Аққулы ауданында «Абай оқулары» өтті

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен XXI Қазақстан халқы тілдерінің республикалық фестивалі аясында Аққулы ауданында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Көркем әдебиеттi насихаттауды жандандыру, қазақтың ұлы жазушыларының және ақындарының шығармаларын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне, ділі мен дініне деген жастардың құштарлығын арттыру мақсатында өткізілген шараға 17-29 жас аралығындағы қалалық және аудандық конкурстардың жеңімпаздары қатысты.

Бұған дейін аудан, қала бойынша өткізілген байқаулардың жеңімпаздары байқаудың ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынасты.

Бірінші кезеңде олар Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай аталған қаламгерлердің шығармаларынан үзінді оқыса, екінші кезеңде  Сәбит Дөнентаевтың, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына және Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу талаптарын орындады.

Аталған шараның құрметті қонақтары ретінде конкурсқа академик, философия ғылымдарының докторы, абайтанушы, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова, «Ғазиза» қоғамдық қорының директоры, журналист Мақсан Жарылғасынұлы, филология ғылымдарының кандидаты Шаңбай Тұрсын, Ресей Федерациясы Алтай өлкесіндегі қазақ диаспорасының төрағасы Сапарбек Маусымбаев қатысты.

Үмiткерлердiң өнерiн сарапқа салып, әдiл бағасын беретiн қазылар алқасы ретінде абайтанушы, тіл жанашыры, зиялы қауым өкілі Даниял Әсенов, С. Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі мен журналистика» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина, Аққулы аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжан Макишева шақырылды.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Успен ауданының үміткері Құрметжан Ербақ иеленсе, І орынға Ертіс ауданының намысын қорғаған Шәріпов Қуанышбек лайықты деп танылды, ІІ орынды Аққулы ауданының үміткері Тілеген Айбек, ал ІІІ орынды Павлодар ауданының үміткері Хауметхали Әйгерім жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға басқарма тарапынан дипломдар, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Облыстық конкурстың жеңiмпазы Құрметжан Ербақ Талдықорған қаласында өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.

Әлихан Рахметоллаұлы   

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.