Бабалықұлының батасы

 Ақын Қасымхан Бегмановтың “Этнографпен әңгіме” кітабынан  Жағда Бабалықтың Қазақ еліне берген батасын ұсынамыз.

А, Тәңірім оңдасын,

Оң жолына бастасын.

Бақ қарасын.

Құт қонсын,

Қыдыр дарысын.

Ел іргесі сөгілмесін,

Ел ырысы шайқалмасын,

Қазақ жаққан от мәңгі лауласын.

Түркі елдер жаққан от мәңгі лауласын.

Қазақтың тәуелсіздігі мәңгі болсын.

Қазақ көтерген Көк ту мәңгі желбіресін.

Қытайдың темір ноқтасынан сақтасын.

Орыстың қайыс ноқтасынан сақтасын,

Шығыстың қара тасқын селінен сақтасын.

Батыстың сары қолқа желінен сақтасын,

Соқақтың содырлығынан сақтасын.

Ауғанның аусарлығынан сақтасын,

Қоқанның қоқаңынан сақтасын.

Сарт ауылдың ірге жаулығынан сақтасын,

Кешегі коммунизм атты апаттың қайта оралуынан сақтасын.

Бүгінгі ғаламдану атты апаттың өктемдігінен сақтасын,

Қытайдың «тяньша вигуінінен» сақтасын.

Қазақ елі өссін, өнсін, көгерсін, көктесін, өркендесін.

Тәңірқұтылы, Күнкөсемді ел болсын!!!

Аумин!

Этнограф, мәдениеттанушы Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ жайлы кейбір қысқаша деректер

Жағда Бабалықұлы құжат бойынша 1917 жылы қараша айының 1-ші жұлдызында Қытай Халық Республикасы, ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағы Толы ауданы Құжыртай деген қыстауда дүниеге келген. Бала кезінде мал бағып, діни оқу да оқыған.

1934-1943 жылдары – бастауышты Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласындағы орта мектепте бітірген. 1943 жылы ШҰАР орталығы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң пединститутының студенті болған.

Студент кезінде Ұлт-азаттық ұйым құрғаны үшін 1944 жылы Шың Шысай, 1945 жылы У Жың Шың үкіметі түрмесінде қамауда болды.

1945 жылы 5 сәуірде түрмеден шығарылып, Үрімжіде қатаң бақылауда болған. Бірақ Жағда бұл жерден қашып шығып, Шәуешек қаласына барып тағы да Ұлтазаттық ұйым жұмысына қатынасады. Қарулы партизан тобын ұйымдастырады.

1944 жылдың қараша айында Іле аймағында құрылған Шығыс Түркістан республикасының көтерген көк туының астына шоғырлануды армандаған Жағда Бабалықұлы 1945 жылдың тамызында ұлт-азаттық армиясының «Тарбағатай» атты полкін құрған. Содан бастап армия қатарында әртүрлі дәрежелі жауапты қызметтер атқарған. Полк командирінің орынбасары да болған. 1947 жылы Шығыс Түркістан Республикасының әскери түрмесінде сегіз ай отырған. Түрмеден ақталып шыққан соң ұлт-азаттық армиясының саяси басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. Әскери атағы – подполковник.

1949 жылы Қытай компартияның қол астына кіргенде Қытай халық азаттық армиясының ШҰАР-дағы әскери сот төрағасының орынбасары, ШҰАР партия мектебі бастығының орынбасары тәрізді жауапты қызметтер атқарған.

1952-1955 жылдары ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағының әкімі, 1955-1956 жылдары ШҰАР үкіметінің саяси заң басқарма бастығының орынбасары, 1956-58 жылдары ҚХР-ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысын басқарған.

1958-1961 жылдары «ұлтшыл, оңшыл, үш отау түтінін бір жерден шығаруды армандаған, социализмге, коммунизмге қарсы элемент» деген желеумен еңбекпен тәрбиелеу лагеріне жіберілген.

1961 жылдың қыркүйек айында лагерьден шығарылған соң бала-шағасымен Қазақстанға өткен. 1961-1962 жылдары баспанасыз жүріп, мал баққан, әртүрлі құрылыстарда істеген, пошта тасыған. 1963-1983 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында әдеби қызметкер болған. 1983 жылы зейнеткерлікке шыққан. Тарихқа, салт-дәстүрімізге, туған тілімізге қатысты этнографиялық зерттеу мақалаларын баспасөзде үнемі жариялап тұрған. 1987 жылы Советқазы Ақатаймен бірге Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысын құруға белсене қатысқан.

Жалпы Жағда Бабалықұлының өмірі өте күрделі өтті. 1944-1961 жылдар ішінде төрт рет түрмеде, 1961-1991 жылдары арасында «Қытай жансызы, ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті элемент» деген қатаң бақылаудың құрсауында өмір сүрді.

Кейінгілерге «Менің басыма қойылатын тасқа «Тәуелсіздік көрдім. Мәңгілік тілеймін» деген сөзді жазыңдар» деп өз аманатын қалдырған.

«Қырандар», «Саят», «Мал ауруларының сырлары», «Қамшыгерлiк» атты кітаптары жарық көрген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған