А.Мырзахметов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды

Бүгін Елбасының тапсырмасына сәйкес Вице-Премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өңір аралық жиналыс өткізді. Жиналыс барысында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен көктемгі егістік жұмыстары талқыланды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы зор және ол экономиканың жаңа драйверіне айналуы қажет» деген болатын. АӨК-ті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының да негізге алған басты бағыты осы.
Аталған бағдарламада агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша жергілікті әкімдіктерге нақты индикаторлар жүктелген. Іссапардың көздеген мақсаты сол белгіленген индикаторлардың орындалуы мен жүзеге асырылуы.

Жаңа Мемлекеттік бағдарлама ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтуға, өңдеу және жем-шөп шығаратын кәсіпорындардың жүктемелігін арттыруға, мал шаруашылығы азығы базаларын күшейтуге және егістік алқаптарын әртараптандыруға бағытталған.

Көктемнің кеш түсуіне қарамастан, егістік жұмыстары жақсы қарқынмен жүргізілуде. «Ағымдағы жылы бірінші рет көктемгі-егістік дала жұмыстарын жүргізу үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендетілді. Түпкілікті тұтынушыға мөлшерлеме 6 пайыздан аспайды», – деп атап өтті А.Мырзахметов.

Себебі көктемгі егіс жұмыстары қысқа мерзімді қамтып, аз уақытта несие алушылар саны еселеп өсіп кетеді. Осы кедергіні жойып, уақытын жылдамдату және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің санын арттыру мақсатында биыл бірінші рет «Аграрлық несие корпорациясы» тікелей шаруаларды қаржыландыруды бастады. Яғни, ортадағы көптеген сатылар қысқарып, қолжетімді болды.

Бұдан өзге, Жаңа Бағдарлама бойынша бірінші рет кепілсіз несие беріліп отыр. Аталмыш несиеге қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер кооперативтерге бірігуі қажет. Осылайша, кооперативтерге бірігу арқылы ауылдың экономикалық жағдайын көтерумен қатар, жұмыспен қамту, тұрғындардың қалаға көшу сияқты әлеуметтік мәселелерін де шешу көзделген. Айта кетерлік нәрсе, қосалқы шаруашылықтар ауыл шаруашылығы шикізаттарын шығаратын бірден-бір өндірушілер болып табылады. Бұған Германия, Қытай, Израиль сынды дамыған елдердің тәжірбиелері дәлел.

А.Мырзахметов үш өңірдің басшыларына мәселенің маңыздылығын тағы бір ескертіп, белгіленген межені мерзімінде орындауды тапсырды. Вице-Премьердің айтуынша кооперативтерге бірігуге халықтың ынтасы жоғары, қаржы көзі де жеткілікті, субсидиялау механизмі де түзілген. Демек, жергілікті билік бұқара арасында түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп, жұмысты дұрыс үйлестіре білулері керек.

Осы жылы Жамбыл облысында 32 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 19 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Ал, Алматы облысы бойынша жоспарланған 111 кооперативтің 27 құрылған. Оңтүстік Қазақстанда жоспардағы 75 кооперативтің 26-сы жұмысын бастаған. Бұл кооперативтер сүт пен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемелігін арттыруға үлкен үлес қосып отыр.

Сонымен қатар, жиналыс барысында министр оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесін қозғады. Бұл Бағдарламада су ресурстарына да ерекше мән берілгенін айтты. Осыған байланысты, жалпы көлемі 610мың га жерді суармалы аймаққа айналдыру, 368 мың га жайылымның суғару жүйесін қалыптастыру жоспарлануда.

Министрліктің жүргізген экспорттық саясаттың нәтижесінде, Жамбыл облысынан Иранға қой еті тасымалдана бастады. Ал Қытай мен Израиль мемлекеттерінің бизнес өкілдері отандық өнімдерге қызығушылық танытуда.

Оңтүстіктің үш аймағы бас қосқан алқалы жиын үш сағатқа созылды. Әдеттегідей, Вице-премьер сұрақ-жауап форматында шаруалардың барлық көкейкесті сауалдарына жауап берді. Ведомство басшысымен тікелей тілдесуге мүмкіндік алған фермерлер біраз түйінді мәселелерін тарқатып алды. Тіпті кейбірі министр арқылы Елбасыға алғыстарын жаудырды. Олардың айтуынша бұған дейінгі бағдарламалар тек ірі кәсіпорындарды қолдап келген. Ал мына жаңа мемлекеттік бағдарлама қарапайым ауыл тұрғындары мен шағын шаруалардың мәселесін шешуге бағытталған. Сондықтан осы құжатты жүзеге асыруға тапсырма берген мемлекет Басшысының саясатын толық қолдаймыз дейді.

Анықтамалық: Вице-Премьер Жамбыл облысындағы жұмыс сапары барысында «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытында, «Азамат» жылыжайында, «Шайқорық» бау-бақшасы мен Байзақтағы құс фермасында болып жаңа құрылған кооперативтердің жұмысымен танысты.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған