Бала тәрбиесін түзейтін 10 баспалдақ

«Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» дейді халық даналығы. Әрине, барлығымыз да балаларымыздың әдепті болғанын, үлгілі жүргенін қалаймыз. Сол үшін де үнемі тәртібін қадағалап, тәрбиелеп отыруға әрекет етеміз. Бірақ біздің бұл бағытта әрекеттеріміздің көбісі «кінәліні» жазалаудан ары аспай жатады. Жөнсіз қылығын байқай қалсақ, бас салып ұрысып немесе сотқарлығына сай «сыйлық» беріп жатамыз. Бірақ, баланы «таяқпен» тәрбиелеу – оның болмысының қалыптасуына кері әсері бары тағы анық. Осы орайда, біз көп ескере бермейтін жеңіл тәрбие әдістері бар. Бұл әдістер де жағдайына қарай түрлі боп келеді.
Бұл әдістерді іске асырып, әсері байқалуы үшін біраз уақытымызды алары анық. Сондықтан да сабырлық аса қажет. Және бастапқыда ата-аналардың әдіс сәтсіз болғандай күйде боларын ескертеміз. Дегенмен, уақыт өте келе әдіс өз нәтижесін береді. Олар:

1.Бала жасына қарай әдептілік пен тәрбие жайлы қисса-ертегілерді көп айту. Бала естіген кейіпкеріне тікелей еліктей бастайды;
2.Басқалардың көзінде баланы жазғырмау, оның болмысына тіл тигізбеу;
3.Балаға бір істі қате істеген сәтте бағыт-бағдар беру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балам! Бисмиллаһ деп, оң қолыңмен және алдыңнан тамақтан[1]»,-деп апыл-ғұпыл табақтың әр бұрышына оңды-солды қолын салып отырған балаға әдеп үйреткен. Мұндай әдісті әкелі-балалы болып бірге тамақтану, серуендеу кезінде қолдануға болады.
4.Ата-ана тарапынан баласына көңіл бөлудегі өзіндік мөлшері болғаны дұрыс. Мейірімділік, сүйіспеншілік, әңгімелесу сияқты қарым-қатынастардың қажетті дәрежеден артық болуы да бала тәрбиесіне оң нәтиже бере қоймайды. Сондай-ақ, ата-ана мейірімі мен сүйсіпеншілігінің жеткіліксіз болуы да бала болмысының бұзылуына алып келеді. Ондай жағдайда бала өзінің жөнсіз қылықтарымен, бұзақылығымен өзіне назар аудартуға әрекет етеді.
5.Баланың кейбір еркеліктерін байқамаған сыңай таныту. Мәселен, жөнсіз бір еркелігін орындату үшін балалардың көбісі көз жасын көмекке шақырады. Мұндайда байқамағандай болып, басқа іспен айналыса кеткен дұрыс. Бала аздап дауысын көтере жылап, ақыры өзінің дұрыс емес екенін біліп, жылауын доғарады.
6.Баланың дұрыс емес әрекеті төңірегінде әке-балалы боп сөйлесу. Бала өз дәйектерін айтқанда, үндемей оның да өз ойына әке ретінде құлақ салу. Әңгімелесу барысында оның сөзіне құрметпен қарау. Алайда, кейде бала әңгімеге көнбей байбалам салуы мүмкін. Мұндай жағдайда, әңгімені ары қарай өрбітпей тоқтатқан дұрыс.
7.Мәселенің түбірінен жою. Балаға кері әсері бар жаман әдеттерден баланы алшақ ұстаған жөн. Мәселен, көрші балаларының жаман әдеттерінің әсері байқалса, олармен баланы ойнатпаған абзал. Бұл баланы жазалау емес, тек мәселені тамырынан қиып тастау.
8.Балаға әдепті сөздерді үйрету. Ең оңай жолы бала ретсіз бір нәрсе сұрап тұрса, анасы: «Мүмкін бе, алсам рұқсат па, рахмет деп айта қой» деп үйрете жүру әдептілікке тәрбиелейді.
9.Жұлдызша тақтасы. Баланы жақсы әдеттерге бойын үйретуге талпындыратын әдіс. Әр күн немесе апта соңында тақтаға баланың жетістігін көрсету үшін жұлдызша тағып, апта соңында сол үшін бір сыйлық беріп тұру. Сыйлық, қымбат зат болуы шарт емес. Ең бастысы, бала өз «еңбегінің» нәтижесін көреді
10.Соңғы нүкте. Баланың кезекті әдепсіздігін айту – мәселенің соңы емес. Мұны естіген бала өзін айыпты санап тұрады. Сондықтан, әңгіме соңында балаға өзінің жөнсіз әрекеті үшін кешірім сұрауға үйретіңіз. Ең соңында ешнәрсеге қарамай сіз оны жақсы көретініңізді білдіріп, құшағыңызға алыңыз.
Балаңыз тәрбиелі болсын!

[1] Бұхари
Мұхаммед Ибраһим
muslim.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған