Баланы “құлдықтан” кім құтқарады? немесе мұғалім баланың “ғаламтор құлына” айналмауы үшін не істеуі керек?

Жеткіншектерге терең білім беру, оларды Отансүйгіштікке тәрбиелеу, елін, тарихын білуге ұмтылдыру, санасына адамгершілік құндылықтар дәнін егіп, оқуға құштарлығын арттыру-мұғалімнің төл міндеті. Мамандығы мұғалімнен күнделікті білімін жетілдіріп отыруды, яғни үнемі оқу, іздщенуді талап етеді. Заманның қарыштай дамуы, қоғамның барлық салаларында жаңа технологиялардың құлаш жаюы мұғалімге де рухани дамуды жүктейді. Оқулықтағы дайын тақырыпты әңгімелеп берумен іс бітпейді. Жаңа технологияларды тиімді қолдана отырып, сыни ойлау мен зерттеушілік дағдыны дамыту аса қажет. «Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес» дейді данагөйлер. Біз «мұғалімге жеті түрлі артықшылық аздық етеді» десек еш ағаттығы жоқ деп білемін.
Ең әуелі мұғалім өз пәнін терең меңгерген кемел ой иесі болуы шарт. Сондай-ақ, жаңа тақырыпты балаға ұғындырып, санасына орнықтыру үшін заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, сабағына оқушылардың қызығушылығын орттыра білуі маңызды.
Қалта телефонына төніп отыратын бүгінгі оқушыны сабаққа қызықтыру да оңай шаруа емес. Сондықтан ұстаз баланы сабағына мойын бұрғызудың жолдарын таппайынша ісі ілгері баспайтыны анық. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады». Бала көкірегіндегі сыр-сандықтың кілті шебер ұстаздың қолында.
Мұғалімнің әдебиет пен өнер туындылары туралы, соларды жасаған авторлар туралы мол мағлұматы болса, нұр үстіне нұр болар еді. Оқушылардың шаршағаны, жалыққаны байқалса, пәнаралық байланысты қолданып кенеттен сұрақ қою арқылы шашыраған зейіндерін жинап алуға неге болмасын. Мысалға, АҚШ ақшасы — доллардың бетіндегі бейне кімдікі? Немесе: «Үйінде жарық жоқ болғандықтан, көше фонарларының жарығымен сабаққа дайындалатын оқушы кім еді?» — деген сияқты сұрақтар оқушының сезімін селт еткізетін, көзін шырадай ашатын танымдық деңгейде болғаны жөн. Мұғалім үшін аса керек, өте мәнді нәрсенің бірі — тіл байлығы, шешен сөйлей білуі. Ата-бабамыздан мирас болып қалған құндылықтардың бірі-шешендік. Бала түсінігіне ауыр соғатын небір күрделі құбылыстар туралы баянды оқушының жас ерекшелігіне лайықтап майын тамыза шебер тілмен ұзынықты түсіндіру барысында мұғалім биік белестен асқандай сезінетіні рас. Кезінде орыс зерттеушілері таныған тіліміздің байлығын, құнарлығын бойымызға дарыта білу үлкен жетістік. Бұл да көркем әдебиетті көп оқудың нәтижесі. Орыс тюркологы, миссионер П.М. Мелиоранский: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақтар-шешен әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Қазақтардың халық ауыз әдебиеті аса бай әрі жан-жақты» — десе С.Е.Малов: «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты», — дейді.
Бұрынырақта орта мектепте математикадан сабақ берген бір мұғалім есіме түсіп отыр. Ғылымдар падишасы атанған математиканы жетік білетін білікті ұстаз. Бірақ оқушыларға түсіндіргенде тілінің жұтаңдығынан ойын дәл, анық жеткізе алмай айтатын сөзін ұмытып қалып быдықтап тұрып қалатын. Ұмытқан сөзін оқушылар аузына салып жіберетін. Оның ежіктеген сөздері бала жүйкесіне тиіп, тыңдаудан қалатын. Тіл жұтаңдығы да мүгедектіктің бір түрі ме деп қаласың сондайда.
«Мұғалім тек өз пәнінен сабақ беріп қана қоймауы керек, сонымен қатар, тәрбиеші және адал, әділетті, шыншыл адам болуға тиісті», — деп ұлы педагогтардың бірі айтқандай мұғалім педагогика, психология ғылымдарымен қаруланған болса психологиясын және жеткіншектерді тәрбиелеу жолдарын жетік білетін ұстаз — тәрбиеші. Бала жанын түсінетін, оның жүрегіне жол табатын бірден-бір білгір маман. Тәрбиешілік — мұғалімнің тағы бір қыры.
Мұғалім бойында байқампаздық, сергектік, сезімталдық, зеректік, қырағылық секілді ерен қасеиеттер табылып жатса құба-құп. Бала көзіне қарап көңіліндегі ойын оқу, бір қарағанда-ақ оның қандай күйде (көңілді, көңілсіз, бір нәрсеге алаңдаулы т.б.) екенін біле қоятын көрегендік ұстаз — тәрбиешіге тән сипат.
Мұғалім беделі жайында айтар болсақ, бедел өзінен-өзі келмейтіні түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, бедел мұғалімнің ұзақ жылдар бойғы жанкешті еңбегінің жемісі. Мектеп қабырғасында тиіп-қашып оқыған оқушы жоғары мектептің ақылы бөліміне түсіп, мұғалім болады. Бірақ ол оқушының көсегесін көгертпейтінін өмір тәжірибесінен көрген жайымыз бар. «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп табуға көмектеседі», — дейді А.Дистерверг. Мектепте нашар оқыған оқушы мұғалім боп жаратпайды дегенді айтпақпыз. Фундаменті дұрыс қаланбаған үй ұзаққа шыдамасы анық.
Мұғалім беделі дегеннен шығады. Бәлембай жыл физикадан сабақ беріп келген, комиссияның шығаруға берген есебін шығара алмай 11-сыныпта үздік оқитын оқушыға шығартқан. Осындай мұғалімде қандай бедел болсын.
Мұғалім класста орындыққа жабысып отырып алмай, тік тұрып бүкіл аудиторияны назарда ұстауы — ісін ілгері бастырары анық. Терең білімімен, шешен тілімен, жан-жақтылығымен қарым-қатынас жасап, класты үйіріп алуы керек-ақ.
Басылымдардың бірінен оқығаным бар (қайсысы екені есімде жоқ). Тексеру барысында мектептерде әдебиеттен сабақ берген мұғалімдердің басым көпшілігі «Абай жолы» роман-эпопеясын оқымағаны анықталған. Әлемге әйгілі көркем шығарманың інжу-маржаны, ұлтымыздың бір ғасырға жуық тарихын, қоғамдық-әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін індете суреттеген «Абай жолын» оқымаған мұғалім туынды кейіпкерлеріне қалай талдау жасамақ?
Төменде ұстаз жайлы Әл-Фарабидің сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. «Ұстаз … алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да жат адамдарына да әділ, жұрттың барлығына жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Қорыта келгенде, егер мұғалім табандылық танытып, өз бетімен көп еңбектенсе, өз пәнін жақсы біліп, оқытудың әдістемесін меңгерсе, бала психологиясын жете біліп, оны соңынан ертіп, сөзіне ұйыта алса, оқушылардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіре алатын болса, шеберлікке қол жеткізетіні сөзсіз. Шебер ұстаз — беделді ұстаз.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған