Балдақты әкенің тағдыры

Менің әкем балдақпен жүреді. Әкем — балдақты адам. Мен оған еш намыстанбаймын. Бір-бірімізді жетектеп жүріп, өмір қиыншылықтарын бірге жеңіп келеміз. Әкемнің қалай балдақ ұстауға мәжбүр болып қалғанын білмеймін. Оның айтуы бойынша, мен әжемнің қолында өсіппін. Бірінші сыныпқа барғанда, анаммен мектепке келдім. Әкем біздің қасымызда ұзақ жыл болмады. Көбіне әжемнің қолында тәрбиеленгендіктен, ата-анаммен ісім болмайтын. Өйткені мен тәрбиеленген үйде маған қажетті нәрсенің барлығы бар еді.

Содан, бір күні әжем маған:

— Әке-шешеңе барамыз, — деп, қала маңындағы бір ауылға келдік. Ол кісі өте мықты болатын. Балаларына еш салмақ салмайтын. «Волга» көлігін айдап жүре беретін. Сонымен, келсек, әкем бізді есік алдында балдақпен тұрып қарсы алды. Мен ешнәрсе түсінбедім. Үйге кірсек, тіпті дастарқан жасалмапты. Ұзақ жол жүріп келген менің көзім бірден жейтін нәрсе іздеді. Анам әбден жылаған, көзі қызарып тұр. Әжеме көп нәрселерді айтты.

— Келін, мына балаға жаның ашымаса, екеуін де алып кетемін. Балама зорлап сені ешкім қоспады. Күйеуің ақша тауып, дүрілдеген кезде, жер-көкке сыйғызбап едің. Мүгедек болғанда, саған салмағы түсті ме? — деп біраз сөйледі. Мені ойнап кел деді де, өздері сөйлесті. Мен далада мұңайып отырмын. Анамның мүгедек азаматпен бір шаңырақтың астында тұра алмаймын, ажырасамын дегенін естідім. Әкем тіс жармады. Бір кезде бәрі далаға шықты. Жүгіріп қастарына келдім. Әкем:

— Сен шешеңмен қаласың ба, әлде бізбен кетесің бе? — деді. Мен жыларман болып, әжеме тығылдым. Өйткені анамның жанында тіпті болған емеспін. Анам дегенім болмаса, маған жат адам секілді.

— Жаныңның барында айт, — деп, әкем зекіп жіберді. Анам: «Сендер балаға жаман үйре-тіп жатырсыңдар. Бала менікі», — деп, маған тура жүгірді. Әжем білегінен ұстады да:

— Қызым, бала сенікі, сәл есіңді жи. Жағдайыңды жөнде. Содан кейін алып кетесің, — деді.

Үйдегі әкемнің заттарын салып алып, ауылға келдік. Әжемнің үйіне келген соң, көрші-қолаңдар кіріп-шығып жатты. Әжемнен сұрап едім, «әкеңмен сәлемдесіп жатыр» деп жауап берді. Бар білетінім — сабақ, одан қалды компьютер. Мен әкемнен ешнәрсе сұрамаймын, ол да ашылып ешнәрсе демей жүріп жаттық.

Әжем: «Мына жуатай мектепті бітіріп, оқуға түссе қиналады», — деп, үйді, мал-мүлкін сатып, қалаға көштік. Пәтер сатып алмады. Жекеменшік үй алып, жанынан дүкен ашты. Бір бөлмені «Аяқ киім жөндеу» дүңгіршегіне айналдырды. Әжем сатушы, өзі тасушы. Әкем етікші. Біраз уақыт шаруасын дөңгелеткен соң, монша, асхана ашты. Ауылдағы жұмыссыз бала-шағасын, немерелерін әкеліп, жұмысқа салып қойды. Жері кең үй екен, созыла беретін сияқты. Әкем екеуіміз ұзақ сырласамыз. «Тағдырым» деп арақ ішіп кетпеген. Темекі де тартпайды. Әжемнен оның жағдайын суыртпақтап сұрасам, «тағдырдың маңдайына жазғаны» дегеннен аспайды.

Уақыт деген — зымыран. Анам болса, сол күйі бізге жоламады. Әжемнің жанында жүргендіктен, мен соншалықты анамды іздемедім. Мектепті жақсы бітірдім. Жоғары оқу орнына да қиындықсыз түстім. Әкем оны туыстарына «жуып» берді. Анамды шақырттық. Бірақ міз бақпады. Оқу басталар алдында маған: «Менің көзімнің тірісінде үйлен. Мен олай-былай болып кетсем, далада қаласың. Әкеңе қарайлап жүріп қалсаң, жағдайларың қиын болады», — деді. Алла әжемнің тілеуін берді ме? Үйленетін болып, шештім. Қызымды үйге таныстыруға әкелер шақта: «Менің әкем мүгедек. Балдақпен жүреді», — деп қойып қалдым. Қызым да ойланбастан: «Несі бар? Екеулеп күтеміз», — деді.

«Мойнымнан бір ауыр жүк түсті» деген нақылдың мәнін енді түсіндім. Міне, содан бері тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Әжем бақилық болған. Бүгінде көп балалы әкемін. Әлеуметтік жағынан жалғыз екенімді сезбегеніммен, туыстық жағына келгенде қатты жалғызсыраған кездерім болды.

Басымнан кешкен өмірім-ді өсиет етіп айтатындай жағдайды көрген соң, жастар-ға өнеге болсын деген ниетпен қолыма қалам алған едім. Жақында балдақты жанды көрдім. Күтімі болмағандық-тан, алақан жайып, садақа сұрап жүр. Ішімнен: «Мына азаматтың да жанұясы болды ғой. Балдақтысың, көп ақша таппайсың», — деп, әйелі, бала-шағасы далаға лақтырып жіберген ғой. Әжемнің ақылдылығы болмаса, кім біледі? Әкем түгіл мен қаңғып қалатын едім. Біздің тұрмысымызды түсініп, балдақты әкемді өз әкесіндей алақанға салып күтіп келе жатқан әйелімді мақтарға сөзім жетпейді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған