Бата берудің мәні мен түрлері

Қазақ әдет-ғұрыптары мен ислам діні құндылықтарының байланысын зерттеу  – қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Себебі, қаншама ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған қазақ халқының рухани жүйесі кеңестіккезеңде үлкен соққыға ұшырап, көптеген дінге қатысты терминдердің мазмұны қалғанымен атауы қолданыстан шықса, кейбіреуінің керісінше аты қалып мазмұны өзгеріске түсті. Егер әрбір терминнің бұрын қазақ қоғамында қалай қолданылғандығы терең зерттеліп, жүйеленбесе, онда оның мағынасы уақыт ағымымен өзгеріске ұшырау арқылы қазақ халқы өзінің көптеген мәдени құндылықтарынан көз жазып қалуы мүмкін.

Қазақ мәдениетіндегі ислам дінімен байланысты ұғымдарының бірі «бата» сөзі қазіргі таңда көп жағдайда алғыс, тілек ретінде ғана қолданылатын болып жүр. Алайда, алғыс пен қарғысты кез-келген адам айта алады, ал батаны тек арнайы батагөй қариялар береді. Батаның ерекшеліктерін көрсету үшін батаның және ислам дініндегі фәтуаның қоғамды тәрбиелеуде, бағыт-бағдар берудегі ұқсас жақтарын талдап көрелік.

«Бата» сөзінің қазақ қоғамындағы көрінісін қарастыра отырып, «бата» ұғымының тек тілек немесе жүрекжарды сөздер ғана емес, оның қолдану аясы әлдеқайда кең әрі әмбебап дүние екенін аңғаруға болады.Бата беру қазақ халқында әртүрлі жағдайларда орындалып отырған.

Салт-дәстүрдегі белгілі бір рәсімдердің орындалуы кезінде,мысалы, қыз ұзату кезінде ұзатылып бара жатқан қызға үлкендер бата берген. Бата айту арқылы қызға рухани күш жігер беріп, бақыт тілеген. Барған жеріндегі қызға келін болудың қыр-сырын түсіндіретін болған.

Батагөйдің бата сұрай келген немесе сұрамаған кісінің өнеріне, батылдығына немесе басқалай жақсы қасиеттеріне тәнті болғанда бата беретін кезі бар. Батаның бұл түрі қазақ қоғамында кең таралған. Мысалы, Қойкелді батыр Аңырақай шайқасында ерлік көрсетеді. Көрсеткен ерлігіне тәнті болғанТөле би батырға арнапбатасын береді.

Кәсіп, қызмет, саласы байынша ел арасында беделді адамдардың өзінің ізбасары болуға біреуді лайық деп тауып, өз жолын жалғастырушы ретінде мойындағанда беріледі. Яғни, атақты адамдардың батасын алу үлкен абырой әкелген. Қазақ халқы арасында кең таралған «пәленшеден бата алған» деген сөз осының айғағы.

Атаулы ұлы іс басталар алдында (жауға қарсы аттанар, сапарға шығар алдында) соңғы шешімін айту үшін сөз батагөйге тиеді. Егер батагөй бата сұраушының жасамақ болған әрекетіне ризашылығын берсе, ол батагөйдің батасында көрініс тауып отырған. Батаның мұндай түрі батырлар жырларындағы бас кейіпкерлердің жауға аттанар кезінде жиі көрініс береді.

Кең пейілді қонақжай қазақ халқы дастархан басында да бата беруді ұмытпаған. Батаның бұл түрі көп жағдайда ас ішіліп болған соң айтылатын болған. Астан соң айтылған батада, үй егесінің қонақжайлылығы мен жомарттығына қатысты сын мен мадақ қамтылған. Егер дастархан иесіне батагөй риза болса, жақсы тілектермен бата берген. Ал, көңілі толмаса үй егесін өткір сөздермен сынап отырған.

Ел арасында туған даудың немесе мәселенің бәтуалы сөзіне дүйім жұрттың бәрі бірдей тоқталғанда дау тудырушылардың ісі дұрыс немесе бұрысын көрсетіп оң немесе теріс бата беріледі. Батагөйдің болар істі дұрыс көрмеген сәтте беретін теріс бата – ел ішіндегі дәстүрді бұзып, ата салтын аттаған адамның іс әрекетін құптамаған кезде ел үлкендерінің қолын сыртына жайып оған қарғау, қолдамау мәндегі сөз айтуы.Бұл, исламдағы фәтуаның бір істі құптамауымен сәйкес келеді. Оны әйгілі «Қыз Жібек» жырындағы Төлегенге берілген теріс батадан байқауға болады. Теріс бата беру арқылы Төлегеннің бастар ісі құпталмай тұрғаны анық. Бата мен фәтуаның екеуі де сакральды мазмұнға ие.

Теріс батаның фәтуа сияқты халықты бір нәрседен тыятын қасиеті де бар. Қазақ халқы теріс батадан сақтанып, өздерін жаман қылықтардан тыйып отырған. Бата да Алла құзырындағы дұрыс емес әрекет ретінде фәтуаның тыйым салғаны секілді адамға әсер ете алады. Бұл өз кезегінде қазақ қоғамында фәтуа беру ісі болмады дегенді білдірмейді. Тек батаның қазақ қоғамын ерекшелеп, өрнектеп тұратын және қолданыс аясы әлде қайда үлкен әрі әмбебап дүние екенін аңғартады. Мысалы Абай жолында Құнанбай Абай үшін Ахмет Риза хазіреттен бата сұратуы және Қодар мен келіні Қамқа үшін фәтуа сұратуы екі ұғымның да қазақ елінде кең қолданыста болғандығын аңғартады.

Қорыта айтқанда, халықты тәрбиелеудегі қолданысында екі ұғымда бірқатар ұқсастықтар бар. Алайда бұл «фәтуа» мен «бата» ұғымдары бір деген сөз емес. Фәтуа ол шариғаттың нақтыланған заңы, нормалары. Фәтуа фиқһ негізіне сүйеніп үкім айтады. Ал батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын универсалды ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне де байланысты халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған. Фәтуаның да мақсаты –халықты тәрбиелеп, ненің дұрыс ненің бұрыс екенін ашып көрсету арқылы діндарларға бағыт бағдар беру. Екі ұғымның түйісер жері де осы.

Рашимбетов Рахымжан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған