Бауыржан Момышұлының жаңа бейнежазбасы табылды

Бауыржан Момышұлының жаңа бейнежазбасы табылды. 1944 жылғы кинохрониканы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері Орталық мемлекеттiк кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағатынан тапқан. Бұл туралы Baq.kz тілшісіне оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан хабарлады.

Панфиловшылардың ерлігі туралы және жаңа жылмен құттықтауы берілген бейне және дыбыс жазбалары көпшілік назарына тұңғыш рет тіршілігінде даңқты ержүректілігімен, қайталанбас даралығымен ерекшеленген батыр Баукеңді еске алуға арналған кеште көпшілік назарына ұсынылды.

«Батыр бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында күн кеше жүріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен Алтай мен Каспий аралығындағы ұлан-ғайыр атырапты, Ұлы Даланы көздің қарашығындай қорғап, бізге мұраға қалдырды. Соның арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекет құрып, келешекке нық қадам басып келеміз. Ұлтымыздың даңқты перзенті, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деген. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Баһадүр Баукең қасиетті Отанымызға қалтқысыз қызмет етудің тамаша үлгісін өз ісімен толықтай паш ете білген азамат. Ал, ұлт мақтанышының әдеби шығармалары өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейтін тағылымды дүниелер», – дейді шара ұйымдастырушылары.

Жиын барысында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бауыржантану саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімелеп, алдағы жоспарымен бөлісті.

«Халық баһадүрі туралы айтылмаған әңгіме әлі көп. Мен батырдың соңғы басылған отыз томдығына бұрынғы қысқартулардың барлығын қайта кіргіздім. Оны басу да оңай болмады. Енді Баукеңнің жүз томдығын жасап жатырмын. Оның барлық архивін сөйлету керек. Мәскеуде батырдың академияда оқыған сегіз мың бет лекциясы жатыр. Бірақ қазір құпия деп бермей отыр. Момышұлының Кубаға жиырма күнге барған сапарында сөйлеген сөздерінен үлкен бір том шығады. Олар испан тілінде даярлап отыр. Арнайы өкілімізді жібергенде беретіндерін айтқан. Бірақ құпия деп қайтарып жіберіпті. Сонымен қоса, Баукең араласқан әскери адамдардың архивтерін қарап жатырмыз. Көп нәрсе табылуда», – деп атап өтті Мекемтас Мырзахметұлы.

Осы орайда айта кетейік, 2004 жылы ашылған орталық Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытында жұмыс атқарады. Бұған дейін ұлт мақтанышының көптомдық шығармалар жинағының 30 томы, Мәскеуден «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы, Алматы қаласынан «Фотоқұжаттық альбомы» жарық көрді. Қазіргі таңда батырдың көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томы дайындалуда. Онда қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшысы туралы естеліктер, драмалық шығармалар, арнаулар, поэмалар мен балладалар топтастырылған.

Кеш соңы «Томирис» би тобы мен «Көне Тараз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің гала-концертіне ұласты.

Фото: ТарПИ баспасөз қызмет

Baq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған