Ақылман ақын – Айбек Қалиев (Видео)

Күллі қазақ «айтыс» десе, ең бірінші ойға оралатын он ақынның бірі әрі бірегейі Айбек Қалиев десек ешкім дау айта қоймас. Шындықты шырылдатып айтатын арда ақынды таныстырып жатудың өзі артық. Ал, бүгін – Айбек Қалиевтің туған күні. Торғай топырағынан шыққан суырып салма ақынның айтыс сахнасына сағындырып шығып жүргені шындық. Жарнаманың дәурені жүріп тұрған осы заманда қазақылығынан айнымаған ақынға біз де шығармашылық табыс, деніне саулық, отбасына бақ-береке тілейміз!

Ал, оқырман назарына айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманның Айбек Қалиевке арналған өлеңін ұсынамыз.

Айбек Қалиевке

Ақылман ақын едің бай көңілің,
Айтысты не қыламыз, Айбек інім?
Сес көрсетіп сұрланған бұл биліктің
Көңілінен шығамыз қай бегінің?!

Серттей сөзің жеткенмен әр ауылға
Жауығатын жандар көп жарау ұлға.
Бәйтеректің басында мерген отыр
Әр сөзіңді ілдіріп қарауылға.

Заманақыр етпеді мұңды кімді,
Көріп жүрміз қулық пен сұмдығыңды.
Ертеңіміз не болар деп жасқанбай
Айтып жүрсің, Алашқа шындығыңды.

Айтып жүрсің айтыста ғажаптарды,
Таң атуға, – дейсің сен, – аз-ақ қалды.
Құлағының түбінен мылтық атып
Оятумен келесің қазақтарды.

Оянбайды ұйқыдан мешел қоғам,
Дарытыпты жазылмас кеселді оған.
Балтырыңды тістелеп шәуілдейді
Ит қалды ма шайырдан өш алмаған?!

Айтысыңды жіліктеп, бұтарлаған
Бұл қоғамда қылыш жоқ жұқармаған.
Абылайхан сөзіне қонақ берген
Сенен гөрі бақытты Бұқар бабаң!

Аяр заман бітіріп ақшаға бақ,
Жүректерге қанжарын жатса қадап,
Жүрегіңнің түгі бар болмаса егер
Айтар ма едің қасқайып патшаға дат?!

Сыртымыздан қарайды ел бақылап,
Саңырауға сөзің қор, жеңді ақымақ.
Жиырма жыл тауымыз шағылмаған
Сен де ақымақ, Айбекжан, мен де ақымақ!

Сөз – сүйектен деуші еді, өнер – қаннан.
Үміт үзбей жүреміз келер таңнан.
Сені арқаңнан қағармын мен өлгенше,
Қағатын жан бар ма екен мені арқамнан!

©ЖҮРСІН ЕРМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған