АҚШ-та да БОМЖ көп, бірақ…

 Кейде Америкаға барғандар сол елдегі бомждарды видеоға түсіріп, көрдіңдер ма мұнда да үйсіздер бар, сіз қызығатын АҚШ осы ма еді дегендей пікірлер жазып жатады. Бұл жазбаның артында осы өміріңе шүкіршілік ет, қайда барсаң да көрген күнің бір, тіпті Америка да мәз емес деген «намек» жатыр. Өзің көрмеген соң, әрине ешнәрсе дей алмайсың.

Дегенмен, осы бір барғанымда бомждарға байланысты әлгі студенттер ескермеген бір ерекшелікті байқадым.

АҚШ-та 40 миллиондай адам кедейшілікте өмір сүреді екен. Рас, үй-жайы жоқ адамдар ол жақта өте көп, тіпті кей көшелерде базардағы саудагерлер секілді бірінен кейін бірі отырып алған. Оның қасында Қазақстанда бомждар мүлдем жоқ екен деп қаласың.

Сөйтсем мәселе басқа да екен.

Бір күні автобуста келе жатсам, бір аялдамаға келгенде әлгі бомждардың біреуі бес минут бойы өзінің жүгін артты. Жүргізуші де, жолаушылар да қыңқ демей күтіп отырды. Айқайламақ түгілі, терең демалып қабағын түйген адамды көрмедім. Мезгілді шайынып, киімін жумаған соң иістенетіні белгілі ғой, бірақ адамдар оған да мән бермеді, дәл қасымызға отыра кетті. Мен болсам ондайға үйренбегем, сәл қысылып отырдым. Одан екі-үш аялдамадан соң әлгі кісі тағы бес минут автобустан шықты, тағы үн жоқ. Неткен шыдамды халық дедім де қойдым ішімнен.

Содан бір күні мен айтып отырған адамдар сабағымыздың басты тақырыбы болды. Мұғалім мен оқыған Дэвис қаласының бомждары туралы журналистік репортажды басып алып кепті. Сабақ барысында олар не себепті осындай күйге түседі, оларға қалай қарауымыз керек деген сұрақтар қойылды. Сонда мұғалім «Бомждарды көрсеңдер қастарынан байқамағансып өтіп кетпеңдер, амандасыңдар, жағдай сұраңдар, ақшаларыңнан бұрын оларға осы керек» деп айтты.

Әлгі мақаладан білгенім, жыл сайын белгілі бір уақытта үйсіз адамдарға бір бағдарлама аясында киімдер мен тамақ беріледі екен. Тіпті емделіп, жұрт қатарына қосылам десе тағы басқа бағдарламалар бар екен.

Ол аз десеңіз, мен тұрған қаланың әкімшілігі, даунтаундағы (АҚШ-та қала орталығы осылай аталады) ірі банктер орналасқан ең негізгі көшелердің бірінің бойында отыруға рұқсат беріпті.

Сөйтсем америкалықтар бұл кісілерге қатысты «бомж болса да ол АҚШ-тың азаматы, қоғамымыздың мүшесі» деп қарайды екен. Әрине, бүкіл Америка үшін жауап бере алмаймын. Дегенмен, журналистік орта оларды назардан қалдырмауға тырысады, халыққа жиі үндеу жасайды. Университеттегі тәрбиелік жұмыстың бір бағыты осы үйсіздер. Университет деген соң, мектепте де дәл осындай жұмыстар жүретіні түсінікті.

Бір қызығы, қоғамның осы ұстанымының әсері ма білмейм, әлгі бомждардың кітап оқитынын жиі көретінмін.

Адамға адам деп қарасаң адамдықты көресің, хайуан деп қарасаң хайуандықты көреді екенсің.

Елбасы рухани жаңғыруымыз керек деді ғой, рухани дамудың бір критерийі осы болса керек. Америкада бомждар біздегден көп емес, олар тек жасырмайды, өздерінің азаматы санайды, олар үшін ұялмайды, ұялуды қажет деп санамайды. Ал бізде қалай? Біз қонақ келеді деп, оларды бір вагонга тығып айдалаға апарып тастаймыз, шетелден келетін меймандарға біздің елде бәрі күшті, адамдардың бәрі бірдей бақуатты етіп көрсеткіміз келеді. Алайда біз бұлай жасау арқылы өркениетті қоғамға емес Солтүстік Корея секілді мемлекетке қаттырақ ұқсап кетеміз.

Проблема барлық елде бар, дамыған елдердің айырмашылығы сол, олар өз мәселелерін мойындайды және жасырмайды, одан кейін барып оны шешуге тырысады. Ал біз, өкінішке қарай, мәселені шешпек түгіл, мойындағымыз келмейді.

Бомждар да, күзетшілер де, еден жуғыштар да еліміздің азаматтары, олардан ұялмауымыз керек, қолымыздан келсе әңгімелесуіміз керек. Нанымызды бөліп бере алмасақ та, амандасып, қалыңыз қалай деп сұрағаннан сізге ешнәрсе болмайды, бірақ әлгі кісілерге ол өте маңызды болуы мүмкін. Жек көрмейік, олар да адам баласы, сәл мейірімді болайық.

P.S. Бұл жазбаны ақыл айту деп қабылдамаңыздар. Мен өзімді бәріне көмектесіп жүретін мейірімді адам санамаймын. Бірақ көргенім маған ой салды, өзгеріс қажет екенін түсіндім. Бұл жазба бірге өзгерейік деген шақыру ғана.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған