Баланың кітапқа деген қызығушылығын оятудың 6 амалы

Көптеген ата-аналардың бала тәрбиесіндегі басты сұрақтарының бірі – «Балалардың оқуға қызығушылығын қалай арттыруға болады. Әсіресе, смартфон мен планшетті қолдарынан тастамай ойнайтын бүгінгі балалардың оқуға қызығушылықтары еш оянбайтындай көрінеді. Мұндайда не істеуге болады?

Балалардың оқуға қызығушылығын арттырудың 6 жолы

  1. Баланың кітап оқығысы келмей тұрса, оны күштеп оқытуға болмайды. Бұдан бала кітапты жек көріп кетеді. Оның орнына кешке ұйықтар алдында қызықты кітаптың (ертегінің) бір абзацын, мүмкін болса, ондағы басты кейіпкердің сөзін немесе оған берілген мінездемені дауыстап оқуын өтініңіз. Оқып болған соң балаңызды мақтап қоюды ұмытпаңыз. Әдетте, балалардың ойында әр күннің соңғы оқиғалары жақсы сақталады. Ұйықтар алдында олардың көпшілігі дәл сол оқиғалар жайында ойланып жатады. Егер балаңызға оқыған ертегісі ұнаса, оның басты кейіпкерін өзім деп елестетіп, оқиғаның жалғасын білуге қызығушылығы артады.
  2. Оқуға қызығушылықты арттырудың тағы бір жолы мынандай. Балаңызды жаныңызға отырғызып, дауыстап кітап оқуды бастаңыз. Ең қызық жеріне келгенде оны жалғастырудан бас тартыңыз. Үйдегілермен алдын-ала келісіп, ешкімнің жалғастырып оқып бермеуін өтініңіз. Алайда, баланы жалғыз қалдырып, кетіп қалудың қажеті жоқ. Мұндайда анасына өкпелеген бала кітапты лақтырып тастап, басқа істерімен кетіп қалуы да мүмкін. Сондықтан жанында болыңыз. Оқиғаның аяғы немен бітетіні сізге де қызық екенін айтып, кезекпен оқуға келістіріңіз.
  3. Балаңызға оқып берген кітап кейіпкерлерінің сөздерін үнемі тұрмыста қолдана жүріңіз және балаңыздың да сізге солай жауап қатуын қадағалаңыз. Ертегі кейіпкерлеріше түрлі эмоциямен сөйлеп, дауыс ырғағына мән беріңіз, тіпті қозғалысыңызды да соларша икемдеңіз. Бұл балаңыз үшін қызық болады. Осылайша оның ертегі кейіпкерлеріне, кітапқа деген қызығушылығы артады.
  4. Егер балаңыз кітап оқудан бас тартып жатса, оған кітапты өзінің жазуын өтініңіз. Қолына дәптер мен қалам беріп, өз оқиғасын, өз қызықтарын жазуды ұсыныңыз. Әр ертегінің қиял-ғажайыпқа толы оқиғалары, бақытты соңы болатыны жайында айтыңыз. Ол оқиғаларды балаңыздың өзі ойлап табуына болатынын айтып қызықтырыңыз. Ал, өзіңіз сол ертегінің кейіпкерлерін бейнелеуге көмектесіңіз. Дәптеріне олардың түр-келбетін салып беріп, балаңызға боятыңыз.
  5. Балаңызға кітап таңдағанда оның неге қызығатынын ескеріңіз. Мүмкін, ол ертегі тыңдағанды ұнатар немесе жан-жануарлар әлеміне қызығар. Осыларды ескере отырып, бояуы қанық, суреттері «сөйлейтін» кітаптар таңдаңыз. Баланың ең алдымен суреттерге мән беретінін ұмытпаңыз. Олар бірінші кезекте кітаптың суреттерін қарап, парақтап шығады.
  6. Балалардың, әдетте, сұрақтары бітпейді. «Анау не?», «Күн неге сары?», «Тауық неге қытқылдайды?», т.б деген аяғы жоқ сансыз сұрақтың жауабын кітаптан іздеуді әдетке айналдырыңыз. Кітап – білімнің негізі екенін осылай оның миына сіңіре аласыз. Сонда балаңыз да кітаптан артық білім, кітаптан артық дос жоқ екенін түсінеді.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған