Ақмола облысы: Өнеркәсіп өнімдері 104,3 пайызға жеткен өңір

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің «Ақмола облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2017 жылдың негізгі міндеттері туралы» есеп беру кездесуі Көкшетау мәдениет сарайында өтті. Кездесуге ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысты. С.Кулагин кездесу алдында өңірдегі ұйым, мекемелердің өткен жылғы жетістіктері қойылған көрмені аралап көрді. Көрмеде «Тыныс» АҚ өндірген Ресейдің авиациялық зауыты үшін ұшақ бөлшектері, өрт сөндіру құралдары, медициналық қондырғылар, полиэтилен құбырларына көпшілік қызығушылық танытты. Көрмеден соң әкім С.Кулагин мінбеге көтеріліп:

— Құрметті қауым! Қадірлі жерлестер! 2016 жылы еліміз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтті. Қазақстан бүгін әлемнің экономикасы дамыған елу елінің қатарынан ойып орын алып отырған табысты мемлекет, — деп, баяндамасын бастап, еліміздің жетістіктеріне тоқталып, облыстың өткен жылдың негізгі қорытындылары мен ағымдағы жылғы міндеттердің ең негізгілерін атады.

— Облыс экономикасына 220 млрд. теңге инвестиция құйылса, оның 66 пайызы, яғни 147 млрд. теңгесі жекеменшік инвестиция. Өндіріс және әлеуметтік 135 нысан пайдалануға беріліп, жаңадан 12,5 мың жұмыс орны ашылды. Өткен жылы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 420,7 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,3 пайызға жетті. Бұл — республикадағы төртінші орын, — деді.

Әкімнің есебінен ұққанымыздай, негізгі сала ауыл шаруашылығына 2016 жылы 59 млрд. теңге құйылған. Облыс соңғы 4 жылда 5 млн. тоннадан артық астық жинаса, өткен жылы бұл көрсеткіш 5,7 млн. тоннаға жетті. Ұн мен ет өндіру 22 пайызға артса, өсімдік майы өндіру екі есе өсті. 2016 жылы алтын өндіру көлемі 26,2 тоннаны құрап, 26,1 пайыз, уран қосындысын өндіру 20,7 пайызға өсті. Облыста кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Нәтижесінде кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 180,6 млрд. теңгенің 78 жобасы жүзеге асырылды, 7,1 мың жұмыс орны ашылды. Олардың 36-сы жоғары қосымша құн өнімі өндірісіне бағытталған. Соңғы жылдары Астана қаласының азық-түлік белдеуін жасау шеңберінде 83,7 млрд. теңгенің 104 жобасы жүзеге асырылды. Соның ішінде 2016 жылы 7,2 млрд. теңгенің 9 жобасы іске қосылды. Елорда халқына 94 мың тонна сүт және сүт өнімдері (108,3 пайыз), 22,2 мың тонна ет (106,2 пайыз) және 222,5 миллион дана жұмыртқа (102,3 пайыз) жеткізілді. 2016 жылы бойына туризм саласын дамытуда туризм индустриясының негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім артып, демалушылар саны 244,1 мыңнан асып, 140 пайызға жетті. Туризм саласында атқарылған жұмыстың жалпы көлемі 4,1 млрд. теңге болды.

Шағын және орта бизнес саласында облыс тұрғындарының үштен бірі немесе 136 мың адам белсенді жұмыс жасап тұр. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 2,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл сала нысандарынан мемлекеттік бюджетке 30 млрд. теңге құйылып, салық көлемі 28 пайызға артты. 2016 жылы тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді, бұл салаға құйылған инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға артып, 29 млрд. теңгені құрады. 365 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үш мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Облыста әлеуметтік жағдайы ерекше отбасыларды баспанамен қамту жолға қойылып, мемлекеттік тұрғын үй қорының есебінен 152 адам пәтерге қол жеткізді. Алдағы уақытта әр жыл сайын 100 пәтерден бөлінеді. Жуырда ғана Алматы қаласында өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға 17 ақмолалық қатысып, 2 алтын, 4 күміс, 1 қола — барлығы 7 медальға ие болды. Мұнан соң облыс әкімі ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында аудан және қала, селолық және поселкелік әкімдердің халыққа 674 есептік кездесу өткізгендігін, оған облыс тұрғындарының 70 мыңнан астамы қатысқандығын айтып өтті. Тұрғындар тарапынан 672 ұсыныстар мен ескертулер айтылса, оның барлығы дерлік әлеуметтік мазмұнда, 72 пайызы тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығына, 8 пайызы әлеуметтік салаға қатысты екендігін айтты.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына тоқталып: — Бірінші кезекте бірыңғай ұлттық тестілеу талаптары ата-аналардың өтініш-тілектері ескеріліп, өзгерді. Өткен жылы 17 мыңға жуық түлектер білімін жоғары оқу орындарында жалғастырды. Қаржы министрлігінің қамқорлығымен грант саны бес мыңға көбейді…

Бүгінгі күні 77000 ата-ана электронды күнделікті қолданады. Алдағы уақытта қолданушылар санын көбейту көзделген. Бұл шара мектеп мұғалімдерін қағазбастылықтан арылтуға септігін тигізеді. Оған қоса, мұғалімдерді сабақтан тыс жұмыстарға тартуға тосқауыл қойылуда. Сонымен қатар, бескүндік оқу жүйесіне көшу де қолға алынған, — деп, сөзін түйіндеді.

Бұдан кейін Сергей Кулагин өзіне қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесуде облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, қарт журналист Моисей Гольбергтер сөз алып, өңірімізде атқарылып жатқан игі істер үшін облыс әкіміне ризашылықтарын білдірді. Ақсақалдарымыз кездесуге Білім және ғылым министрінің келгені жақсы нышан дей келе, ағылшын тілін 4-сыныптан бастап оқытуды ұсынды. Қоғам белсендісі М.Қиықов өңірде мемлекеттік тілдің қолданылу аясының қанағаттанарлықсыздығына тоқталып, әсіресе мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалыспайтынын, кей басшылардың мемлекеттік тілді білмейтінін, мемлекеттік тілде сөйлемейтіндігін ашына жеткізді.

Көкшетау көркейіп келеді

Қала әкімі Ермек Маржықпаевтың 2016 жылғы Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2017 жылғы алда тұрған міндеттер жайлы тұрғындар алдындағы есепті кездесуі облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен «Достар» мәдениет сарайында 10 ақпанда өтті. Жиынға қаладағы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты. Қала әкімі Е.Маржықпаев баяндамасында қаладағы өндіріс ошақтары 2017 жылы 89,8 млрд. теңгенің өнімін өндіргенін, ол 2015 жылға қарағанда 10 млрд. теңгеге көбейгенін айтты. Қала қазынасына 33,3 млрд. теңге құйылып, меже 100,7 пайыз орындалыпты. Бұл игі іске мысал ретінде «Көкшетау минералды сулары» ашық акционерлік қоғамын айтуға болады. Бұл кәсіпорында төрт бірдей жаңа өндірістік торап іске қосылуының нәтижесінде еңбек өнімділігі екі есе артып, есепті жылы 98 млн. дана сусын шығарылып, жергілікті бюджетке 10 млрд. теңге құйыпты. Өткен жылы индустрияландыру картасының нәтижесінде 4,2 млрд. теңгенің 3 жобасы іске қосылып, 300 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 30,2 млрд. теңгеге жетіп, көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 1,8 млрд. теңгеге артқан. Облыс орталығында 2015 жылы 124,4 мың, 2016 жылы 127,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әсем ғимараттар бой көтерді. Қаладағы Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің барлығы тұрғын үймен қамтылып, 45 жетім балаға баспана беріліпті. Қалада жаңа «Сарыарқа» шағын ауданы бой көтерді. Биыл құны 1,4 млрд. теңге 5 тұрғын үйдің құрылысы жалғасса, оған қосымша 2017 жылы 9 қабатты 35 пәтерлік тұрғын үй құрылысы салынбақшы.

Қала келбетіне ерекше мән беріліп, көпшілік дем алатын Даңқ Аллеясы, Тәуелсіздік алаңы, Ауғандықтар Аллеясы, қалалық саябақ, Қопаның жағажайы да жаңартылып, көріктендірілген. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне орай Сәдуақасов көшесінің бойында жаңа аллея бой көтеріп, 20 үйдің қасбеті жөнделді. Коммуналдық кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің қолдауымен 10 мың түп ағаш отырғызылыпты. Аталған жұмыстар биыл да жалғасын табады. Облыс әкім Сергей Кулагин қала əкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өнеркəсіп өнімдерін өндіру, коммуналдық шаруашылықты дамыту, абаттандыру, жұмыспен қамту, басқа да негізгі бағыттар бойынша дұрыс жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта келе, назар аударатын бірқатар мəселелерге тоқталып, қала әкіміне міндет жүктеді.

ДАХАН ШӨКШИР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған