Бауыр үшін жан пида

Солтүстік Дакота штатында, халық саны 300-ге жетпейтін Сентер қаласында Уильям мен Бланш есімді кісілер сүйкімді ұл-қыздары: Хейзел, Эммет және Мирдитпен бақытты ғұмыр кешіп жатты. Он бес жастағы Хейзел үйдің үлкені болғандықтан, кішкентай бауырларын ауылдан екі миль алыста орналасқан мектепке пәуескеге отырғызып апаруды өз мойнына алған. 1920 жылдың 15 наурызында таң азанымен қатты боран тұрып, қардың қарқыны күшейе бастады. Үйлеріне аманесен жетіп алсын деп, мұғалім оқушыларды ертерек қайтарды. Ат-шананы жеккен Хейзелдің әкесі балаларын алып кетуге мектепке келді. Оларды шанаға отырғызып, жылы көрпеге орады да, өзі тың атты әкеліп жегу үшін ат қораға кетті. Атты жетектеп қайтып келсе, шана да, балалар да жоқ.

Уілдеген қатты желден үріккен ат үйге қарай бастырмалата шаба жөнелсе керек. Көз аштырмайтын қарлы бораннан Хейзел де жолды анықтап көре алмады. Желге қарсы адымдаған ат белгісіз соқпақпен сылтып басып, алға қарай беттей берді. Қайда жүргендерін білмей әбден адасқандарын кеш білген еді. Ойлы-қырлы жерлерден шана қиялай жүріп барып, аударылып қалды. Үш бала қанша күш салғанымен, шананы төңкере алмады. Өлместің қамымен, ересек Хейзел аударылған шананы бастарына қорған етіп, көрпенің бірін қардың үстіне төседі. Оған Эммет пен Мирдитті отырғызып, қалған көрпемен екеуін орап қойды. Осылай отырып, әкелерін күтті. Шананың үстін қар көміп жатқанда, Хейзел қорқып жатқан бауырларының көңілін аулау үшін әртүрлі әңгімелер айта бастады. Балақайлар мектепте жаттаған әндерін айтып, тақпақтарын қайталап шықты. Кішкентайларды ұйқы баса бастаса, Хейзел оларды шымшып, ұйықтауға болмайтынын ескертіп отырды. Бір кезде жел бағытын өзгертіп, шананың басқа жағынан соға бастады. Эммет пен Мирдитті жақын отырғызып, сыртынан көрпемен орап, оның сыртынан Хейзел денесімен бүркеп құшақтап алды. Күртік қар айналасын жауып бекіте бастағанда, аяғымен теуіп, қайтақайта ары қарай ысырып отырды. Бірте-бірте қимылы баяулай бастады. Бір уақытта даусы әзер естіліп, қимылсыз қалды. Балалар жоғалғаннан кейін шамамен жиырма сағаттан соң, құтқару тобы ізді тауып, төңкеріліп жатқан шанаға кеп тірелді. Жанында шылбыры шанаға байланған ат пысқырып тұр. Шананы көмген қарды шапшаң тазалаған құтқарушылар көз алдарындағы көріністен қатты да қалды: Эммет пен Мирдитті көрпеге орап құшақтаған күйі Хейзел қимылсыз қатып қалған. Бауырларына махаббатпен жасаған соңғы амалы — пальтосының түймесін ағытып, құшағына тірі қалған екі бауырын тыққан екен…

Хейзелге Американың батыры атағы берілді, біреулер оны даланың құтқарушы періштесі деп атады. Бұл оқиға бүкіл елді толқытты. Емханалар, балалар үйі, тіпті Форд Мотор компаниясы оның ерлігін «бауыры үшін өзін құрбандық етудің» үлгісі ретінде бүкіл елге әйгіледі. Бүгінде Солтүстік Дакотада Оливер аймағының сот ғимараты алдында ескерткіште мынадай жазу тұр:

«Хейзел Майнерді еске алуға арналған ескерткіш. Ұрпақтарға үлгі, тірілерге өнеге».

Дайындаған — Мирас Кесебаев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған