Байғазы мен көрімдіктің айырмашылығы неде?  

 

Байғазы мен көрімдік. Екеуі де кәде, сыйлық.  Екеуі де «жаңаға» сұралады, беріледі. Айырмашылығы — байғазы жансыз затқа,  ал көрімдік — жандыға, яғни  адамға және жан-жануарларға, ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң тарапынан берілетін сый. Мысалы, жаңа туған нәрестеге, жас келінге, мал төлдегенде  алғашқы сәтте  көрімдік сұралса, жаңа киім немесе бұйым, жиһаз, баспана, көлік сатып алынғанда  байғазы сұралады.

Байғазы бала алғаш рет атқа мінгенде де беріледі. Байғазы — кішкентай балаларға, жасөспірімдерге үлкендердің беретін сыйлығы. Қызға сырға салуға барғанда жігіт жаққа қызды көрсетіп, көрімдік сұрау дәстүрі де бар. Болашақ келін болатын қызды екі жеңгесі ертіп келіп, жігіт жақтан құда-құдағиларына көрсетеді. «Болашақ келіндеріңіз міне, көріп, көрімдігін беріңіздер» деп көрімдік сұрайды. Жігіттің анасы орнынан тұрып, келіннің маңдайынан сүйіп, оған бақыт тілейді. Отырған басқа да құда-құдағилар да жапа-тармағай көрімдіктерін беріп, екі жасқа ұзақ өмір, бақытты тілейді. Қыздың екі жеңгесі көрімдіктерін алып шығып кетеді.

Байғазыға ұл балаға қамшы, жүген-ноқта, мүлік берілсе, қыз балаға әшекей-бұйымдар, моншақ сыйға тартылады. Уақыт өткен сайын салт пен санаға да өзгеріс еніп, заман талабына сай жаңаруда. Сондықтан да көбінесе бүгінде байғазы  ақшалай беріліп жүр. Байғазы берген адам «Жасың ұзақ, киімің тозғақ болсын», «Жаңа бұйымың құтты болсын», «Игілігіңе пайдалан» деген ақ тілектерін қоса айтады. «Байғазыға — байдың қызы» деп те айтқан екен.

Жалпы, қазақтың салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәні зор. Байғазы мен көрімдік адамдар арасындағы қарым-қатынасты, достықты нығайтып, татулықты, бірлікті арттырады. Адамдар арасында құрмет тудырса, үлкен мен кіші арасында  өзара мейірім махаббатты орнатады. Сонымен қатар, адамдарды жомарттыққа, дархандыққа, кең пейілділікке тәрбиелейді. Балалардың қуанышын еселейді.

Байғазы мен көрімдік —м сыйлық берудің, сый жасаудың бір түрі. Шариғат сыйлық беруге, оны алуға қарсы емес. Сыйлық беру жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммед «Сыйлық беріңдер, бір-бірлеріңе деген сыйластықтарың артсын» деген екен. Олай болса, байғазы сұратар және көрімдік берер қуаныш көбейе берсін. Халқымыздың осы бір тәрбиелік маңызы зор жоралғысын жаңғыртайық, ағайын!

                                                                                                         Гүлзинаның хатынан,

Шығыс Қазақстан облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған