Балпықтағы бағытты бағдарламалар

Өткен жылы Елбасы Қазақстанды дамытудың орасан зор әлеуетін ашатын жаңа бағдарлама — «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын  жариялады.

Жоспар аясында айтарлықтай дамыған әлем елдеріндегі мемлекеттік басқарудың заманауи құралдары мен стандарттары енгізілетін болады. Бұл — қоғамдық қатынастар жүйесін толығымен жаңартатын реформа және «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясатты және индустриялды-инновациялық бағдарламасын жүзеге асырумен байланысты.

Ауылдық округтер орталықтарын дамыту жөніндегі  Алматы  облыстық іс-шаралар жоспары және даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерді дамытудың аудандық жоспарлары жүзеге асырылмақшы. Осылайша, облыстың барлық елді мекендері өздерінің 2020 жылға дейінгі даму жоспарларына ие болады.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында жүргізілетін құрылымдық реформалар, дербес бюджетті беру ауылдық округтер әкімдеріне аталған бағдарламалық құжаттардың тиімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Біз  осыған орай Алматы облысының  Көксу ауданы Балпық  ауылдық  округінің   бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық.

Округ әкімі — Әлия  Қалиева

Балпық би ауылдық округіне қарасты 3 елді мекен бар. Балпық би ауылы, Ақшатоған  және  Теректі ауылдары. Егер Көксу ауданындағы тұрғылықты  халықтың саны 42 мың болса, оның 15 мыңнан астамы  осы округ аумағына қоныстанған. Күнкөріс  өмір сүру қарекетіне көшкен халық  өздеріне  жайлы мекенді таңдап алатыны белгілі ғой.  Талдықорған қаласынан небәрі 19 шақырым жерде орналасқан, қонысқа жайлы  округте  тұрғындарға барлық жағдай жасалу үстінде.

Міне, он жылдан бері осы округтің әкімі қызметін Әлия Әбуқызы Қалиева атқарып келеді.  Жалпақ тілмен айтсақ, округтің отымен кіріп, күлімен шығатын лауазым иесі. Бұл жауапты жұмыстың қыр-сырын жақсы білетін Әлия Әбуқызы   өзіне қарасты округтегі әрбір отбасының  қам-қарекетіне жете назар аударуды  дағдыға айналдырған  десек, артық айтқандық емес.  Тұрғындардың арыз-шағымдарын, өтініштерін, сұраныстарын дер кезінде қарап,  қол ұшын беріп отырады. Бұл округтің де күнбе-күн кездесіп отыратын күрделі мәселелерін шешу де оңай шаруа емес екені белгілі. Сонымен қатар,  Әлия Әбуқызы  жаңа талап тұрғысында   негізгі жұмысына қосылған жауапкершілікті түсініп, өзінің міндетін мінсіз атқаруға  бар күш-жігерін жұмсап жүрген лауазым иесі.

 «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-98 қадамдардың талаптарын орындау үшін жергілікті  органдардың дербес бюджетін  қалыптастыру маңызды жұмыс екені белгілі. Осыған байланысты округ аумағында  өнеркәсіпті,  шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, салық  жинау көлемін  арттыру  салалары  бойынша  жүйелі  жұмыстар атқарылуда. Әрине,  осындай жауапты жұмыстарды атқаруда Көксу ауданы әкімдігінің тікелей ықпалы мен көмегі ұшан-теңіз екені белгілі.

Инвестиция — даму  кепілі

Округ аумағында өткен мерзім ішінде  бірталай игілікті істер жүзеге асырылған.  Өнеркәсіп өндірісін арттыру мақсатында «Корпорация Прогресс» ЖШС жалпы инвестициялық құны 50,0 млн. теңгені құрайтын зауытын 25 жаңа жұмыс орындарымен іске қосты. Зауыттың өндірістік қуаттылығы сағатына 130 тонна асфальт шығара алады. Қазіргі кезде округ аумағында  тері илейтін зауыттың  құрылысына 200 млн. теңге тартылып, 25 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжамдалып отыр. Жуырда жеке кәсіпкер «Кулиева» «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы   бойынша  3,0 млн. теңге  несие алып,  15 жаңа жұмыс орнымен  шағын наубайхана ашты.

«Олимп Көксу» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспаларын және газоблок шығаратын кешенінің құрылысын аяқтап, ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосты. Кешеннің жалпы инвестициялық құны 50,0 млн. теңгені құрайды және 20 жаңа жұмыс орындарын қамтиды. Өндірістік қуаттылығы жылына 6000 мың тонна құрылыс материалдарын шығара алады.

 Сондай-ақ, «AS-Biba» ЖШС инвестициялық құны 25,0 млн. теңгені құрайтын темір-бетон бұйымдарын шығаратын цехын 25 жаңа жұмыс орнымен  іске қосты. Цех жылына 5,0 мың тонна темір-бетон бұйымдарын шығарады. Екінші бір күрделі жұмыс  бір кезде  өндірісін тоқтатқан «Көксу қант зауыты» ЖШС қант зауытын 308,0 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп,  облыс әкімі А.Баталовтың  тікелей көмегімен  іске қосты. Зауыт есепті кезеңде 1,5 млрд. теңгеге 10 мың тонна өнім шығарды. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісі  көлемі 2 есеге артқан.

Шағын кәсіпкерлік  — күнкөріс көзі

Балпық би ауылдық округі бойынша дүкендер саны — 109, мейрамхана — 3, кафе және асхана — 25, тұшпара цехы — 2, шұжых цехы — 2, диірмен — 6, кеспе өндіру цехы — 2, ТЖО — 11, дөңгелек жөндеу — 1. Округ бойынша барлығы 597 жеке кәсіпкер өзінің жеке ісімен айналысады. Осындай біршама  тұрғындарға қызмет көрсету орындарының жұмысын қадағалап, дер кезінде салық төленуін және де басқалай мәселелерін шешу де округке жүктелген.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін  «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша   жеке кәсіпкер Отарбай Мейрамбек түйе шаруашылығын дамыту үшін 7,0 млн. теңге несие және жеке кәсіпкер Тыныбек Нұражы полиэтилен цехын ашу үшін 20,0 млн. теңге несиеге ие болды.

«Жеті Нар» ЖШС несиелік серіктестігі арқылы 18 жеке шаруа қожалықтарына 75 млн. теңге несие  берілді.

Шағын және орта бизнесті дамыту  жұмыспен қамту мәселелерін шешіп қана қоймай, бюджетке салықтардың түсуін қамтамасыз етуде. Бұл  жергілікті атқарушы органның дербес бюджетін қалыптастыруға  оң әсерін тигізетіні анық.

Халықтың тіршілігі — мал мен жер

Балпық би ауылдық округінде 207 шаруа қожалығы бар. Барлық   жер  көлемі 19416,39 гектар, оның ішінде: 17776,36 гектар жер ауылшаруашылық  мақсатында пайдаланатын  жерлер. Егістік — 3459,75 гектар,  оның ішінде   суармалы    жер — 2867,05 гектар. Шаруа қожалықтары негізінен  дәнді дақылдар, майлы дақылдар, көкөніс, бақша және қант қызылшасын өсірумен айналысады.

2015 жылы округ бойынша 101 гектар  қант қызылшасы егілсе, 2016 жылы  172 гектар  тәтті түбір өсіріліп, бапталуда. 60 га қант қызылшасын «Алим-Таяр» ШҚ, 53 га «Қайрат» ШҚ, 18 га «Насыр»  ірі  шаруа қожалықтары ексе, қалған 41 гектары кішігірім  шаруа қожалықтары еншісінде. 2016 жылы егілген қызылша алқабының әр гектарынан  350-400 центнерден  тәтті түбір алынады деп болжануда.

— Қант қызылшасын  өсіру  өте тиімді болып тұр. Биылғы жылы әр гектардан ең кем  дегенде 400 центнерден  өнім аламыз, — дейді «Алим-Таяр» шаруа қожалығының жетекшісі Тахир Зейналов жасыл желекті алқабын аралатып көрсетіп жүріп.

 Биылғы жылдың  өзінде  Балпық би ауылдық округі бойынша 3758 гектарға егілген өнім үшін шаруа қожалықтары  мемлекет тарапынан 21 млн. теңгеден  астам  субсидия алған. Бұл, әрине,  егістікпен айналысатын шаруалар үшін үлкен  көмек екені белгілі.

Округ бойынша мүйізді ірі қара малдың саны 4856 басқа жеткен. 2015 жылы «Сыбаға»  бағдарламасы бойынша «Азамат» шаруа қожалығы Нартекенов Казкен 8 млн. теңге көлемінде несие алған. Ал  «Қайрат» шаруа қожалығы Қайыспаев Қайрат 49 млн. теңге көлемінде несиеге ие болған. Сондай-ақ,  Жайлаубеков Шарипхан «Береке» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасына құжаттарын толығымен жинақтап, несие алуға оң шешімін алды.

Дербес бюджет салықтан құралады

Дербес бюджетке ауысу үш кезеңмен жүргізілетін болды. Бірінші кезеңде 2016-2017 жылдары ауылдық округтердің салықтық әлеуеттерін күшейту, кадрларды, әдістемелік базаны дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Екінші кезеңде 2018 жылдан бастап, әкімшілік-аумақтық құрылымды оңтайландыру және халық саны екі мың адамнан астам округтерде дербес бюджетті енгізу басталады.  Яғни мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі пайда болады.

2020 жылдан бастап бұл үшінші кезең — жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдарын құру және барлық жерлерде дербес бюджетті енгізу көзделуде. Осы талаптарды орындау мақсатымен  2015 жылы Балпық би ауылдық округінің жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастығы құрылған. Балпық би ауылдық округі әкімінің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруға бағытталған ақшаның түсімдері мен шығыстарының жоспары бекітіліп, жергілікті қоғамдастық жиынында ашық дауыс беру арқылы төрайымы болып округ әкімі Әлия  Қалиева мен  халық санына сәйкес 42 адам комиссия мүшесіне сайланды. Яғни кез келген қаржыны жұмсау  тек қана қоғамдастықтың рұқсатымен беріледі. Мысалы, өткен 2015 жылы қоғамдастықтың  шешімімен  84 000 мың теңгеге 15 түп қарағай ағаштары алынып, аудандық мәдениет үйінің алдына отырғызылды.

Ал биылғы жылға  қарастырылған 28 млн. теңгеден астам қаражат та  осы қоғамдастықтың ұйғарымымен  әртүрлі салаларға бөлінбекші. Оның ішінде балаларды мектепке тасымалдау, мәдени-демалыс жұмыстары, ағаштар отырғызу, жарық жүйелерін жүргізу  т.б.  мәселелерге қаржы жұмсау көзделіп отыр.

— Біз округ аумағындағы күрделі мәселелерді шешу үшін жоғары жақтан қаржы сұрап  жүретінбіз, енді   қауымдастық арқылы қажет салаға қаржы бөлу оңтайландырылды. Бір сөзбен айтқанда,  округтің кейбір мәселелерін шешу мүмкіншілігі туды, бұл  бізге көп жеңілдік, — дейді округ әкімі Әлия Қалиева.

Жалпы, 2015 жылдың жылдық салық түсімі  жоспар   бойынша  мүлік салығы 451 918 мың теңге, жер салығы 903 мың теңгені құраған. Барлығы 1 млн. 355 мың теңге болған. Соның ішінде жер салығы мен мүлік салығының орындалуы толығымен жиналып, 100 пайызға орындалған. 2016 жылға мүлік салығы 866 мың болса, жер салығы 1 млн. теңгеден асып, барлығы 1964000 теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін салықты жинау 100 пайызға орындалады деп жоспарлануда.

Әлеуметтік сала басты назарда

Бұл округте  адамдарды  жұмыспен қамтуға, кедейшіліктің деңгейін төмендетуге, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға  бағытталған әлеуметтік бағдарламалар сәтті іске асырылып жатыр.

%d0%b1%d0%b0%d0%bb%d0%bf%d1%8b%d2%9b-%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d2%a3%d0%b0-%d0%bf%d3%99%d1%82%d0%b5%d1%80%d0%b4%d1%96%d2%a3-%d0%ba%d1%96%d0%bb%d1%82

Өткен мерзім ішінде  жыл басынан жұмыс сұрап келген 67 адамның 53-і жұмысқа орналастырылды. Уақытша ақылы қоғамдық жұмысқа 53 жұмыссыз азамат қабылданып, олар аумақты көгалдандыру, көркейту, тазалық жұмыстарына тартылған.  Жыл басынан 24 жұмыссыз азаматқа кәсіптік оқуға жолдамалар беріліп, бітіріп келген жаңа мамандық иелері  жұмысқа орналастырылды.

Округ бойынша бүгінгі таңға 273 жанұя 18 жасқа дейінгі жәрдемақы алу үшін құжаттарын өткізген.  Оларға  бүгінгі күнге  шейін  11  476 164 теңге қаржы бөлінген. Әлеуметтік көмек алуға  құжаттарын өткізген 7 отбасына   672 669 теңге қаржы төленген.

Білім саласына жағдай жасалуда

Әлеуметтік саланың басты бағыттарының бірі білім беру жүйесі болып табылады.  Мемлекеттің білім беру саласын қаржыландыру жылдан-жылға жақсарып    келеді.  Округ аумағында бастауыш және орта білім беретін нысандар жүйесіне жалпыға міндетті стандарттарға сәйкес келетін, заманауи деңгейде балалар мен жастарға білім беру қызметтерін ұсынатын 1 қазақ орта мектеп гимназиясы, 5  орта мектеп бар.

4 балабақша, 1 музыка мектебі, 1  жасөспірімдер мен балалардың  спорт  мектебінің  де  округтің  балаларына  есіктері әрдайым ашық. Мектептерде 327 мұғалім еңбек етіп, 2961 оқушы білім алуда. Балабақшаларда 206 адам қызмет атқарып, 646 бала тәрбиеленуде.  Барлық мектептер интерактивті тақтамен қамтамасыз етіліп, компьютерлері  ғаламтор жүйесіне  қосылған. Биылғы жылдың  жазында 388 оқушы «Қарлығаш» сауықтыру лагерінде демалған.

«Дені саудың жаны сау»

Бүгінгі  таңда денсаулық сақтау нысандарына басты назар аударылуда. Емдеу мекемелері кәсіби деңгейлері жоғары білімді дәрігерлермен қамтамасыз етіліп, заманауи құрал-саймандармен, қажетті емдік құралдармен жабдықталуда.

Округ бойынша күніне 250 адам қабылдайтын  жаңа емхана өткен жылы пайдалануға беріліп, есігін айқара ашты. 125 орындық орталық ауруханада 70 дәрігер,  барлығы 273 ақ халатты абзал жандар халыққа медициналық қызмет көрсетіп келеді.  Бұл салада «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 6 жас дәрігерлер келіп, жұмысқа орналасқан.

Балпық би ауылдық округінде денсаулық саласы бойынша 2016 жылдың  өткен мерзімінде  243 бала дүниеге келіп, 61 адам қайтыс болған, 6 адам туберкулез, 3 адам бруцеллез ауруына шалдыққан. Осындай аурулардың алдын алу жөнінде тиісті шаралар жүзеге асырылуда.

Ауыл көркейіп келеді

 Жасыл желекті Балпық би ауылының бүгінгі келбеті  күннен-күнге көркейіп, жақсарып келеді. Соңғы он жыл ішінде  заман талабына сай  Қадырғали Жалайыр атындағы  қазақ орта мектеп гимназиясы  салынып,  оқушылар дәріс алуда.

«Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарла-масы бойынша елу жыл бұрын ғимараты салынып, қирауға айналған  №1 Биғайша Құндақбаева атындағы орта мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Балпық би ауылындағы бірінші кезектегі 20 пәтерлі коммуналды тұрғын үйдің құрылысы 2015 жылдың мамырында аяқталды. Сондай-ақ, 2-ші 20 пәтерлі коммуналды тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Бұл, сөз жоқ, кезекте тұрған отбасылар үшін үлкен қуаныш болды.

2014 жылы   Темірхан Нүсіпов атындағы  шағын ауданында балаларға арналған алаң  салынды. Надырбай атындағы  көшеге  асфальт төселінді. Мал сою, өлекселерді тастайтын орын салынды.

Тағы бір үлкен қуаныш  — Балпық би ауылында бір мезетте 250 адам қабылдайтын  емхананың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл емхана жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Кез келген қала өңіріндегі емдеу орталығымен бәсекелесе алады.  Бұрынғы дәріхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орнына музыкалық мектеп ашылған. Теректі ауылында 10 жалгерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріліп, кезегі келген отбасылар қоныстанды.

Балпық би ауылы  орталығындағы аудандық мәдениет үйіне күрделі құрылыс  жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі жөнделді. Сонымен қатар орталық алаңды және  Мұсабек Сеңгірбаев атындағы саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

 Өткен  жылы Қаблиса ақын, Солтанбай батыр, Темірбаев көшелеріне асфальт төселініп,  ауыл көшелерінің 18 аралық  көпірлері ауыстырылды.

Сонымен қатар  Төле би № 1, Т.Исабаев № 117, И.Измайлов № 12  қөп қабатты үйлердің алдына балалар  алаңы мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Жуырда ғана Балпық би ауылының орталығында 1934 жылы салынып, қирауға айналған көне  төрт екі қабатты үйдің тұрғындары  үшін арнайы салынған жаңа типтегі 50 пәтерлі  коммуналды тұрғын үй құрылысы аяқталып, көшірілді. Осындай игілікті іс арқасында   мүгедек жан Олжас Әсембаев,  зейнеткерлер  Қатира Оспанова, Саят Қойшыбаев және басқалары   жаңа пәтерлердің кілтін алды.

Округте  қайта жаңғырту жұмыстары толастамайды

Сөздің шыны керек, сонау бір жылдары тозып кеткен Балпық би ауылында кәріз жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту объектісі бойынша жұмыстар   соңғы жылдары  толассыз жүргізілуде.

Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылы  Балпық би ауылында  ауызсу   жүйелерінің   құрылысы және қайта жаңғырту объектісі  бойынша СП «НЕФТ»    ЖШС-мен  келісімшарт  1 343 292,7 мың   теңгеге  жасалынып, бүгінгі күні объектіде 21 адам және 5 дана техника жұмыс жасауда. 2 дана су мұнарасы бұрғыланды, Вл-10 кВ электр жүйесі және 1 дана подстанция орнатылды, 2 дана 1000 м3 су сақтайтын су резервуарының асты құйылды, 90 пайыз бетон құрылғылары әкелінді, 2-і қысымдағы насос станциясының іргетасы қаланды. Жалпы, келісімшарттың 193037,52 мың теңгесі игерілді.

2014 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Балпық би ауылының ауызсу жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту объектісі бойынша СП «НЕФТ» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, жасалынды. Сондай-ақ,  Ақшатоған ауылының ауызсу жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту объектісі бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасау мақсатында «ГидротехникЖоба» ЖШС-мен келісім-шарт жасалынып, 93 млн. 346 мың теңгеге су құбырлары жасалынды.

Бұдан алты жыл бұрын Балпық би  ауылында  «Жол картасы» бағдарламасы аясында орталық жылыту қазандығының құрылысы жүргізілген болатын. Бұл ауыл тұрғындарының үйлеріне жылу  беру мүмкіншілігін тудырды. 2 дана КВ-ГМ-3,65 жылыту қазандықтары орнатылды, осы объектіге қызмет көрсету үшін «Көксу жылу» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылып, тіркеуден өтті. 2011-2012 жылдары орталық жылыту қазандығына қосымша тұрғын үйлерді қосу мақсатында жылу жүйелерінің құрылысы жүргізілді. Яғни орталық жылыту қазандығына тұрғын үйлердің қосылуына қазандықтардың қуаттылығы жетпеуіне байланысты 2013 жылы «Алматы облысы Көксу ауданындағы «Көксу Жылу» МКК қазандығын сатып алу есебінен кеңейту және 10 ГКал қосымша қазандықты орнату» объектісі бойынша «Шымыр» ЖШС-мен 279 985,2 мың теңгеге келісімшарт жасалынды, игерілгені — 155 165,6 мың теңге. Объектіде 20 адам және 3 дана техника жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта объекті бойынша төмендегі жұмыстар істелінуде. Келісімшарт 285 090,0 теңгеге жасалды, игерілгені — 155 165,256 мың теңге.

Ауданның жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында «Көксу ауданы елді мекендерінің жолдарына орташа жөндеу» объектісі бойынша  Балпық би ауылындағы Сейфуллин көшесіне орташа жөндеу жұмыстары, Ескелді би, Мәметова көшесі жолдарына орташа жөндеу жұмыстары, Сейфуллин көшесіне толығымен асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Құрылыс жұмыстары Тазабұлақ, Мәуленбай батыр, Т.Жароков, Н.Алдабергенов, Б.Момышұлы, Ә.Жангельдин, Т.Исабаев көшелерінде жасалынды. 341 дана бетон құдықтар орнатылды; 1690 метр сервистік құбырлар және 27 бетон құдықтар орнатылды, Амангелді көшесіне 800 метр, Сатқынова, Қалдарбекова көшелеріне 1000 метр асфальт төселініп, биылғы жылы жалғасын таппақ.

Қазіргі кезде  аталған бағдарламаға сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін Балпық би кентіндегі Айтеке би көшесіндегі №24/1 үйдің және Шадрин ықшам ауданындағы №4,5,10 үйлердің тұрғындарына «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келісімдерін алып, қажетті құжаттар дайындалуда.

2014 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Балпық би ауылындағы Шадрин ықшам ауданындағы №10 үйдің 100% шатыры бұзылып, жаңа шатыр  орнатылды. 4 подъездің кіреберісіндегі шатырлар жасалынды, 56 дана балкондар қапталды, үйдің іргетасы сыланды. Оның сыртында 2016 жылға Шадрин ықшам ауданындағы №7 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттар дайындалып, сұраныс берілді.

Түйін сөз:  Балпық би ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы  дерлік тұрғындардың  тұрмыстық жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған.  Ең төменгі сатыда болған соң, халықтың жанынан табылып, мұң-мұқтажын шешетін  ауылдық округтер екені белгілі.  Осыған байланысты  Ұлт жоспары «100 нақты қадам» талабымен жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде  селолық, ауылдық округтерге   біраз құқықтардың берілуі, олардың жұмыс механизмдерінің  жақсартуына мүмкіншілік берді.

Балпық би ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстардың біршамасына  қысқаша  тоқталып өттік. Шын мәнісінде 15 мыңнан астам халықтың күнбе-күн кез келген күрделі мәселесін шешуге ықпал етіп  отырған округ әкімі Әлия Әбуқызының жұмысын жеңіл деп айтуға ауыз бармайды. Дүниеге келген сәбиден бастап, еңкейген қарияға шейін қамқорлық көрсетуге тиісті ауыл округтері емес пе? Айта берсек,  ауылдың  жабайы шөп-шаламы мен күл-қоқысын да тазалау әкімнің міндеті екен.  Оның дәлелі —  округте өткен мерзім ішінде 320 тонна тұрмыстық қалдықтар жиналып, күл-қоқыс төгетін полигондарға шығарылған.

Халықпен бірге  жүріп, әлеуметтік жағдайын шешілуіне ықпал етіп отырған ауылдық округтердің жұмысына да  баға берудің  уақыты келген сияқты.  Сондықтан  Көксу ауданы Балпық би ауылдық округін он жыл бойы басқарып,  әкімдік қызметтің  жауапты да ауыр жүгін арқалап жүрген   Әлия Әбуқызы Қалиеваға сәттілік тіледік.

                                                                       Нұрила Бектемірова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған