Балаларымызды қыршынынан қиып жатқан 7 дерт

«Ауру жасарып барады» деп соңғы кездері жиі айтылуда. Бұл байбалам емес, шындық. Жағдай алаңдатарлық. Жалпы біздің елде 15 жасқа дейінгі балалар саны 5 миллионның ар жақ-бер жағы болса, соның 140 мыңнан астамы кемтар. Төрт қабырғаға қамалып, терезеге телмірген балалардың саны мұнымен тоқтамай ма деп қорқамыз. Өйткені мүмкіндігі шектеулі балалар саны жылдан-жылға артуда. Міне, ел болашағының сипаты осы. Егер осылай жалғаса берсе, аз ғана халқымыздың ертеңі не болмақ? Ең сорақысы, балалар арасындағы өлімжітім азаймай отыр. Жыл сайын 1000 адамға шаққанда 8,6 сәби шетінейді екен. Бұл еуропалық елдерден 2 есеге, Жапониядан бес есеге артық. Өткен жылдың бар-жоғы төрт айында 1 300 бала шетінеген. Ал бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім 1000 адамға 16,7ден келеді. Бұл көрсеткіш те еуропалық елдермен салыстырғанда бес есеге көп. Сондай-ақ, өткен жылы құзырлы орындар оқушыларды медициналық тексеруден өткізген болатын. Нәтижесінде әрбір төртінші баладан түрлі ауру анықталған. Демек, әрбір төртінші бала дәрігерлік көмекті қажет етеді. Оның өзінде бұл мектеп жасындағы балалар. Оған сәбилерді қосыңыз.

БІРІНШІ ІНДЕТ: ҚАТЕРЛІ ІСІК

rak2

Еліміздің дәрігерлері «балалар арасында әсіресе онкологиялық аурулар асқынып барады» деп шырылдайды. Қатерлі ісікті «жаман ауру» деп жатамыз, осындай індеттің жасарып бара жатқандығына қабырғаң қалай қайыспасын… Бүгінгі күні елімізде онкологиялық аурулар бойынша есепте 1300 бала тұрса, жыл сайын олардың қатары 600-700 науқасқа толығып отырады екен. Тағы бір айта кетерлігі, балалар арасындағы өлім-жітімнің ең көбі дәл осы онкологиялық аурулардың салдарынан. Иә, үкімет шама-шарқынша қаржы бөліп, жағдайды түзегісі келеді. Алайда оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салатын кез емес қазір. «Оның негізгі себебі — аурудың алдын алу шаралары дұрыс жолға қойылмаған» деп санайды кейбір мамандар. Дей тұрғанмен, егер мықтап қолға алса, кешенді күрес жүргізсе, жағдайда біршама түзеуге келеді екен. Мысал келтіре кетейік, АҚШ-та балалар арсындағы ретинобластомадан (қатерлі ісік ауруының бір түрі) 97-98 пайыз бала жазылып шықса, бізде бұл көрсеткіш небәрі 60-65 пайызды ғана құрап отыр. Ал лейкозға (бұл да онкологиялық аурудың бір түрі) қатысты айтсақ, жағдай тіптен мүшкіл. АҚШта лейкоздан 80 пайыз бала сауығып шықса, бізде көрсеткіш 40 пайызға әрең жетіп жығылады. Зерттеу амалдары көрсеткендей, қатерлі ісіктің асқынуына себеп болатын басты фактор дәрігерге кеш қаралу екен. Сондықтан да, мамандар ата-аналардан сөз болып отырған дерттің алғашқы белгілері балаңыздан байқалса, дереу ауруханаға жүгіруді сұрайды.

ЕКІНШІ ІНДЕТ: ҚАНТ ДИАБЕТІ

Екінші кезекте мамандар қант диабетіне шалдыққандарға қатысты мәліметке алаңдайды, яғни кәмелеттік %d1%81%d0%b0%d1%85%d0%b0%d1%80%d0%bd%d1%8b%d0%b9жасқа толмағандар үшін. Қант диабетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа ғасырдың алапат апатына теңеп отыр. Бұрындары негізінен ересек адамдарда кездесетін бұл ауру да жылдан-жылға жасарып барады. Бүгінгі күні есепте 600-ге жуық бала тұр. Күніне 40 балада қант диабетінің алғашқы белгілері анықталып жатады екен. Індет демей көр! Жалпы, осы ауру бойынша Қазақстан Орта Азия елдерінде көш бастап келеді. Мәселен, 30 млн. халқы бар Өзбекстанда есепте 120 мың адам тұрса, біздің 17 млн. адамның 270 мыңға жуығы қант диабетіне шалдыққан. Бүгінгі күні қант диабетінен зардап шегіп отырған балалардың ең жасы бесте ғана. Осы тұста айта кетейік, қант диабетімен ауыратындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде кездесетін қиындықтар жетерлік. Бұл түйткіл ел қалаулылары арасында да көтерілген. Нақтырақ айтсақ, 2014 жылы бюджеттен 5 миллиардтан астам теңге қарастырылса, ол өткен жылы 100 миллионға азайған. Құзырлы министрлік мұны елдегі экономикалық жағдайға байланыстырып отырған көрінеді. Негізі жылына бір науқасқа 650 АҚШ долларынан бөлінсе керек. Қазіргі бағаммен 217 мың теңге. Ал бұл ақша әрбір күні, әрбір сағаты дәріге тәуелді науқасқа жете ме? Әрине, жетпейді.

ҮШІНШІ ДЕРТ: ОРФАНДЫҚ АУРУЛАР

%d0%be%d1%80%d1%84%d0%b0%d0%bd

Бүгін елде бұрындары сирек кездесетін аурулар тізімі, яғни медициналық тілмен айтқанда, орфандық аурулар проблемасын әлемдік деңгейде көтеріп, дабыл қағып отырған елдердікінен кем емес. Орфандық ауруларға қарсы шаралардың Қазақстан Республикасының 2009 жылғы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне енгізілуі бұл проблемаға бейжай қарауға болмайтындығын аңғартса керек. Сирек ауруға шалдыққандардың жанайқайы жаныңды түршіктіреді. «Өн бойын түк басқан», «бала күнінде-ақ қартайған», «сүйектері үгітіліп кеткен»… Айта берсең, мутацияға ұшыраған балалар біздің елде де жетерлік. Қазақстанда орфандық аурулар атаулары тізімінде 1600-ден астам түрі бар. Ал тәуелсіз сарапшыларға сенсек, бұл көрсеткіш едәуір көп, яғни 5-6 мыңдай. Ресми деректерге жүгінсек, қазіргі кезде орфандық аурулар тізімінде Қазақстан бойынша 21 бала тұр. Сирек кездесетін аурулардың жыл өткен сайын жаңа бір түрлері тіркелуде. Дүниежүзі бойынша айтсақ, жылына орфандық аурудың шамамен жаңадан бес түрі пайда болады екен. Сол себепті де ем-домы беймәлім аурулардың алдын алуда бүгінгі күні әлем ғалымдарының өздері дәрменсіз. Оларды емдеудің жолын жылдар бойы іздеп, жаңа дәрі-дәрмек ойлап табамыз дегенше жаңа түрлері пайда болып жатады. Осы тұста айта кетейік, он мың адамның бесеуінде қандай ауру анықталса, сол сирек кездесетін аурулардың қара тізіміне енеді екен. Аутизм ауру да бұрындары бізде өте сирек кездесетін. Қазір «бәленшенің баласы аутист екен» десе, таң қалмайтын болдық. 2000 жылдардың бас шенінде елде 77 бала тіркеуге алынса, 2010 жылдары ол 326-ға бір-ақ секірген. Бүгін ол 2000-ға жуық. Аутизм — бала дамуындағы ауытқушылықтың аса ауыр түрі. Мұндай бала қоғаммен байланысын үзуге мәжбүр.

ТӨРТІНШІ ДЕРТ: ҚҰРТ АУРУЫ

%d3%a9%d0%ba%d0%bf%d0%b5-%d0%b0%d1%83%d1%80%d1%83

Туберкулезге қатысты жағдай да мәз емес. 1000 балаға 8,7 науқастан келеді. Медицина дамыды деп жатамыз. Олай болса елдегі туберкулезге шалдыққандар санын саусақпен санайтын жағдайға неге жеткізе алмай отырмыз? Құрт ауруы өткен жылы 500-ге жуық балада белгісін берген. Тіркелмегені қаншама?! Ешкімге жасырын емес, туберкулез иммунитеттің төмендеуінен пайда болатын ауру. Ал иммунитет құнарлы тамақ ішпегеннен нашарлайды. Демек, тойып тамақ ішпейтін балаларымыз жоқ емес.

БЕСІНШІ ДЕРТ: ЖҮРЕК СЫРҚАТЫ

%d0%b6%d2%af%d1%80%d0%b5%d0%ba

Біз балаларда жиі кездесетін аурулар тізімін жасап, оған қысқа-нұсқа тоқталып отырмыз. Бұл ретте жүрек қан-тамырлар ауруларын айтпай кету мүмкін емес. Жылына 3 мыңдай бала туабіткен жүрек сырқатымен туылса, мөлшермен айтсақ, оның 2 мыңына ота жасалып жатады. Құзырлы министрліктің мәліметін алға тартсақ, дүние есігін енді ашқан сәбилердің 80 пайызында әртүрлі жүрек аурулары байқалады екен. «Бұрындары инсульт негізінен ересек адамдарда ғана кездесуші еді. Қазір оның ең ауыр түрінен қаза болатындар арасында 15-16 жастағы жасөспірімдер де бар», — дейді №7 Алматы қалалық клиникалық аурухананың Инсульт бөлімінің меңгерушісі Мақсұт Ибрагимов. Буын ауруы да кең таралған. Бұл ауру — үлкен кеселге әкеп соқтыратын ревмотологиялық аурудың бірі. Буын ауруының негізгі себебі — шеміршек майының жойылуы. Медицина тілінде мұны «остеортроз» дейді. Дерт жылдан-жылға жасарып барады. Бұл жағдай тек отандық дəрігерлерді ғана емес, əлем мамандарының бастарын қатырып отыр. Бұрын бұл дерт 50-60 жастағы адамдарда ғана кездессе, бүгін 15 жастағы жеткіншектің де буыны сыздайды.

АЛТЫНШЫ ДЕРТ: СУИЦИД

Тағы бір түйінді түйткіл — жасөспірімдер арасындағы суицид. Бұл да эпидемияға айналып барады. Қазақстан балалар арасындағы суицидтен әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Оны барша жақсы біледі. Жылына шамамен 200-ге жуық баламыз өз-өзіне қол жұмсайды.

%d1%81%d1%83%d0%b8%d1%86%d0%b8%d0%b4

Суицидке жалғыз психолог немесе мұғалім ғана жауап бермейді. Бұл — қоғамның мәселесі. Бұл дерттің өту барысының өзін үш деңгейге бөлуге болады: жоғары, орта және төмен. Қазақстан қазір соның жоғары сатысында. Африкада суицид деген болмаған. Ал Нигерия елдері бұл туралы естімеген. Жалпы, дамыған Еуропа елдерінде мұндай жағдаймен қайтыс болғандарды «келеңсіз жағдайдан көз жұмды» деп жатады. Яғни бұл дерттің атын атамайды. Біз бұл дерттің ислам, медицина және тағы да басқа салалар бойынша себебін қарастырып жатырмыз. Бірақ оған ешкім «мынадай жағдайдан» деп диагноз қоя алмайды. Сондықтан онымен қоғам болып күресу қажет, — дейді қызылордалық ғалым Сәндігүл Дәрібаева.

Қосыламыз. Суицидтің негізгі себебі — баланың жүйке жүйесінің бұзылғандығы. Былайша айтқанда, балалардың көбі психо-неврологиялық тұрғыдан алғанда сау емес. Неге көбі? Оған дәлеліміз бар. Ғалымдар зерттеп шыққандай, әрбір төртінші баланың психикасы дұрыс емес екен.

ЖЕТІНШІ ДЕРТ: НАШАҚОРЛЫҚ ПЕН ІШІМДІК ІШУ

problems-of-our-time-1

Нашақорлық және шылым мен ішімдікке әуестік те ұрпағымызды улап барады. Бүгінгі күні есепте тұрған нашақор жасөспірімнің саны 1500-ның төңірегінде. Оның ең жасы жеті жаста. Қазақстан Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Орталығының деректері бойынша Қазақстанда 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 30 пайызы шылым шексе, оның басым бөлігі қыздар. Біреу білер, біреу білмес, темекінің құрамында бестен астам улы заттар бар екен. Оның ішіндегі жүйке жүйесін құртатын никотин мен дегтео тәрізді заттар (фильтрлерде көрінетін) денсаулыққа аса қауіпті. Егер адам 15 жасында шылым шеге бастаса, онда қатерлі ісікпен ауыру қаупі 15 есе, 25 жаста 3 есе артады деген сөз. Ал адамның өмірін 1012 жылға қысқартатынын көпшілік жақсы біледі. Енді жас маскүнемдерге келсек, бүгінгі есепте 600-ге жуық бала тұр. Аз емес, әрине. Ескерте кететін жайт, бұл — мәліметтер ресми. Негізі ресми статистикаға кез келген деректің әрі кетсе 20 пайызы ғана алынатынын ұмытпайық. Демек, көзден таса жүрген нашақор мен маскүнем жасөспірімдердің саны едәуір.

ТҮЙІН: Балаларға арнайы бағдарлама қажет Мақала бойы сөз болған күрделі мәселелердің себебі әртүрлі. Оған жекедара тоқталып жатпадық. Бірақ  оның алдын алу қажеттігіне айрықша тоқталсақ дейміз. Өйткені дені сау ұрпақ — ұлт байлығы. Біздің ойымызша, ұлт денсаулығын жақсартуға негізделген арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Иә, денсаулық сақтау саласын дамытудың бірнеше бағдарламасы бар. Алайда тек балалардың денсаулығын қорғауды көздейтін өздерінің ғана төл бағдарламасы жоқ. Тығырықтан шығудың бір амалы осы болса керек. 

Ләззат БИЛАН

One thought on “Балаларымызды қыршынынан қиып жатқан 7 дерт

  • 30.01.2017 at 18:57
    Permalink

    Жаксы макала. Ойланатын дуние. Сумдык кой мынау.

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған