Күлзипа Жоламанова, Еңбек ардагері: Бақыттың кілті – сыйластықта

 Көкшетауда тұратын Күлзипа әжені айналасындағы ағайын-туыстары болашаққа бағыт бағдар беріп, ұрпағын еңбексүйгіштікке тәрбиелегені үшін әркез мақтан тұтады. Жасы тоқсанға таяған Еңбек ардагері 1937 жылдың нәубетін, кешегі сұрапыл соғыс жылдарын ауыр күрсініспен еске алады

Тағдырдың небір тауқыметін басынан өткерген Күлзипа Жоламанова балалық шағы сұрапыл соғыс өртіне шарпылып, мезгілінен ерте есейген, жетімдік пен жоқшылықтың зардабын тартып өскен ұрпақтың өкілі.

Күлзипа әже 1928 жылдың 16 наурызында Семей облысы Аягөз ауданының Ақшатау ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Ахмади Аягөз станциясында партиялық-кеңес органдарында жұмыс істеген. Шешеші Бәтима үй шаруасымен айналысады. Алайда 1937 жылдың қанды қасіреті бұл әулетті де шыр айналдырды.

«Әкемді НКВД жансыздары бір түнде қоғам мүлкін талан-таражға салды деген желеумен бір түнде ұстап әкетті. Сол уақытта мектепте оқып жүрген мені «халық жауының» қызы деп оқудан шығарып тастады»,–деп еске алады Күлзипа әже өткен күндерді.

Күлзипа әженің отау құруы да өз алдына бір оқиға. Ол мектепте оқып жүргенде бұл үйдегі ағайындарына әскери киінген Сұлтан есімді жігіт келіп жүреді. Куйбышев әскери училищесінде оқып жүрген жерінен Сұлтан майданға аттанады. 1945 жылдың 1 мамырында майданда ауыр жараланған ол Жеңіс күнін Берлин госпиталінде қарсы алады. Соғыс аяқталған жылы Аягөзге келіп, Күлзипа екеуі отау құрады. Алайда «халық жауы» атанған қызға құжат әзірлеу оңайға түспейді.

«Сол кезде Алматыдағы Сұлтанның ағасы Жәкен Жоламановтың үлкен көмегі тиді. Құжат әзірлеген кезде Күлзипа есімім Антонина болып өзгертілді. Сөйтіп екеуіміз 1945 жылдың соңына таман Германияға қоныстандық. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Берлин КСРО-ның оккупациялық аймағында болды. Сол уақытта жұбайым, офицер Сұлтан Жоламанов Германияның Зюль қаласының коменданты болып тағайындалған болатын»,–дейді Күлзипа әже.

Жоламановтар отбасы Германияда 1945-1948 жылдары тұрған. 1947 жылдың 3 наурызында тұңғыш қыздары – Нәзима неміс жерінде өмірге келді. Жат жерде отау құрған сол бір шақты көз алдына әкелетін фотосуреттер Күлзипа әжеге өте ыстық. Суретте қос бұрымы иығына төгілген қазақтың аруының еуропалық сән үлгісіндегі киімі ерекше көзге түседі.

«Көкшетауға көшіп келгеннен кейін жағалы пальто, сәнді күртеше, биік өкшелі етікпен қош айтысуға тура келді. Сол уақытта адамдардың тұрмысы өте төмен еді. Сол себепті сәнді киінудің өзі ерсі болып көрінетін»,–дейді Күлзипа апа.

Сұлтан Жоламанов әскерден босап Көкшетауға көшіп келісімен №2557 автоколоннада кадрлар бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Күлзипа Ахмадиқызы да қарап отырмай, экономист-диспетчер мамандығына оқып, алдымен №2 автобазаға, кейін таксопаркке жұмысқа орналасады. Еңбек жолын нормалаушыдан бастаған көрінеді. Тың игеру жылдарында күні-түні кезекшілік етуге тура келген. Күлзипа әже бұл жұмыстарды да тыңғылықты атқарып, көзге түсе білді. Ұзақ жыл қазіргі «Сейнұр» фирмасында 30 жыл абыройлы еңбек етті. Сейнұрлықтар әр мереке сайын еңбек ардагері Күлзипа Жоламановаға зор құрмет көрсетеді. Суреті кезінде кәсіпорынның Құрмет тақтасынан 10 жыл бойы түскен жоқ. Алған орден-медальдары, грамоталары мен алғыс хаттары өз алдына бір төбе.

Күлзипа әже 1983 жылы зейнеткерлікке шығып, арада үш жыл өткенде отағасы Сұлтан өмірден озды. Құтты шаңырақта екі қыз, екі ұл бала дүние есігін ашты. Бұл күнде екеуінің өсіріп-тәрбиелеген балалары бір-бір үйдің түтінін түтетіп, ел үшін еңбек етіп жүр.

«Ата-анамыздың берген тәлімінің арқасында бірімізден-біріміз бір елі ажырамадық. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор болып ер жеттік. Бүгінде әкеміздің шаңырағында отырған анамыз ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп отыр. Әрине, бойымда бір жақсы қасиет болса, соның бәрі әке-шешемнің берген тәрбиесі деп білемін»,–дейді қыздары Нәзима Сұлтанқызы.

Ел қатарлы еңбек ете жүріп, балаларын өсіріп-өндірген, ұрпағының қызығы мен қуанышына бөленіп отырған қария отбасы құндылығын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі жөнінде ой өрбітті.

«Осы өмірімде біраз жердің дәмін таттым. Жұмысымда да абырой мен беделге кенде болған емеспін. Алайда бақытқа бірден қол жеткізе қойдық десем, тым асырып жібергендік болар, бәлкім. Біз де жас болдық, өмір жолында кездескен қиындықтарды теңдей көтеріп, жеңе білдік. Бақуатты тұрмыс пен базарлы тіршілік адал еңбек пен өзара сыйластықта. Отағасы отбасымызда үйдегі тәртіп те түздегі тәртіптей қатаң болғанын талап етті. Балаларым тәртіптің арқасында тәрбиелі болып ержетті, өмірден өз орындарын тапты. Жалпы, әйел ерін әрқашан қолдап отырса, балалардың да әкеге деген құрметі артады»,– деп ой түйеді ардақты ана Күлзипа Жоламанова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған