Бекжан Тұрысты алаңдатқан не?

Өткен аптада М.Әуезов атындағы драма театрда көпшілік қауымға бір-біріне ұқсаймайтын бейне рөлдерімен таныс, белгілі театр саңлағы Бекжан Тұрыспен кездесу кеш болып өтті. Жиынға келген көрермендер мен актер арасында сүбелі бір сұхбат өрбіді. Біз де ой-пікірлерімен бөліскен актермен сұхбаттастық.

Ол: «Армандай алмаған адамның болашағы да бұлыңғыр. Менің де армандап, қол жеткізе алмаған армандарым көп, сол мен ойнай алмаған рөлдерді менен кейін артымнан келе жатқан ұлым Мағжан ойнайтын шығар деп үміттенемін. Бірақ ол театрға әлі келген жоқ, Өнер институтында оқып жатыр. Ал қандай рөлді сомдауды армандайсыз деген сауалға келер болсақ, кезінде дипломдық жұмысыммен ойнаған рөлім Ақан сері болатын. Бұл рөлім сол кезде жақсы бағасын алғанмен, ол уақытта жазылған тарих бөлек, қазір мен сол кешегі Мағжан жазған тақуа Ақанды ойнасам деп армандаймын. Мен «Ұлым, саған айтам, ұлтым, сен тыңда» деп неге шырылдап жүр дейсіз? Мен келешекке алаңдаймын. Бүгін жаһандану ұрпағымыздың бет-бейнесін бұзып жатыр. Біздің бүгінгі ұлтымыздың ертеңгі рухани сапасы ұл-қыздарымыздың бүгінгі тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан мен қашан да біздің бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу үшін ұлттық дүние қажет деп үнемі айтып жүремін. Кезінде егемендігімізді алған кезде шекараны ашып бердік те, елімізге кімдер келді, неге келді, олар не әкеліп жатқанын, не алып кетіп жатқанын тексермедік. Солар біздің бүкіл болмысымызды, ұлттық құндылығымызды ұрлады. Қазір қарап отырсаңыз, бүгінгі балақайлардың армандары өзгеріп кеткен. Бұрын біз агроном, шофер, зоотехник, мұғалім болам деуші едік, қазіргі балалардың дені әнші, әртіс болуға құмар. Осы жаһандық жасанды мәдениет біздің ұрпақтың санасын улап жатыр. Түрлі мәдениеттерге есік ашып бердік. Баяғыда әкелеріміз бізді қазақы қатаң тәрбиемен өсірді. Үйге келген қонақтың баласы ренжісе, сол күні оңбай таяқ жейтінбіз. Ешбір ұлтта жоқ қазақы тәрбие. Аталарымыз ел болудың ешкімге ұқсамайтын үлгісін көрсетіп кетті ғой», — деп, актер өзінің ұрпақ тәрбиесі, ұлттық діңгек, ұлттық мәселе тақырыбындағы алаңдаушылығын білдірді. 

НҰРГҮЛ ЖАМБЫЛҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған