Б.Сапарбаев: Балалардың тойда өнер көрсетуіне қарсымын

Ақтөбеде енді көрініп келе жатқан жас талантты көзі шалған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев оның анасына балаға дұрыстап қарау керектігін жеткізді, деп хабарлайды «Тілші». «Балаңыз шамамен 13-15 жас шамасында шығар. Ер баланың дауысы өзгеретін кез. Сондықтан, мына өсіп келе жатқан ұлыңыздың дауысын күтіңіз», — деді Бердібек Сапарбаев талантты жасөспірімнің анасына қарап.

Облыс басшысы балаларды тойларға шығармау керектігін айтты. «Талантты балалар жер-жерде көрінеді, бірақ үлкен сахналарға шыға алмай қалады. Күтіну керек қой. Оның үстіне қазақта көз деген бар. Жалпы, мұндай балалардың тойға шығып, өнер көрсетуіне қарсымын», — деді Бердібек Сапарбаев. Мектеп жасындағы балалардың тойларда өнер көрсетуіне қарсылығын білдірген өнер қайраткері Орал Байсеңгір де болашағынан зор үміт күттіретін баланың кәсіби тұрғыда шыңдалғанын қалайтынын жасырмайды. Оның пайымынша, талантты балаға барлық жағдайды жасау керек. Ер баланың дауыс күтіміне қатысты әнші Светлана Айтбаева да өз ойын жеткізді.

«Баланы тойға шығарған дұрыс емес, әрине. Ең алдымен ол баланың ағзасына кері әсерін тигізеді. Түн ұйқысы дұрыс болмайды. Тойда шаршайды, кезегін күтеді, тоңады. Екіншіден, баланың психикасына кері әсер етеді. Тойдағы түрлі жағдайды көреді. Ішкен адамдар, төбелес, келіспеушіліктер. Одан бөлек, өнер көрсеткен балаға қонақтар ақша ұсынады. Кейбір балалар жерге тастаған ақшадан көз алмай қарап тұрады. Ән мен ақшаның аражігін айыра алмайтын жағдайға жетеді», — дейді Светлана Айтбаева. Әнші сонымен қатар ер балалардың дауысында мутация болатынын айтты. «Расымен де, баланы, әсіресе, өтпелі кезеңде тойларға шығаруға болмайды. Дауысқа салмақ түсірмеу керек. Мутация аяқталғанша күткен абзал. Димаш (Құдайберген — ред.) көпшілік алдына тек 15-16 жасында шыға бастады. Таныстарымыз «балаңыздың мынадай дауысы барын білмедік қой» деп таңданыстарын да жасырмай жатты», — дейді әнші Светлана Айтбаева.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған