Ақыл-есі кем жандар құрт ауруының тұзағына неге ілікті?

Түркістан қаласындағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығындағы емделушілердің арасында бірнеше науқастардың туберкулез ауруына шалдыққаны жайындағы жағымсыз хабар елге лезде-ақ тарап кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жылына бір рет жүргізілетін профилактикалық тексеру барысында әлгі орталықтың 502 науқасының арасынан 30 қаңтар күні 7 адамның өкпе дертіне шалдыққаны анықталды. Үш адам ажал құшқан. Бұл жөнінде денсаулық сақтау басқармасының басшылығы шұғыл түрде Денсаулық сақтау министрлігіне, облыстық әкімдікке және облыстық прокуратураға хабар береді. Анықталған жайт орталықтың барлық науқастары мен қызметкерлерін толық медициналық тексеруден өткізу қажеттігі жайлы шешім қабылдауға негіз болды.

— Түркістан қаласындағы №4 орталық — ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты жабық мекеме. Анықталған дерек негізінде басқармада арнайы штаб құрылып, жұмыс жасай бастадық. Нәтижесінде ондағы емделушілердің 65-і қатерлі дертті жұқтырып үлгергені белгілі болды. Дерттің таралу ошағын жою бойынша барлық қажетті шұғыл шаруалар қолға алынды. 1 ақпаннан бастап туберкулезге шалдыққан науқастарды орталықтың басқа емделушілерінен оқшаулау жүргізілді. Бұл мақсатта бос тұрған Сарыағаш аудандық туберкулезге қарсы мекемесін 34 күннің ішінде барлық талаптарға сай етіп жөндеп, кәріз жүйесін реттеп, науқастарды Түркістаннан сонда ауыстыра бастадық. Дәрі-дәрмекпен, керекті құрал-жабдықтармен түгелдей қамтамасыз етілді. Фтизиатор, психиатор дәрігерлер тартылды. Ал ондағы контингент Арыс қаласындағы емдеу мекемесіне көшірілді, — деді журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей қадағалауындағы бұл жайтқа байланысты бүгінде Сарыағаш және Арыстағы емдеу мекемелеріндегі ахуалды бақылауға алуға облыстық Психоневрологиялық, туберкулезге қарсы диспансердің бір-бір орынбасарлары бекітіліп, дәрі-дәрмекпен, тамақпен толықтай қамтамасыз етілді. Ал Түркістандағы орталық жергілікті емхана қызметкерлері тарапынан толықтай медициналық тексерілуден өткізілуде. Облыс әкімдігінде де арнайы штаб құрылып, әкім тапсырмасымен аталған басқармаға қарасты тағы 6 интернаттағы 1140 адам да дәрігерлік тексерілуден өткізілді. Нәтижесінде Төлеби ауданы Көксәйек елді мекеніндегі мүгедек балаларға арналған интернаттан туберкулез жұқтырған 7, Шымкент қаласындағы мекемеден 2 науқас анықталды. Ал 300-ден астам қызметкерлер, қуанышқа қарай, жұқпалы аурудың тұзағынан аман екен. Ендігі жерде дәрігерлер облыс басшысының тапсырмасымен облыстық білім басқармасына қарасты 14 білім беру мекемелеріне де тексеру жүргізуді бастағалы отыр. Мұндай келеңсіздіктің орын алуына нендей жағдай себеп болып отыр, ауру ошағының осыншалықты етек алуына жол бермеуге болмас па еді? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлының айтуынша, дәрігерлердің аталған санаттағы жабық мекемелердің емделушілері мен тәрбиеленушілерін кез келген уақытта тексеруге, ондағы дәрігер қызметкерлерінің жұмысын бақылауға құзіреттерінің жоқтығы себеп болып отырғанға ұқсайды.

— Түркістандағы орталықта 12 дәрігер қызмет көрсетеді. Біздің тарапымыздан жылына бір рет қана профилактикалық медициналық тексеру жүргізілетіні болмаса, қалған уақытта ол мекемелерге кіре алмаймыз. Ондағы дәрігерлер де бізге бағынбайды. Салдарынан сапа мен біліктілік назардан тыс қалуда. Осы мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдап, ол дәрігерлерді біздің қарамағымызға беріп, жұмыстарын бақылауға мүмкіндік жасауын сұрадық. Бұрын мектептегі дәрігерлер де білім беру басқармасына бағынышты болып, олардың жұмыс сапасын ешкім де тексермеген болатын. Жаңа жылдан бастап жүйеге өзгеріс енгізіліп, мектептегі дәрігерлер біздің қарамағымызға өтті. Ендігі жерде біліктіліктерін арттыру, жұмыс сапасына көп көңіл бөлінуде. Олардың сапалы қызмет етуі балалардың денсаулығына тікелей әсері бар, — дейді басқарма басшысы Мұқан Егізбаев.

Көрілген шаралар бойынша Түркістандағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығының басшысы жұмыстан босатылды. Ауру жұқтырған емделушілердің жағдайы ондағы 12 дәрігердің тікелей бақылауында болуы тиіс екені жоғарыда айтылды. Солай бола тұрса да, осы оқыс жағдайға байланысты соңғы үш жылда Түркістан қалалық туберкулез диспансері бөлімшесін басқарып, жақында ғана Түлкібас ауылдық тубдиспансер бөлімшесінің бас дәрігері қызметіне ауысқан азамат пен Түркістан қалалық тубдиспансердің үш дәрігері жұмыстан босатылды. Сондай-ақ, жергілікті емхананың бас дәрігері де қызмет орнын босатып, бас дәрігердің орынбасары қызметінен төмендетілді. Ал ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға қатаң сөгіс берілді.

ШАДИЯР МОЛДАБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған