Ақтөбеде «Таза табиғатпен – ядролық қарусыз ғасырға!» тақырыбында ғылыми конференция өтті

 

Қазақ жеріндегі ядролық сынақтардың зардаптарын жою мақсатында құрылған «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына биыл 29 жыл. Осыған орай Ақтөбе қаласында«Таза табиғатпен – ядролық қарусыз ғасырға!» атты аймақтық ғылыми конференция өтті. Шараны ұйымдастырған облыстық ішкі саясат басқармасы, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының Батыс филиалы.

Басқосуда Астана, Алматы, Маңғыстау, Орал, Атырау, Семей, Қызылорда аймақтарынан келген экология, әлеуметтік, медицина, саясат, радиология саласындағы ғалымдар, антиядролық экологиялық қозғалысының ардагерлері, «Жастар қанаты», Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызметін өтеген ардагерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп, көтерілген мәселенің өзектілігіне тоқталып өтті.

«Күн тәртібінен түспей және өзектілігін жоғалтпай келе жатқан саланың бірі – экология мәселе екендігі сөзсіз. Елбасы өзінің жыл сайынғы халыққа жолдауында елдегі тұрақтылық, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі бастамаларымыз әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан еліміздің үлесі туралы айтып жүр. Әсіресе әлемдік қауымдастықты ядролық терроризм қатеріне қарсы тұруға, бейбіт жолды таңдауға үнемі шақыруда. Конференция тақырыбының өзектілігі соншалық, әр өңірден зиялы қауым өкілдері Ақтөбеге ат басын бұрды, бұл қуантарлық жағдай», – деді ол өз сөзінде.

Ғылыми конференция жұмысына Алматыдан арнайы келген «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Меліс Елеусізов, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың бастамасымен құрылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы өзінің тиімділігін әлдеқашан көрсеткенін атап өтті.

 

«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы өз жұмысын 1989 жылы 28 ақпанда бастаған болатын. Бұл ұйымды Олжас Омарұлымен бірге құруға қатысқандардың бірі менмін. Бүгінгі ардагерлер бастаған қозғалыс тоқтап қалмайды деген үміттемін. Жалпы ядролық қару бар жерде үлкен қауіптің бар екендігін кімде-кім жоққа шығара алмайды. Сондықтан да, жер бетінде полигондар тұрған кезде «Невада-Семей» сияқты қозғалыстар өздерінің қызметін жалғастыра берері анық. Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 29 жыл. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүргізілгенімен, улы радиация салдарынан түрлі сырқаттарға шалдыққан адамдардың санын нақты қанша екендігін дөп басып айту қиын. Полигонда жүргізілген сынақтар қоршаған ортаға ауыр зардабын тигізгені туралы қарапайым халық әлі ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да», – деді еліміздің бас экологы.

Айта кету керек, 1945 жылы бірінші болып Жапонияға қарсы жойқын қаруды АҚШ сынаған болатын. Яғни, Америка өзінің ядролық бағдарламасын КСРО-дан  4 жыл бұрын бастап кеткен еді. 1990 жылға қарай олар 921 заряд, ал КСРО болса 642 заряд жарған.

Бұл туралы Марат Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетінің профессоры, дәрігер Қозы Қитабаевтың баяндамасынан белгілі болды.

Бірінші ядролық жарылыс болған 1945 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта «ядролық клуб» мүшелері 2000-нан аса сынақ жүргізген. Нақтырақ айтқанда АҚШ − 1099, КСРО – 715, Ұлыбритания – 45, Франция – 210, Қытай – 45, Үндістан – 6, Пәкістан – 6. Оның ішінде 501 сынақ ауада және 8-і су астында болған. 1956-1958 жылдары ядролық қару-жарақтардың жаңа типтерін шығару үшін қарқынды сынақтар жүргізілген. 1961 жылы КСРО тарапы континенталдық баллистикалық ракеталар жасап шығарады да, оған қажетті ядролық зарядтарды жасау және сынау қажет санаған.

«Бір жыл ішінде ауа мен жер үстінде 40 ядролық жарылыстарға дейін жасалды. Бұл жылдарға нақты негізінен плутондық бомбалардың сыналуы, нағыз радиацияның әсері күшеюіне ықпал етті. Ал Семейдегі ашық ядролық жарылыстар кезеңі болып 1949-1963 жылдар саналады. Негізінен Семей полигонында сыналған ядролық зарядтардың қуаты Жапонияның Хиросима қаласында сыналған ядролық бомбаның қуатынан 2,5 мың есе көп. Ядролық бәсекелестіктің екінші кезеңі 1963-1989 жылдар аралығы болып есептеледі. 1963 жылы КСРО, АҚШ және Англия арасында жер бетіндегі және ауада, су астында атом қаруын жаруға тыйым салу туралы келісімге қол қойған болатын. Жер бетіндегі және ауадағы ядролық жарылыстар тоқтатылғанымен, өкінішке орай ядролық бәсекелестікті жалғаса берді», – деді профессор Қ.Қитабаев.

Биылғы ғылыми конференцияның ерекшелігі сол, баяндама жасағандардың жартысы жастар болды. Әсіресе ерекше көзге түскен «Невада-Семей» жастар слетінің делегаттарын айтуға болады. Мәселен, Ақтөбе облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Ахмет Отарбай Байғанин ауданындағы атомдық сынақтар және радиоэкологиялық зардаптар туралы айтып берді.

 

 

Оның айтуынша, ядролық полигон Ақтөбенің Мұғалжар ауданы мен Үстірт аралығында созылған кең алқапты, осылардың арасындағы ұзындығы 90, ені 20 шақырым болып көлденең орналасқан. 1957 – 1987 жылдар аралығында Байғанин ауданы мен Ембі-5 полигонында кезінде қуаты 20-30 килотонна 11 жарылыс болыпты. «Ембі-5» полигонында он термоядролық жарылыс жасалып, он біріншісі Оймауыттан 49 шақырым қашықтықта Қалдайбек елді мекенінде, аса қуатты термоядролық қару «Баталит» сынақтан өткізілген. Ал 1987 жылы Қазан айының 3-де Байғанин ауданы Жарқамыс ауылынан 45 шақырым қашықтықта, Жем өзенінің жағасында Қалдайбек елді мекенінде соңғы ядролық жарылыс өткізілген.

 

«Мұндай жарылыстар бейбіт мақсатта өткізілген делінеді. Алайда бұл жарылыстардың радио-экологиялық зиянды әсері болғаны айдан анық. Өлшеулер мен зерттеулер Ақтөбе облысының радиациялық деңгейі Алматы облысына қарағанда 10-11 мкР/сағ-қа аз. Бірақ бұл радиоактивтіліктің зияны жоқ деген сөз емес. Жарылыс кезіндегі радиоактивті заттар жер астында ұзақ жылдар сақталады. Ал, шағын ғана Қалдайбек елді мекенінен небары 18 шақырым жердегі сынақ полигонында 1987 жылы жойқын ядролық сынақ жүргізілген. Кейінірек бұл жерде жүргізілген тексерулер радиация қалыпты мөлшерден асып, кейде, тіпті 20 микрорентгеннен 65 микрорентгенге дейін жеткенін көрсеткен. Ал табиғатқа зиянсыз мөлшері 5-6 микрорентгеннен аспауы керектігін ескерсек, қоршаған ортаға қаншалықты орасан залал келгені, айтпаса да түсінікті. Сол кезде Ақжар, Қаражар аумағында киік қырғыны болып, мал шығыны өскен. Ядролық жарылыстан радиоэкологиялық кері әсер туындап, иммундық жүйесі бұзылған адамдардың арасында анемия, аллергия, жүйке, жүрек, қан қысымы, қатерлі ісік, қан аздығы және тері аурулары асқынған», – деді ол өзінің баяндамасында.

Конференция тек баяндама жасаумен шектелген жоқ. Мәселен, Семей сынақ ядролық полигонының ардагерлері және мүгедектер қоғамдық ұйымының төрағасы Болат Қамысбаев өзекті мәселенің бірін көтерді.

 

«Біздің қоғамдық ұйым 2007 жылы құрылды. 1949-89 жылдарға дейін, яғни 40 жыл ішінде Ақтөбе өңірінен 11.000 адам полигоның аумағында әскери борышын өтеді. Олар өз еркімен барған жоқ, қорғаныс министрлігінің бұйрығымен әскери борышын өтеп, қызмет еткен сарбаздар. Бүгінде оның тек 1800-ның ғана көзі тірі. Қазіргі уақытта біздің мәртебеміз (статус) толық емес, ешқандай жеңілдік (льгот) қарастырылмаған. Біздің бармаған жеріміз жоқ, әзірге ешқандай нәтиже болмай тұр. Жасыратыны жоқ, қатарымыз азайып барады, денсаулығымызда жиі сыр береді. Ядролық полигоннан зардап шеккендерге оңалту шараларына көбірек көңіл бөлінсе екен. Біздің жанайқайымды көретін көз, еститін құлақ болса дейміз. Бірақ үмітімізді үзбейміз, әлде де жағдайымыз жақсарады және бізге деген көзқарас өзгереді деп сенеміз», деді ол.

 

Өз кезегінде сөз алған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов, Жапония мен Қазақстан халықтары тағдырлас екендігін айтып өтті. Себебі Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларының тұрғындары әуеден тасталған атом бомбасының құрбаны болып, соның зардабын осы күнге дейін тартып келе жатыр. Радияциалық улы сәулелердің салдарынан күншығыс елінде түрлі диагнозбен ауыратындар әлі де көп. Қазақстан халқы да Семей және басқа полигондарда 40 жыл бойы жүрілген ядролық сынақтардың зардабын әлі күнге дейін тартуда.

 

Халық арасынан кеңінен қолдау тапқан «Невада-Семей» ядролық қозғалысы жарылыстарға қарсылық біл­діріп қана қоймай, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақ­сат еткендігін көрсете алғандығын айта келе, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры Рахым Бекназаровқа, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусіноваға, маңғыстаулық журналист Нұрбол Қаржаубайұлы және Ақтөбе студенттер клубына «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовтың «Есіңе түсірерде, болашағыңды ойла» атты төрт кітабын тарту етті.

Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау шараларына белсенді қатысып жүрген бір топ белсенділер мен жастар алғыс хаттармен марапатталды.

Ғылыми конференция соңында бірқатар ұсыныстар назарға алынды. Атап айтқанда, «Невада-Семей» қозғалысының 30 жылдығы халықаралық деңгейде атап өту, Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтегендерге әлеуметтік қолдау көрсету, Қ.Жұбанов атындағы университеті мұражайынан «Невада-Семей» қозғалысының бұрышын ашу сияқты бірқатар сұрақтар бойынша резолюция қабылданды.

 

Кезекті ғылыми конференция сәуір айында Ақтау қаласында өтетін болып шешілді. Онда Қошқар ата улы көлі, Каспий теңізінің экологиялық ахуалы сияқты қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланбақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған