БАРЛЫҚ БАЛАБАҚША ҚАЗАҚ ТІЛДІ БОЛУЫ ҚАЖЕТ

 Вячеслав ВАВИЛИН, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі, Қазақ көркемөнер академиясының академигі:

Қазақ тілінде өзінің ана тіліндей емін-еркін көсіліп сөйлейтін, қазақша өлең жазатын, ата-бабамыздың салт-дәстүрін қадірлеп, қастерлей білумен қатар, ислам дінін қабылдап, мұсылманшылықты берік ұстанатын орыс жігітін қалайша уақыт талабы мен қазіргі заманға лайық тұлға демеске?! Біз бүгін осындай тәуелсіздік тудырған тұлға – Вячеслав Дмитрийұлын әңгімеге тарттық.

– Вячеслав, қазақша судай ағып тұрсыз, мақалдап-мәтелдеп сөйлейсіз, қайда туып, қайда өскенсіз?
– Қазақ «тегін білмеген – тексіз» дейді. Алдымен арғы тегімнен бастайын. XIX ғасырда Туваға қоныс аударған орыстың ірі көпесі болған үшінші бабам Вавилин Родион мен оның әйелі Соломеяның бірге түскен фотосуреті сақ­талған, мыңдаған мүйізді ірі қара өсірумен Тува тарихында ізін қалдырған адам. Тувада осы Вавилинның атына беріл­ген жер бар. Нағашы атам Николай Слюньков Белорус­сия Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған, Социалистік Еңбек Ері, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Өзіндік тарихы бар. Әкемді 10 жыл бұрын жерледім, анамның жалғыз баласымын. Анам 1955 жылы туған, зейнеткер. Әкемнің де, шешемнің де ұлты орыс, екеуі осы Алматыда кездесіп, үйленген. 1981 жылы Алматыдағы №1 перзентханада туыппын. Балабақшам да, мектебім де, университетім де Алматының Алмалы ауданынан басталды. Көршілеріміздің бәрі қазақ болды.
«Нағыз жігітке жетпіс өнер де аз» дейді қазақ. Тілді меңгеру – өнер! Кішкентай кезімнен бастап тіл үйренуге баса мән бердім. Орыс тілі анамның сүтімен сіңді, тегін берілді. Қазақ тілі еңбекпен алынды. Он екі жасымнан қазақша үйрене бастадым. Мира деген ұстазым болды. Тілді кішкентай кезден бастап насихаттау керек, меніңше, еліміздегі барлық балабақша қазақ тіліне өтуі керек, яғни, бастапқы білім қазақша берілсе, тілмен танысу арқылы балалар салт-дәстүрді меңгереді, тіл арқылы қазақ ұлтына деген жастайынан махаббаты оянады. Мектепті, жоғары білімді қай тілде ала­ты­­нын әркім өзі таңдасын. Сонда ғана болашақта бір ғана мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз.
– Мектепті қай тілде бітір­діңіз?
– Орыс тілінде. Алма­ты­да­ғы №18 таза орыс мекте­бін бі­тір­ген соң Қазақ-Аме­ри­ка уни­вер­ситетінің заң фа­ку­ль­­те­тін 2002 жы­лы үздік дип­­лом­мен ағыл­­шынша аяқ­­­тадым. Қо­сым­ша Қазақ ин­женерлік-эконо­ми­­ка­­лық уни­верситеті­нің қар­жы және кредит факультетін бітір­дім.
2003-2004 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің бірінші орынбасарының ке­ңес­­­шісі болдым. Ол кезде Ал­­­ма­­лы ауданын Тұрарбек Аса­­­нов басқаратын, бірін­ші орын­басары Марат Пірім­бе­тов­­тың көмекшісі бола жү­ріп, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын, елмен қарым-қаты­нас жасауды үйрендім. Мем­лекеттік қызметтің қай тү­рі болсын қазақ тілін білу мәж­бүр­лігін сезіндіреді. Жария ай­тыл­маса да, іс қағаздары қа­зақ тілінде болсын деген талап бар. Қазір ірі мекемелердің бәрінде заманауи жабдықталған қазақ тіліне арналған кабинеті бар. Өкінішке қарай, басқа ұлт өкіл­деріне қарағанда орыс тілді қазақтардың өз ана тілін үйренуге деген ұмтылысының жоғына таңғаламын.
Біраз уақыт Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің көмекшісі болып еңбек еттім.
2005-2007 жылдары Ха­лық­­­аралық әуесқой бокс қа­уымдастығы Азия конти­нен­­тальдық АИБА бюросының вице-президенті сонымен қа­тар Әлемдік әуесқой бокс қауымдастығы президентінің кеңес­шісі болып қызмет еттім.
– Сонда, спортпен де шұғылданатын болдыңыз ғой?
– Марқұм Анатолий Хра­па­тый барда зілтемір көтерумен шұ­ғыл­данғанмын. Қазақстан Республикасының «Ауыр атле­тика бойынша спорт шебері» және «Ауыр атлетика спорты бойынша ұлттық төреші», сон­дай-ақ «Ауыр атлетика спорты бойынша екінші дәрежелі халықаралық төреші» деген дәрежелерім бар.
Жоғарыдағы Бекет Махмұтов басқаратын бокс қауымдастығында көбіне­се заңдық-құқықтық м­ә­се­­ле­­лер­ге қатысты шаруа­лар­мен ай­­налыстым. Спорт­­­шы­ла­ры­мыздың , өкініш­­ке қарай, Доминкан респуб­ли­ка­сында қол жеткізген барлық атақ-шендерінен айырылып қалуы көп нәрсеге көзімді ашты. Мен үшін бұл үлкен сабақ болды.
2007 жылдың қыркүйек ­айы­­нан 2008 жылдың мамыры­на дейін Алматы қаласының Ме­деу­ ауданына қарасты Ала­тау кентінің әкімі болып қыз­мет еттім. Ол кезде 25-26 жаста едім. Кенттің іргетасы бұдан 60 жыл бұрын қаланған. Ядролық Физика институты салынған кезде. Сондай-ақ ол жерде Білім министрлігінің Физика техникалық институты жұмыс істейді. Ақпараттық технология паркі орналасқан. Жеті мың­дай адам тұрады. Негізінен, орыс­тар көп қоныстанған. Ол кезде жаспын. Істейтін шаруа көп. Шіркеу салынып жа­тыр екен де, мешіт жоқ екен. Со­дан Мағжан деген апай өзіне тие­сілі жерін мешіт салу үшін діни басқармаға өткізді. Сол Алатау кентінде әкім болып тұрғанымда қазақша балабақша мен мешіт аштық.
– Мешіт демекші, ислам дінін қабылдап, мұсылман болуыңызға не әсер етті?
– Сәби шағында адамның таңдауы жоқ. Анам да мені шіркеуге апарып, христиан қылды. Бірақ өсе келе, діни кітаптарды өзара салыстырып оқи жүріп, Библияда ақырғы пайғамбар Ахмадтың келетіні ап-анық жазылған аят барын білдім. Ахмет – Мұхаммедтің бір аты. 25 жасымда шаһадат айтып, Алланың қалауымен мұсылман болдым. Одан бергі 10 жыл ішінде мұсылман болғаныма рақаттанып жүрмін. Қазір тәжуид үйренудемін, то­лық меңгермесем де, Құранды арабша еркін оқи беремін. Бір­неше парасын жатқа білемін.
Сөзімді жалғастырсам, 2008 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша басқарма бастығының орынбасары, одан кейін 2013 жылдың сәуір айына дейін Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің аппарат жетекшісі қызметінде болдым. Ол жерден Катар мемлекетіне жұмыс істеуге баруға тура келді. Өйткені Катарда 2022 жылы әлемдік футбол додасы өтетін болып, әр елден инфрақұрылым үшін мамандар шақыртқан еді, біз де сырттан кіріс болсын деп өз елімізден атақты құрылыс компанияларын шақырдық. Бірақ шынын айту керек, миллиардтаған қаржы тұратын жобаларды игеруге біздің құрылысшылардың білім-білігі жетпеді. Ондай жоғары деңгейге болашақта жетпесе, қазіргі құрылыс компанияларымыз жете қоймапты.
– Қазақстан Көркемөнер академиясының академигі екеніңізді білдік…
– Әлем шебері атағы бар суретші, мемлекеттік сыйлықтың иегері Амандос Ақанаев басқаратын Көркем академияның мені өздеріне мүше етіп қабылдап, академик етіп сайлауы – менің мемле­кет­тегі қызметтегі және қоғамдық өмірдегі еңбегімді, өнерге деген құрметімді қазақстандық мәдениетке қосқан бір үлесім ретінде бағалағандары. Ол үшін көп рақмет айтамын.
– Қазіргі қызметіңізге тоқ­тала кетсеңіз…
– Екі жылдан бері «Гене­рал­­дар кеңесінің» тө­ра­­ға­сы, генерал-майор Рүс­тем Қай­­­даров мырзаның кеңес­ші­­сімін. Кеңестің мақсаты – ер­­лікті ұлықтау, ұрпаққа отан­шылдық тәрбие беру. Кеңес құрамындағы генералдар саны 100-ден асады. Әр са­ла­­дан зейнетке шыққан гене­рал­дардың басын қосқан бұл ке­ңес 2000 жылдың басында құрылған, одан бері қаншама игілікті жұмыстар атқарылды, оның бәрін таратып айтар бол­сақ, ұзап кетеміз.
Алдағы 31 мамыр күні Мәс­кеуде Кеңес Одағының ба­ты­ры, қазақтан шыққан тұңғыш ар­мия генералы, №1 Халық Қаһарманы, Қазақстанның ең алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің мү­сіні қойылмақ. Соған дайын­­далып жатырмыз. Бұл – мәскеуліктер үшін ғана емес, күллі еліміз үшін маңызы үлкен шара.
– Қуанышты хабар екен. Құтты болсын! Мүсін жұрт көңілінен шыққан болар?
– Сағадат атамыздың мүсі­нін мемлекеттік сыйлықтың ие­гері, мүсінші Ескен Серкебаев келіс­ті етіп жасады. Құны 11 мил­­лион үш жүз мың теңгеге шықты.
– Бәрекелді! Енді… Қазақша өлең де жазатын өнеріңіз бар екен. «Тәуелсіздік – тірегім» атты әннің сөзін жазған екенсіз…
– Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғы қарсаңында желтоқсан айын­да ақшам мен құптанның ара­сында отырып ойға баттым, сол кезде мені назым басты. Өлең туды. Ақын болмасам да, қазақша ептеп өлең түртетінім бары рас.
– Отбасыңыз жөнінде айтсаңыз.
– 2009 жылы үйлендім. Бір ұл, бір қызым бар. Ұлымның атын Мұхаммед әмин деп қой­дым.
– Сүйіп шырқайтын әніңіз?
– Екінші гимн атанып кеткен «Атамекен» әні.
– Қандай арманыңыз бар?
– Осы уақытқа дейін түрлі ел­дер­дің басшыларының қа­был­­дауында болсам да, сү­йік­­ті Елбасымызбен кез­де­сіп көрмеппін. Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының қолын алып, әңгі­ме­лесудің өзі неге тұрады?! Елбасының командасы қата­­рында қазаққа қызмет ету, жастық жігерім мен алған бі­лім-тәжірибемді Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне жұмсау – ол ен­ді үлкен арманым!
– Арманыңызға жетіңіз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған