тұрғыны:

    -«Ашық есік» қабылдауында облыс әкімі Алтай Көлгіновке жолықтым. Әкем – I топтағы  мүгедек. Теректі ауданының Үлкен еңбек ауылында тұрамыз. Әкемді аудан орталығы Федоровтағы   ауруханаға жиі апарамын. Күн қатты салқындап кеткелі Федоровқа  қатынау қиындап кетті. Аудан орталығы Федоровтан   уақытша тұратын бөлме болса да берілсе екен деп келіп едім. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы Теректі ауданының әкімі Мұрат Мұқаевқа  жолығу қажеттігін айтты. Мәселе оңтайлы шешілетін түрі бар.

Манарбек ГАБДУЛЛИН,

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы:

    -Жергілікті полиция қызметіне қатысты 14 азамат келіп, өтініш айтты. А. есімді қала тұрғыны  жер учаскесін алып берем деген  танысына 1миллион 500 мың  теңге берген. Кейін   ақша да, жер де жоқ, алданып қалған. Ол осы мәселемен сотқа шағымданды. Бүгін сол азамат сот ісінің тергеу барысымен танысып кетті. Сондай-ақ тұрғындар өзі тұратын аудандарда жол ережесі белгісінің орналастырылмағанын айтты. Ал Б. есімді қала тұрғыны үйінің подьезіне маскүнемдер жиі кіріп кететінін және кеше үйінің есігін сындырып кеткенін айтып шағымданды.  Мұндай арыз-шағымдарды тіркеп, жуық арада мәселе шешілетінін түсіндірдік.

    Айша ӨТЕБӘЛІ,

                                                Батыс Қазақстан облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған