Ақнұр Әбдімәлікқызы, “Тағам” асханалар желісінің директоры: «Ниетің түзу болса, ісің де өрге жүзеді!»

«Ерінбейтін еңбекшіл адам ертең-ақ еңбегінің жемісін жейді» деген аталы сөз кішкентаймыздан бәріміздің құлағымызға сіңді. Осы сөздің парқын білгендер қазір адал жолмен нан тауып, өз істерін дөңгелетіп отыр. Осы мәселе бойынша бүгінгі әңгімеміздің өзегі еліміздің бес бірдей қаласында өз нүктелерін ашқан «Тағам» асхана желісі жайында болмақ. Дәл осы халал асхана ашылғанда «расында бұл халал ма екен?» деп бір кездері күмәнмен қараған жұрт, қазір бұл жерді үзбей келетін орнына айналдырған. Оны өз көзімізбен көріп куә болып қайттық. Мұның сыры неде? Сапа мен бағасын да ма? Кәсіпті қалай бастаған жөн? Осы төңіректегі көкейде жүрген сауалдарымызға аталмыш асхана желісінің басшысы Құдайбергенова Ақнұр Әбдімәлікқызы жауап қатқан еді. Екі жарым сағат еркін форматта өткен емен-жарқын сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз. Алдымен асханамызды Халал деп аштық…

– Ақнұр ханым, алғашқы сауалымды «халал» сөзінен бастасам… Еліміздің әр өңірінде «халал» тіркесімен ашылған асхана, дүкендер өте көп. Алайда халық соған күмәнмен қарайтыны жасырын емес қой…

– Сөзіңіздің жаны бар. Біз осыдан 6 жыл бұрын «Тағам» асхана желісін «Халал» атауымен Астана қаласында шағын ғана қылып аштық. Әлбетте, бұл сұрақ кез келген адамды мазалағаны рас. Ол кезде қазіргідей үлкен де емеспіз. «Халал екенін қалай білеміз? Қалай дәлелдейсіздер?» деп сұрағандарға тікелей өзім жауап бердім.

Негізінен біз малды базардан алған емеспіз, алмаймыз да. Біз қолда өсірілген, құнарлы шөп жеген күйлі малды ғана малшылардан сатып аламыз. Шариғат бойынша, адал жолмен бауыздайтын арнайы қасапшыларымыз да бар. Олармен тұрақты түрде жұмыс істеп жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды.

Әр үстелдің басына қасапшылардың теленөмірін қойып, қандай мал екенін, қай жерден алынғандығын білгісі келетіндерге осылай жауап бердік. «Халал» деген сөз «адал» дегенді білдіреді. Келген қонақтарымызға адал ас беру – біздің міндетіміз. Өйткені, әу баста асханамызды осы атаумен аштық. Діни басқарма тыйым салған өнімдерді қатаң қадағалаймыз. Көбісі тамаққа қарап «ненің еті, шошқаның еті болмаса болды» деп жатады, қазір тәтті десерттерде де қосылды. Біз мұның бәріне терең мән береміз.

Тағамдағы еттен бөлек, тәттілердегі ванилин, кілегей, тіпті сүттің құрамы да әрдайым қадағалауымызда. Мойнымызға үлкен жауапкершілікті алғандықтан, жан дүниемізбен оны сезіне де алдық деп ойлаймын. Өйткені асхананы ашпас бұрын біз оған іштей дайын болдық. …Ол рас, қазір еліміздің әр өңірінде «халал» атауымен ашылған асханалар бар. Тіпті дәл осы «Тағам» атауымен ашылғандары да жоқ емес. Олардың сапасын білмеймін. Бізді өз логотипіміз арқылы тани аласыздар.

– Демек, қазір халықтың «халалға» деген күмәні сейілді ғой?

– 6 жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда әлдеқайда сейілді. Алайда әлі де көпшіліктің сынағында жүрміз. Санитарлық талаптарға сай болуға тырысамыз. Талғамы биік көптің көңілінен шығу оңай емес әрине. Кемшілік жоқ деп айтпаймын, әлі де дамытудамыз, ізденісте жүрміз. Артықшылығымыз – 24 сағат бойы дамылсыз жұмыс істейміз. «Тағамның» тамағы көпшілікке қолжетімді. Нақтырақ айтсам, сапа мен баға біз үшін қай кезде де бірінші орында. Қонақтарымыз үшін тегін интернет желісін қостық. Мұнымен қоса аптаның әр жұмасында туған күн иелері мен зейнеткерлерге, сондай-ақ студенттерге 10% жеңілдіктер қарастырсақ, кішкентай балаларымен келген ата-аналардың жайлылығы үшін асханамыздың ішінде арнайы балалардың ойын алаңын орнаттық.

– Асхана желісіне неліктен «Тағам» атауы берілді?

– Ең алғаш Астана қаласынан ашар кезде атау таппай, әріптестерімізбен көп ойландық. «Ас болсын», «Өте дәмді», «Бешбармақ» деген сынды таңдап алған сөздеріміз болды. Бірақ бәрі күнделікті қолданыстағы сөз болғандықтан, бір ерекшелікті іздедік. Ең алдымен асхана желісінде қандай тағамдар болады? Оны да ойлауымыз керек деп отырғанда, «тағам» сөзі тілімізге өзінен-өзі үйіре кетті Тамақ емес неге осы сөзді қоймасқа, деп бір ауыздан асханамызға «Тағам» атауын бердік.

– Астанадан бөлек, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар қалаларынан да «Тағам» асхана желісін аштыңыздар. Ол қалалардағы бақылауды кім жүргізеді?

– Барлық қалалардағы «Тағамға» өзім барып, бақылаймын деп өтірік айта алмаймын. Оған шамам да келмейді. Бұл бір менің ғана жұмысым емес, бүтін бір командамыздың жұмысы. Астанадағы «Тағам» тікелей өзімнің жіті бақылауымда болса, Алматыға ай сайын келіп, көріп кетіп тұрамын. Мұндағы әр нүктелеріміздің үстінен қарайтын орынбасарларым бар. Сол секілді Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда қалаларында да командадан мүшелер жұмыс істейді. Ол қалаларға да іссапармен барып, тұтынушыларымыздың сөздеріне құлақ асып ден қоямыз. Бәсекелестік деген ол күншілдік, бақталастық емес

– Жасыратыны жоқ, көптеген кәсіпкерлер орынбасары ретінде өз туысын қойып жатады. Ішкі құпияны сырт адамның білгенін қаламайды. Сіз де сондай ұстанымдасыз ба?

– Жоқ! «Тағамның» әр қаласындағы басқаратын директорлардың ешқайсысының менімен туыстық байланысы жоқ. Керісінше, мен ештеңе білмей келген адамды жұмысқа қабылдауға тырысамын. Тәжірибемді үйретемін, кеңестеріммен бөлісемін тағысын тағылар. Бізде қызметтік өсім жылдам жүреді. Кеше ол еден жуса, бүгін – әкімші (администратор), кеше әкімші болса, ол бүгін – директор. Ең бастысы өз ісін асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен атқаруы керек. Кейбір әріптестеріміз тіпті туысымыздай жақын болып кетті. Олардың қуанышы мен қайғысына ортақтасып, төбе көрсетіп те жүрміз. Ең бастысы өзім адамның ар-намысын, адалдығын, ақ ниеті мен адамгершілігін жоғары бағалаймын.

– Бәсекелесіңіз деп айтуға ауыз бармайды. Дегенмен ең бірінші асхана желісі болған «Қағанат», қазір қарқынды дамып жатқан «Той дәмі» бар. Олардан қалып қоямын деп қорықпайсыз ба?

– (Күлді). Жоқ! Өзіңіз айтпақшы ең алғаш ашылған асхана желісі, аты дүркірегені, қазір қателеспесем 21 нүктесі бар «Қағанат» біздің осы кәсіпті ашуымызға түрткі болды, көзімізді ашты. Кәсіппен айналысам деп бірақ оның жолын білмегендерге жол көрсетті. «Той дәмі» де жақсы дамып жатыр. Ашылсын, көбейсін! Еліміздің дамуына кәсіпкер ретінде үлестерін қоссын. Олар өз жұмыстарын атқарсын. Мен өз жұмысымды істеймін. Қазақтың жері кең, бәріне жетеді. Игерілмей жатқаны қаншама. Қызғаныш болмауы керек. Адам бойындағы жаман қасиет – іштарлық. Ол түбі жақсылыққа апармайды. «Кең болсаң, кем болмайсың» демей ме?.. Біздің жұмысымыз – қонақтарымызға, яғни тұтынушыларымызға қонақжайлылық көрсету. Пейілің тар, ниетің қара болса, ол бәрібір өзіңе айналып келеді. Елбасының: «Тамағыңды тауып жерлік кәсіп, одан да тәуір қызмет жолығар. Бірақ ол қара орманың – өскен еліңнің ортасында жүріп ішкен бір жұтым қара суға қайдан татысын», – деген сөзі бар. Жаһандану кезеңінде әлемдік өркениеттің ең озық жетістіктерін игеріп, жетік меңгеріп, алған біліміңді ел игілігі үшін жұмсау, бәсекеге қабілетті болу, ұлтың мен ұрпағыңа артыңда өнегелі ісіңді қалдыру кез келген пенде баласына жүктелген міндет, артылған жүк деп білемін. Бұл менің субьективті пікірім.

– Қазір «Руми» мейрамханасы мен «Мәдени» асхана желісі жоғарыда аталған екеуінен де мықты боп тұр. Бағасы көпшілікке қолжетімді болмаса да, сол жерге баратындар көп. Бәлкім, қазіргі басты «бәсекелесіңіз» осы шығар?..

– Біздің өз тұтынушымыз, «Руми» мен «Мәденидің» өз тұтынушысы бар. Бұл жерде айта кетерлігі «бәсекелес» деген сөзді алдымен дұрыс түсінуіміз керек. Оны күншілдік, бақталастық деп емес, өсу деп білгеніміз жөн! Жеке өзім солай түсінемін. Аталмыш мейрамхананың басшысы, белгілі кәсіпкер Қуаныш Шонбай біздің жақын досымыз, жанашырымыз. Біз оған, ол бізге келіп, тағамдарымыздың дәмін татып, ақыл-кеңестерімізді айтып тұрамыз. Қуаныш бауырымыз шетелге көп шығады. Сол жақтан көрген-білгенін, түйгенін осында әкеліп, жаңаша дүние жасап жатыр. Біз тек қуанамыз. Одан үйренеріміз көп. Өзіңіз айтпақшы, бағасы көпке қолжетімді болмаса да көп адам сол жерден шықпайды екен. Бұл нені білдіреді? Халықтың талғамы өскендігін, қымбат болса да, ол жерге де баратын ақшаның бар екендігін көрсетеді. Ол ол ма?! Қазір «Есентай молда» құны 2 млн тұратын мейрамхана ашылды. Оған да келетін өз тұтынушылары бар. Бос, жұмысы жүрмей тұрған жоқ. Олай болса, ашпайтын да еді. Ең бастысы кәсіпкер ретінде тек өзіміз үшін ғана емес, мемлекетіміз үшін де жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаймын. Себебі қаншама жұмыссыз жастар жұмыспен қамтылып жатыр. Адам ешқашан болдым, толдым демеу керек

– Кәсібіңіздегі қиындықтарды қалай жеңесіз?

– Адам ешқашан болдым, толдым деп айта алмайды екен. Қиындықтар болды, бола да береді, әлі де бар. Қазір оқыған, көзі ашық азаматтар шетелде көргендерін өз елінен көргісі келеді. Ол ең алдымен асхананың дизайнынан бастап, қарапайым үстел үстіндегі майлыққа да мән береді. Бұл кәсіби деңгей! Алайда, өзіміз ешкімді бәсекелес көрмегенімізбен, бізді солай көретіндер бар. Шағымдарын жазып, тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей ететін тұтынушыларды да көрдік. Қызғаныш деген ең жаман нәрсе. Жақсы істен – жақсылық, жаман істен – жамандық туады. Сондықтан кейбір қиындықтарға көз жұмып қана қарауға тура келеді…

– Табысқа жетудің сырын айтыңызшы…

– Оның ешқандай құпиясы жоқ! Мен балалы болғанда, осыдан бірнеше жыл бұрын бір жыл жұмыссыз үйде отырдым. Сонда 24 сағат бойы халыққа қызмет көрсететін «халал» асханам болса, өзім қожайын болсам деп армандайтынмын. Шүкір ол да өз уақыты келіп, орындалды. Қазір мол тәжірибе жинап, өзімнің сүйікті ісімді тапқаныма қуанамын. Табысқа жетуі үшін адамға керегі ең алдымен ниет. Ниетің жақсы болса ғана ісің өрге жүзеді! – Нені армандайсыз? – Әр күніміз арманнан тұрады. Әйел адам 40-қа келгенше, өңін бермесе қасиет деп бекер айтпайды ғой. Мен әдемі қарттықты армандаймын. Аман болсақ, 70-80 жасқа келіп, шағын ғана шайханамда достарыммен әңгімелесіп, оларға адал асымды ұсынып, өмір сүрсем деймін…

– Ашық, еркін сұхбатыңызға рахмет!

– Сізге де рахмет! Оқырмандарыңыз көбейсін! Шығармашылық табыс тілеймін!

 

Сұхбаттасқан: Жұлдыз ӘБІЛ.

 

PS: Күні кеше ғана Ақнұр Әбдімәлікқызы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Осы ретте халықаралық «Қазақстан-Zaman» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы да Ақнұрдың қуанышына ортақтасып, кәсібіне толағай табыстар тілейді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған