БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ АУЫЛДА, бірақ оларға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отырғаны қалай?

«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бірлескен экспедициясы өз жұмысын Астанада қорытындылады.

Ауыл — бар қазақтың бүйрегі бұрып тұратын киелі мекен. Ауыл — ырыс пен берекенің, ынтымақ пен бірліктің бастауы! Олай болса ауыл жыры ешқашан таусылмақ емес. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та ауылда туып, даланың құмына аунап, өзенге шомылып, асық ойнап, атқа мініп, саф ауада қыдырып есейгені баршаға мәлім. Естелік кітаптарында ауыл жайлы толғанатыны қандай? Қарапайым ауыл тұрғындарын сағынатынын, балалық шақты аңсайтынын еш жасырмайды. Содан да болар ел тізгінін ұстаған күннен бастап ауыл жайлы үнемі айтып келеді. Жыл сайынғы жолдауларында ауылдың тұрмысына қатысты бағдарламалар туындап жататыны да содан болар. Елбасы бір сөзінде: «Ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығы, малдары бар екенін ескере отырып, олардың өсіп-өнуі үшін ветеринарлық қызметті халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу керек. Ауыл шаруашылығындағы ең үлкен мәселенің бірі — өнімдерді өңдеу. Қазір ауылда бар өнімді ұқсата алмай отырмыз. Алған өнімімізді дайын тауар ретінде шетелге сатсақ, оның өндірушілерге де, мемлекетке де пайдасы тиері анық. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту арқылы осы саланың мамандарын қорғау, оларға қолдау көрсету, ауыл тұрғындарының табысын көтеру, оларды жұмыспен қамту сияқты негізгі мәселелер шешімін таппақ. Бұл бағыттағы үкіметтің ауылға деген саясаты жұмыс орындарын ашуға арналуы керек деген ұстанымға келіп саяды», — деген болатын.


Он жылдан аса ауыл проблемасын шама-шарқымыз жеткенше көтеріп, ауылдан алыстап кеткен кей шенеуніктердің елге деген ықыласын аударуға күш салдық. Елім деп еміренген басшылардың көңіл-көшін ауылға бұрдық. Ауылдағы қарапайым халықтың арыз-шағымын, өтініш-тілектерін билікке БАҚ арқылы жеткізуге тырыстық. Нәтижесі де жаман болған жоқ. «Жыламаған балаға емшек бермейтіні» сияқты, мұң-мұқтаж да айтылмаса, қозғалмаса діттеген жеріне жетуі қиын нәрсе болып шықты. Шүкір дейміз. Ойға алған, халық қалаған мәселелердің бәрі болмаса да, көпшілігі шешімін тапты.
Жыл сайын еліміздің төрт бұрышына экспедиция жасалады. Қаңырап қалған ауылдар мен жаңарып қалған елді мекендерді көзбен көреміз. Өсу мен өшудің аражігін салмақтаймыз. Көргенімізді көңілге түйіп, қағазға түсіріп, газетіміздің әр нөмеріне шығарып елді хабардар етіп отырамыз. Біздің сапарға обалы нешік, министрліктердің де құлағы түрік. Сапардан түйгенімізді жыл соңында Парламент пен Үкіметке сауын айтып, қоғам қайраткерлерінің талқысына салу — аманат арқалаған біздерге міндет жүктейді! Ондағы мақсат, елдің жанайқайын билікке жеткізу. «Бәрі жақсы» деп тәтті сөзге семіргендерді ара-тұра ащы пікірлермен қамшылау! Қалғып кеткен шенеуніктер болса дүр сілкіндіру!
Осы мақсатпен Журналисттер үйінде өткен «Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты экспедиция қорытындысына дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған билік партиясы «Нұр Отаннан» арнайы өкілдер келіп қатынасты. Ауылшаруашылығы министрлігі тікелей қолдаушымыз болғандықтан, сол саланың мамандары көптеп жиналды. Әттеген-айы, Парламенттің қос Палатасы атынан жалғыз ғана Мәжіліс депутаты келгені болды. Ел үміт етіп отырған заң шығарушы органның мүшелері халықтың хал-ахуалын нақты білу үшін, айлап емес жылдап шаң-тозаңға көміліп, шаруалардың мұң-мұқтажын арқалаған бұл жиынға келулері керек еді. Ел мен жердің амандығын білуден асқан бақыт та, қуаныш та жоқ қой бұл жалғанда. Сондай-ақ, халықтың атынан сөйлеу үшін де, халықтың жоқ-жітігін біліп отырғанға не жетсін!

 

 

«Qazaqstan dauiri» халық пен билікті байланыстыратын алтын көпір
Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры:
— Бүгінгі дөңгелек үстелге жиналған жақсы мен жайсаң, қош келдіңіздер! Біздің 10 жылдан бері өткізіп келе жатқан дәстүрлі дөңгелек үстеліміз. Мен газетке келгелі 10 жыл болды. Ертай Айғалиұлы — редакторымыз, бұл газетке келгеніне 15 жыл болды. Ауылдың қандай құдірет екенін, береке-ынтымақтың бәрі ауылдан екенін білесіздер. Ертай Айғалиұлы осы газетке келгеннен бастап, газетіміз дәстүрлі «Ауыл экспедициясы» жобасы басталды.
Алдымен қонақтарды таныстырайын “НұрОтан” партиясының өкілі, әдебиет сыншысы, жазушы Аманкелді Кеңшілікұлы, “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу” департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов, АШМ “Қаржылай қолдау қорының” басқарма бастығы Жандар Омаров, “Астық” ғылыми-өндірістік орталығы өкілі Зейін Әліпбек, Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман, Ардагерлер кеңесінің өкілі Көпболсын Бекмағанбетов, АШМ “Шаруашылық” департаментінің директоры Нұржан Мырзабеков, сатирик-жазушы, абыз ақсақал Табыл Құлияс, «Ұлт бірлігі» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Шақарбекұлы, “Qazaqstan dauiri” газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, “Qazaqstan dauiri” газеті редакторының орынбасары Бауыржан Карипов.
Елімізде 7,5 мың ауыл бар десек, оның 6 мыңға жуығын араладық. Газетіміздің тарихын өздеріңіз білесіздер, тәуелсіздігімізбен құрдас халықаралық деген аты бар. Саясаттың әсерінен былтыр “Qazaqstan zamany” болып өзгеріп, биыл “Qazaqstan dauiri” деген атпен шығып отырмыз. Қазақстанымыз дәуірлей берсін, еліміз аман болсын деген үлкен мақсатпен қазір 6 нөмірін шығардық.
Біздің ауылды аралағандағы негізгі мақсатымыз — ауыл-ауылды аралап, елдің мұң-мұқтажын, қолымызда билік болмағанмен, билікке жеткізетін құрал — қаламымыз арқылы проблемалары мен жетістіктерін жоғарыға жеткіземіз. Бұл дәстүрге айналған. Алғашқы жылдары даусымыз бәсең еді. Бірақ газетіміз Парламент, Сенат, Мәжіліске, “НұрОтанға” барады. Ауылшаруашылығы алып отыр. Біз ауылшаруашылығымен тығыз байланыстамыз, бұрын “Дипломмен ауылға” бағдарламасы тек қана мұғалім мен дәрігерлерге басымдық берген болатын, кейін,  біздің газеттің араласуымен зоотехниктер мен мал дәрігерлерін “Дипломмен ауылға” бағдарламасына қостық.
Ауыл — тағы айтамыз, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне, дамуына — алтын көпір!  Ендеше ауылдағы ағайынның хал-жағдайы қалай? Оларды не толғандырады? Неге мұқтаж?
Мұны журналистер айтпағанда, олар ел ішін аралап көрмегенде, халықтың тыныс-тіршілігімен таныспағанда, кім айтады? «Мың естігеннен, бір көрген жақсы»  дейтін қазақтың баласымыз. Сондықтан «Qazaqstan dauiri» газеті — анау айтты, мынау айтты дегеннен гөрі, өздері көзімен көріп, қолымен ұстап, халықпен етене араласып, танысып, табысып, не жазса да шынайы жазуды әдетке айналдырған басылым. Сонысымен де халыққа жақын.
Бүгінгі есеп беру жиынында біз көп нәрсені қамтуға тырысамыз. Дәлелмен, дәйекпен сөйлейміз.  Сол үшін де бүгінгі жиынға елге жаны ашиды-ау деген азаматтарды жинап отырмыз.
Арнайы шақырту алып, бірақ, өзге де жұмыстары шығып  қалғандар, келмеу үшін небір сылтау айтып қашқақтаған басшылар жоқ дей алмаймыз. Бұл өте өкінішті жағдай. Бұл тіпті елге жаны ашымастық іс! Өйткені біріміздің ата-анамыз, бауырымыз, іні-қарындасымыз, тіпті жақын-жұрағатымыз ауылда өмір сүруде. Олардың бүгінгі тіршілігіне алаңдамасақ, ел басқарып не керек? Ащы да болса шындық осы!
Шақыртуды қабыл алып келгендеріңізге айтар алғысымыз шексіз. Ел тағдыры сөз болғанда , қай қайраткер, қай нар тұлғалы азамат бұғып қалмақ.
Біздің бұл жиынымызға Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан, вице-министрі, Парламенттің қос палатасының депутаттары, «Нұр Отанның» өкілдері қатысқан. Талай мәселе талқыға түскен. Кей мәселелер шешімін тапқан. Біз мұны мақтанышпен айта аламыз.
Мінекей оныншы жыл ауылдың жетістіктері мен проблемаларын айтудан жалыққан емеспіз. Билік пен халықтың арасындағы, әсіресе, ауылшаруашылығы мен халық арасындағы алтын көпірміз. Олардың көптеген сұрақтарын жазып алдық, қазір сіздер де біздің біраз сұрақтарымызға жауап берулеріңізге тура келеді.
Әліде еңсесін түзей алар емес…
Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы: 
— Біз жыл сайын ауылдарды аралаймыз. Биылғы экспедициямызды «Ауыл рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» деп атадық. Өңірлердің барлығында да болдық. Алғаш рет аралағанымызда жүздеген проблемалар алдымыздан атойлап шыққан. Солардың ең бастылары: жол, ауызсу, өз өнімдерін діттеген жерлеріне өткізе алмау, несие алу (мәселен тері, жүн, астық, т.б.). Қазір бұл көкейтесті мәселелердің дені шешілген, кейбіреулері ішінара шешілу үстінде. Осыдан оншақты жыл Батыс өңірлерінде, тіптен Қостанайда және басқа да жерлерде жолдың азабын көрдік. Қазір мүлдем басқаша. Несие алудың пайызы өте жоғары болатын. Қазір субсидия, басқа да көп жылға берілетін несиелер бар. Ауызсу да жаман емес. Астық өнімдерін өткізудің проблемасы жоқ десе де болады. Әрине, тері, жүн мәселелері әлі толық шешілмей тұр.
Жалпы қазір ауылда тұрып, тіршілік қарекет жасаймын деген адамға жағдай бар. Байып, шалқып өмір сүріп жатқандар жетерлік. Бірақ қарап отырсаң олардың көбісі орта жастағы не одан жоғары жастағылар. Жастар бірен-саран болмаса аз. Неге бұлай? Олар өз ауылдарынан неге жеріп жатыр? Себебі неде? деген сауалдар топтамасы алдыңнан көлденеңдей береді. Төменде осы сауалдарға жауап ретінде ой-толғамдарымызды ұсынып отырмыз.
Тұрғындардың кету себептері:
1. Жұмыссыздық
2. Инфрақұрылымның болмауы
3. Бес түлік малдың азаюы
4. Техниканың жоқтығы
5. Мемлекеттік   тараптан    қамқорлықтың   болмауы
Жағдай жасалғанда жастар неге ауылға оралғысы келмейді?
1. Тағы да жұмыссыздық
2. Айлықтың аздығы
3. Жемқорлықтың күшеюі
4. Инфрақұрылымның аздығы
5. Қалаға бауыр басуы
Экспедицияның ауылды гүлдендіру үшін жасаған тұжырымдамалары
1. Ауылға енді жастар оралмауға тырысады. Қазір онда негізінен орта жастағылар, қарттар қалды. Жап-жаңа техникаларға ие болатын жастар, мамандар жоқтың қасы. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өзінің қауқарсыздығын танытты. Осы бағдарламаны қаржылық жағынан, басқа да мәселелері жөнінен жастарға тиімділігін арттырып қайта қарау керек.
2. Ауылға мемлекеттің қамқорлығы, қаржының молынан бөлінуі жағынан кемшіндік жоқ. Бірақ олардың дені жемқорлықтың құрдымына кетіп жатыр. Сондықтан Елбасымыздың «100 нақты қадам» атты бағдарламасындағы 98 қадамындағы жергілікті өзін-өзі басқару мәселесін жүзеге асыру керек. Халықтың, мемлекеттің тарапынан қатаң бақылау қажет. Қазір жұмыс істеп жатқан бағдарламалардың да жемқорлардың жемтігіне айналмауының тетіктері жасалуы тиіс.
3. Ауылдың инфрақұрылымын күшейткен жөн. Бәлкім ауылдың қазіргі структурасын өзгерту қажет болар. Ауыл шаруашылығын дамытып, тиімділігін арттырған мемлекеттердегі жүзеге асып жатқан жүйелерін зерттеп, өмірімізге енгізу де өз пайдасын  тигізетіні сөзсіз. 
4. Ең бастысы ауылдың саны емес сапасын арттыру қажет. Қаладан жақын, орташа, алыс қашықтықта орналасқан ауылдардың мүмкіндіктерін саралап, оларға соған сәйкес жағдай жасау бұл да өмір талабы. Әр ауылдың табиғи, өңірлік жағдайларына да байланысты мамандандыруды ойластырылса.
5. Біздің газетімізде жем-шөп дайындауда толғақты, тиімді мәселелер көтеріліп, (авторы Қайыр Рахматуллин) олар министрлікке, халық қалаулыларының назарларына ұсынылған. Бұл малды ауылдың ең маңызды мәселелерінің бірі. 
6. Кооператив мәселесі соңғы кезде орынды көтеріліп, оның нәтижесін көріп отырғандар бар. Қазақ қоғамы үшін бұл жат емес. 
Дөңгелек үстел басында Ертай Айғалиұлының баяндамасы негізінде  жиналғандарға 14 облыстың ауылшаруашылығына қатысты презентация жасалды. Онда экспедиция барысында  көзге түскен кемшіліктер, жетіспеушіліктер, ауыл тұрғындары мен  шаруа қожалықтары тарапынан  арнайы Ауылшаруашылық министрлігіне жолданған хаттар оқылды. Мақаланың соңында елден келген аманат — хаттарға ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты департамент өкілдерінің жауабы берілді.
Газетпен бірлесіп жұмыс істеуге дайынмын
Мұсырман Кәрібай Иманжанұлы, Мәжіліс депутаты:
— Спикердің тапсырмасымен мәжілістен арнайы келіп отырмын. Шақырғандарыңызға рақмет! Сіздер ортаға қойып отырған мәселелер біздер үшін де өте маңызды. Газеттің ұйымдастырып отырған экспедициясымен шалғайдағы ауылдарға дейін барып, ондағы тұрмыс-тіршілікті көріп, ол жақта қордаланған мәселелерді газет бетінде көтеріп жатырсыздар. Біз де аралаймыз, дегенмен сіздердің жариялап отырған материалдарыңыз біз үшін өте құнды. Арасында көптеген фактілер де бар екен. Бұдан кейінгі жерде сіздермен тығыз байланыста болайық.
Тәуелсіздік жылдарында көптеген мәселелер шешілді, дегенмен шешімін таппаған дүниелер әлі де болса баршылық. Оның барлығы экономикамыздың түзелуіне байланысты біртіндеп орнына келеді деген сенімдеміз.
Солтүстік Қазақстанға байланысты мәселелер айтылып жатыр. Бізде ішкі көші-қонның басталғанына 4 жылға аяқ басып бара жатыр. Осы жағындағы ақпараттық насихаттың кемшілігі байқалады. Алғаш рет ішкі көші-қон басталғанда оған тартылушылардың дені Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Маңғыстау облысы, Алматы облысы тұрғындары  болатын. Былтырдан бастап Қызылорда облысы қосылды. Олардың баратын жерлері Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан қатарлы облыстар. Соның ішінде демографиялық жағынан ең қиын жағдайда тұрғаны Солтүстік Қазақстан облысы. Соңғы 10 жылда облыс тұрғындарының саны 660 мыңнан 560 мыңға азайған. Бұл туралы облыс басшысы Құмар Ақсақалов Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасының алдында мәселе көтерген болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы тапсырма берген еді. Бұл бағытта жергілікті әкімшілік жақсы жұмыс істеп жатыр. Биылдан бастап солтүстікте пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оған сәйкес, солтүстікке көшіп барушыларға ең алдымен баспана мәселесі шешіледі. Алдағы 3 жылда 300 үй салынбақшы. Бұл игі істер туралы БАҚ көбірек жазса екен дейміз.
Жуырда ғана Қызылорда облысына барып қайттық. Бұл аймаққа барып тұрып, Аралға бармау, Байқоңырды көрмеу біздер үшін күнә болар еді. Аралдың жағдайы түзеліп келеді екен. «Арал тұз» комбинатында жұмыс жанданыпты. Кезінде 1200 жұмысшысы бар комбинатта, тоқырау жылдарында 600-дей ғана адам қалған екен. Қазір жұмыс қарқын алып, қайтадан 1200 адамды жұмыспен қамтыған. Кіші Арал суға толып келеді. Халық теңізге шығып балық аулап жүр. Осы сапар аясында Арал қаласында халықпен кездесу өткіздік. Арал қаласында 213 көше бар екен. Халық өздері ұйымдасып, әр көшеден «көше комитетін» құрыпты. Жергілікті орындағы кейбір мәселелерді де қағыс қалдырған жоқ. Темір жол бекетіне байланысты, көшелерді асфальттауға байланысты біраз қиындықтар бар екен.
Ал, Байқоңырдағы үлкен мәселе — соңғы кездері орын алып жатқан жұмыстан қысқарту төңірегінде болған екен. Байқоңырда жұмыс істейтін адамдардың ішінде 4500 адам қысқартылған екен. Яғни, 2000 қазақ, 2500 Ресейлік азамат. Орыстар елдеріне қайтыпты да, біздің  азаматтар жұмыспен қамтамасыз етуді күтіп жүріпті. Бізге келіп жағдайларын  айтқан аналар болды. «Осы қарашаның аяғында қысқартып жіберді, заңды ма заңсыз ба  білмейміз», — дейді. Байқоңыр қаласында Президент өкілдігінің басқармасы жұмыс істейді. Соның басшылығына жолығып, мән-жайды айтып кеттік. Олар прокуратурамен байланысқа шығып, жұмыстан қысқартылудың заңды немесе заңсыз екендігін анықтайтын болды. Байқоңырда 1 қазақ мектебі, 3 орыс мектебі бар екен. Қазақстанға қарасты (біздің Білім министрлігінің бағдарламасымен оқиды) мектептің айлығы, Ресейге қарасты мектептерден төмен болғандықтан кейбір білікті мамандар, орыс мектептеріне кетіп жатқан көрінеді. Бұдан сырт, Байқоңырда Қазақстандықтардың шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуында қолайсыздықтар бар көрінеді. Осы мәселелерді ақылдасқан кезімізде, Байқоңырдағы жұмыссыз азаматтарды солтүстікке көшіру туралы өз ойларымды айттым. Бұл мәселелер алдағы уақытта назардан тыс қалмайды деп сенеміз. Солтүстікке бағытталып жатқан кейбір шаралар, негізінен ішкі көші-қонмен реттеледі деп ойлаймын. Себебі тәуелсіздік жылдарында осы өңірге шетелден көшіп келген ағайындарымыздың жалпы саны 700 отбасы болса, қазір солардың 30 пайызы ғана тұрақтап қалыпты. Бұған аймақтың климаты мен тілдік ортасы себеп болса керек. Осы арада шетелден келетін ағайындар туралы да мынадай жағымды жаңалықтарды айта кеткен жөн. Сыртқы көші-қонды реттейтін, оңтайландыратын заң жобаларын қарап, толықтырулар енгізіп жатырмыз. Ол жүзеге асар болса, Қазақстан азаматтығын алмаған оралмандар, елег келгеннен кейін кәсіпкерлікпен айналысуына рұқсат етілетін болады. Бүған қоса, Монғолиядан келетін ағайындардың бұрынғы еңбек өтілі де ендігі жерде зейнет ақысына есептелетін болмақ.
Жалпы ішкі көші-қон саласы болсын, ауылдағы ағайынның жай-күйі болсын, қордаланған мәселелерді БАҚ беттерінде көтеру, халық пен билік арасындағы көпір болу жағында «Qazaqstan dauiri» газетімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді айта кеткім келеді.
Экономика мен руханият бірікпесе – бәрі бекер
Амангелді Кеңшілік, «Нұр Отаннан» келген өкіл:
— Газетте көтеріліп жатқан ауыл тақырыбы, ондағы көкейтесті мәселелердің барлығы адамды ойлантатын жәйіттер. Ауыл қазақтың жан тамыры. Осында, айтайын дегенім, біз ауыл тақырыбын қозғағанда, басты назарды экономикалық жағдайлар мен инфрақұрылым сияқты материалдық мәселелерге ғана аударып жүрген секілдіміз. Қарап отырсақ ауылдың рухани әлемі де жұтаңдап бара жатқандығын байқаймыз. Адамдар ауылдан неге көшіп жатыр? Ең әуелі ұрпақтарын сапалы білім алатын ортаға әкелсем дейді. Ауыл мектептеріндегі оқу-ағартудың сапасын баршаңыз білесіздер. Екінші бір мәселе — ауылдың рухани жағынан жұтаңдауы кітап, газет-журналдардың жолы кесілуімен байланысты болып отыр. Кезінде «Ауыл кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптар болсын, басқа да мәдени, әдеби өмірге қатысты небір тамаша кітаптар баспадан шыға салысымен ауылға жетіп жатушы еді. Ол дәстүрдің жоғалғанына да талай жыл болды. Соның нәтижесінде ауылдан шыққан балалар мен ауылда өскен жастар қылмысқа бейім болып барады. Бұрын текті адамдар, рухани өзегі мықты адамдар ауылдан шығушы еді. Қазір ауылдан шыққан бұзақылардың елді шулатып жүргендігін бәріңіз білесіздер. Бұл нені түсіндіреді? «Қаймағы бұзылмаған қазақы ортамыздың» рухани жақтан тозып бара жатқандығының белгісі. Ауыл қараусыз қалды дедік. Біз тек қана экономикалық жақтағы мәселелерді басты назарға қойып, рухани әлемді бақылаусыз қалдырсақ — оңбай ұтылатынымызды да есімізден шығармайық.
Қойдың сапалы  тұқымы ғана — береке бастауы
Бауыржан Шақарбекұлы, «Ұлт бірлігі» қоғамдық қорының президенті:
— Ауыл тақырыбы сіздердің газеттеріңіздің үнемі назарда ұстайтын тақырыбы екендігін жақсы білемін. Жыл сайынғы «дәстүрлі» экспедиция аясында шалғайдағы ауылдардың жағдайы газет арқылы бүкіл елге, билікке жетіп жатыр деп ойлаймын. Ауылда талай мәселе шешімін таппай жатқандығы шындық. Әсіресе, шаруалардың жағдайын түзеу үшін мемлекет тиімді шараларды қолға алып жатыр. Сондай тиімділіктердің біразы мал басын көбейтуге, егістік жерге қатысты. Бізде мал басын көбейтуде, негізгі арнаны сиыр түлігіне көбірек аударып жатқан сияқтымыз. Бұлай кете берсек, жаңа ғана сөз сөйлеген Табыл Құлияс ағамыз айтқандай «қойды қызыл кітапқа енгізіп аламыз» деген пікірмен мен де келісемін. Бізде қойдың сапалы тұқымдарын жетілдіру ескерусіз қалып қойды. Ауылдағылар қойдың сапасы емес, санын ғана көздейтін болды. Сөйтіп мал баққан ағайын қойды сұрыптап, тұқымдарын асылдандыруға көңіл бөлмейтін болды. Бұған да себеп көп. Бертінге дейін қойдан алынатын шикізатқа сұраныс болмады. Соңғы бірер жылда ғана бірнеше жерде қой жүнін, терісін  өңдейтін фабрикалар пайда болды. Теріні арзанға болса да ала беретін, Қытай нарығы да қазіргі күнде төмендеп барады. Олар экологиялық жағдайды оңалту үшін, тері өңдейтін кәсіпорындарын техникалық және технологиялық жақтан күрделі модернизациялаудан өткізіп жатыр. Бұл өз кезегінде біздің де нарыққа аздап әсер еткендей. Елімізде қойдың асыл тұқымдары, климатқа бейімделген сорттары болды. Қазір соларды табу қиынға соғып тұр. Бізбен шекаралас жатқан Қытайдың ШҰАР-да тұратын өзіміздің қандас ағайындардың өзі «Басбай қойы», «Алтай тегене құйрықты қызыл қойы», «Еміл қойы», «Мори түбітті ешкісі» секілді небір асыл тұқымдарды өсіріп отыр екен. Бізге де сол сияқты сапалы тұқымдарды қайта дамытуға тура келіп отыр. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Үкіметтің назарында болатын шығар деген үміттемін.
Ерғазы Сейтқали

 

 

Ауылдағы ағайынға бүйрегіміз бұрып тұрады

 

Ардагерлер кеңесінің өкілі Көпболсын Бекмағанбетов:
— Біз де ауылдың баласымыз, ауылдан шыққанбыз. Ауылдағы ағайынның бүгінгі халіне қарап жанымыз ашиды. Әрине, қолдау көрсетуге, көмек беруге үнемі мүмкіндігіміз бола бермейді. Бірақ, «Қарты бардың — қазынасы бар» демекші, қарияларымыздың ортамызда аман отырып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, жөн сілтеуінің өзі ауылдарымызға тигізіп отырған пайдасы деп ойлаймын.

 

 

Ауылға жанашырлық болмай — іс алға баспайды

 

Зейін Әліпбек, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бас директорының БАҚ жөніндегі кеңесшісі:
— Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Кенже Қожахметұлы Абдуллаев басқаратын Шортанды ауданындағы А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы 17 дәнді-дақылдарды зерттеумен айналысады. Орталықтың ауыл шаруашылығы саласына қосып отырған бірден-бір үлесі — аталмыш дақылдардың жаңа әрі тиімді, пайдалы сорттарын зерттеп, соларды өсіру технологиясын егіншілікпен айналысатын ағайынға үйретіп келеді. Соңғы екі жылдың бедерінде орталық жұмысына қан жүгіріп, мәселен, жас ғалым Жылқыбай деген азамат бидай сортынан 46,5 центнер өнім алуға болатынын ғылыми түрде дәлелдеді. Екіншіден, «Нақты егіншілік» деп аталатын жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жоба цифрлы технологияларды пайдалана отырып, қазіргіден 2 есеге артық өнім алу және шығын көлемін 25%-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Бір жыл атқарылған жұмыстың нәтижесін былтырғы күзде көрдік.
Мұның бәрі орталығымыздың жұмысы болғанымен ауылдарымызбен тікелей байланысты деп есептеймін. Өйткені, егіншілікпен айналысатын ағайынның бәрі ауылдарда тұрады. Алдағы уақытта біздің жұмысымызды ауылдың қарапайым диқандары да атқарып кетеді деген сенімдеміз. Ал сіздердің ауыл-ауылды аралап, өткізетін экспедицияларыңызға сырттай қараған адам «не пайда, не азап?» деуі мүмкін. Мұның бәрі ауылға деген жанашырлықтың көрінісі деп ойлаймын. Сол жанашырлықтарыңыз түгесілмей, шырылдап жазып жатқан, жүгіріп жүрген еңбектеріңіз нәтижелі болғай деп тілеймін.

Ермұрат Назарұлы

 

 

Қордаланған көп мәселе бізге де таныс

 

 

АШМ “Шаруашылық” департаментінің директоры Нұржан Мырзабеков:
— Біздің министрлік өкілдері де негізінен ауылға жиі барамыз. Бірақ біз шенеуніктерміз ғой. Сіздер қанша дегенмен — халық өкілісіздер. Сондықтан жергілікті тұрғындар сіздерді өздеріне жақын қабылдайды. Шынында да газет — алтын көпір. Сіздер көтеріп отырған мәселелер бізге де таныс. Министр блогына да көптеген сұрақтар келіп жатады, хаттар да, өтініш-арыздар да министрлікке көптеп келіп жатады. Мысалы, су шаруашылығы — суармалы жерлерді ары қарай дамыту туралы бағдарлама, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы негізінде “Ауыл — ел бесігі” деген бағдарлама төңірегінде және “Жастар” жылы аясында көптеген жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта сіздермен бірлесіп көп жетістіктерге жетеміз деген ойдамыз. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген.

 

 

Банктер тәуекел етпеген қадамға біз барып жатырмыз

 

АШМ “Қаржылай қолдау қорының” басқарма бастығы Жандар Омаров:
— “Qazaqstan dauiri” расында да тәуелсіздікпен жасты баспа. Сіздердің жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. “Дөңгелек үстелге” шақырғандарыңызға рақмет. Егер нәтижелерге тоқталатын болсам, бізде “Жұмыспен қамту” бағдарламасы бар. Осы бағдарлама аясында тұрғындарға несие беру бойынша жұмыс істеп келеміз. 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан “Жұмыспен қамту” бағдарламасы, қазір “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасы аясында 2017 жылы 18,6 миллиард теңге, 2018 жылы 30 миллиард теңге қаржы бөлінді. Кейін Елбасының тапсырмасы бойынша соммасы 50 пайызға дейін ұлғайып, 44,7 миллиард теңгеге дейін өсті. Соның 60-тан астам 70 пайызға жуық қаражаты, яғни 30 миллиард теңгеден астам қаражат біздің қор арқылы игерілді. Нәтижелеріне тоқтайтын болсам, былтырғы қайтарылған ақша бар, былтыр бөлінген қаржы бар 9 мыңға жуық шағын несиелер берілді. Мысалы, банктер ауылға қаражат бермейді. Себебі, ауылдағы кепілге қоятын заттарды банктер алуға қорқады, өйткені оларды кейін сатуға қоя алмайды. Басқа да тәуекелдерге банктер барғысы келмейді. Сондықтан Елбасы тапсырмасымен “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасының сомасын көтеріп жатыр. Ал, біздің қор біріншіден ауылдағы жер болсын, үй, көлік, техника бәрін қабылдаймыз. Екіншіден “Сыбаға” бағдарламасы бойынша әкелінген малды несиеге алатын болса, сол малды кепілге қою механизмін де қолға алып жатырмыз. Сондықтан сатып алатын затының өзін 2018 жылдан бастап кепілге алу мәселесін енгізіп жатырмыз.
“Сыбаға” бағдарламасы бойынша шетелден мал әкелу мәсеселесі. Қазір осы бойынша министрлікте үлкен мәселе көтеріліп жатыр. Біз қашан дамимыз? Егер экспортқа шықпайтын болсақ, өз ішіміздегі нарық көлемі үлкен емес, сондықтан сыртқа шығу мәселесі министрлік тарапынан өте маңызды болып отыр. Басқа да шетелдермен ветеринарлық қауіпсіздік тұрғысынан келісіп, етті сыртқа жіберу мәселесі қолға алынып жатыр. Бірақ экспортты ұлғайту үшін біздегі мал саны өте аз болып отыр. Сондықтан сырттан мал әкелу арқылы халыққа арзан пайызбен кепілдік мәселесін жеңілдету арқылы несие беріп отырмыз. Сөйтіп, ішкі нарықтағы мал санын көбету көзделіп отыр.
Жалпы кепілге келер болсақ, биылдан бастап, “Қазагро кепіл” деген мекемемен бірлесе жеке қосалқы шаруашылықтарға несие беруге гарантия беруге атсалыспақ. Егер кепілге қоятын затының сомасы жетпей жатса, 85 пайызға дейін осы мекемемен бірлесе біз кепілге гарантия беретін боламыз. Ол кепілді алып, “Микроқаржы” ұйымы немесе несиелік серіктестер арқылы несие алып, біздің гарантиямен сомасын ұлғайтып алуына болады.
Осы мәселенің бәрі мемлекеттік бағдарламалар негізінде нақтыланып жатыр. Сондықтан сіздердің газеттеріңіз арқылы, біз осындай мүмкіндіктер бар екенін халыққа жеткізейік, насихаттайық. Сонымен қатар, лизинг қолжетімділігі күшейтілсе екен деген мәселе бар. Атап өтер болсақ, 2018 жылдан бастап субсидиялаудың жаңа түрі – 25 пайызға дейін техниканы субсидия беру енгізіліп жатыр. Егер лизингтік компанияға баратын болсаңыз, техника алу үшін бастапқы төлем 25 пайызды төле дейді. Сол 25 пайыз бастапқы төлемді шаруалар “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасынан алған субсидияны бастапқы төлем ретінде лизингтік компанияға өтініш беру арқылы өткізіп техниканы алуына болады. Яғни, шаруа тарапынан кепіл мәселесі шешілген және бастапқы төлем мәселесі шешілген. Қосымша проблемасыз техникаға қол жеткізуге болады. Мұны да халыққа жеткізуіміз керек, халық білуі керек. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасы аясында негізінен қандай шаруашылық болса да ешқандай шектеу, кедергі жоқ. Жеке шаруашылықтарға 4 миллион теңгеге дейін беріп жатырмыз. Былтырғы есеп бойынша орташа есеппен 3 миллион 600 мың теңге жеке шаруашылықтарға берілді. Бұл дегеніміз 20 бас ірі қараға дейін, қой болса, 130 басқа дейін деп есептейміз.
Қой шаруашылығы бойынша “Сыбаға” бағдарламасы ет бағытында 14 пайыз деп есептегенімен, субсидия 4 пайызбен 10 жылға 30 миллион теңгеге дейін беріп жатырмыз. Жалпы халық “Сыбаға” бағдарламасының тиімділігін әлі де болса толық түсінбей жатыр. Өзіміздің ауыл-аймақтағы филиалдарымыздың өкілдері де ауылға жылына немесе квартал сайын бір рет барып, кездесіп түсіндірсе деген талаптарымыз да бар. БАҚ арқылы, телевидение арқылы халыққа насихаттау жағын жоспарлап жатырмыз. Егер қаралатын болса, бір ұсыныс “Қазақстан” телеканалы ауылдағы халық көп қарайтын арна болғандықтан, солар арқылы біраз бағдарламалар түсіріп, халыққа жету жағын насихаттайық десек, шынын айтқанда барлығы сауда-саттық болып кеткен, уақытына ақша-қаражат сұрайды. Сондықтан мемлекет тарапынан бір арнайы уақыт бөліп, “Ауыл сағаты” әр апта сайын халыққа түсіндіру жұмысын, насихаттау жұмысын қолға алсақ деген ұсынысымыз бар.

 

Сұрақ-жауап кезеңі

Журналист Нағашыбай Қабылбек:
— Ауылдағы сабан үйлерді кепілге алмайды, өйткені ауылдағы үйлердің көбі дерлік сабаннан салынған, ауыл халқы басқа кепілге қояр заты болмаса, не істейді?

АШМ “Қаржылай қолдау қорының” басқарма бастығы Жандар Омаров:
— Сабаннан салынған үйлерді банктер ғана қабылдамайды. Бірақ біз жылына, ескі-жаңасына қарамай кепілге алып жатырмыз. Бағдарлама бойынша біздің қор да, “Аграрлық несие серіктестері” де, “Микроқаржы” ұйымдары да қабылдап жатыр.

Журналист Ерқазы Сейітқали:
— Қазіргі кезде “Ауыл шаруа-шылығы” министрлігінің субсидиялау бағдарламасы жақсы-ақ. Бірақ, керісінше, төменгі жақта алдаушылық бар. Соны сіздер білесіздер ме? Мысалы, шетелден, Ресейден келетін сиырлардың “қайнары” менің білуімше, үзіліп қалды. Яғни, сиыр жоқ, документтер жүріп жатыр. Ірі шаруа қожалықтары сондай алаяқтыққа барып отыр деген ақпарат бар. Сондай-ақ, ауылшаруашылық техникаға қатысты лизинг мәселесі, Ресейде 10 млн. тұратын комбайн бізде 30 млн. Осы жағын сіздер білесіздер ме, қалай бақылайсыздар? Қазір жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар, десе де жемқорлық мәселесі де тыйылмай отыр. Бұған не дейсіз?

“Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу” департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов:

— Бірінші сұрақ бойынша, ондай жағдайлар болды. Біз оны өзіміз анықтадық. Сонау шекарада ветеринарлық посттар бар. Солар арқылы анықталған жағдайлар бар. Сондықтан былтыр қаржыландыру ұйымдарының филиалдары барлығы бірігіп кеңес өткізіп, шешім қабылдадық. Малды әкелген кезде, посттан өткен кезде жүк өтті деген арнайы талон арқылы әкелген малдың саны, ветеринариялық құжаттары бәрі тіркеледі. Сол талонды бұрын талап етпейтін едік, қазір талап етеміз. Бұл талонды тек шекаралық КМБ ғана бере алады. Басқа органдар бере алмайды. Қазір бұл мәселені шештік. Қазір қаржы тиімді қолданылды ма, жоқ па, арнайы қожалыққа барып тексеру жағы қатаңдатылды.

АШМ “Қаржылай қолдау қорының” басқарма бастығы Жандар Омаров:
— Қосымша айтатын мәселе — біз қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз, құжаттармен тексереміз. Осы мәселе бойынша талонды қостық, сонымен қатар мал шекарадан өтті ме, жоқ па тіркейтін мекеме бар, соларды тексереміз. Банк-терден қаражат аударылды ма, сол құжаттарды да қадағалаймыз. Ондай фактілер бар. Анықталған жағдайда ақшаны қайтарып, 25 пайыздық айыппұл талап етеміз.
Төменде көп мәселе бар деп жатырсыз, біз оларды азайту үшін биылдан бастап, ХҚКО-лар секілді талон талап ету мәселесін жолға қойдық. Яғни, құжат толық өтсе, біздің мамандар талон береді. Бұрын құжаттар қабылданғанымен, уақытылы жауап берілмейтін. Сондықтан биылдан бастап талон енгіздік.
Ал лизинг мәселесіне келер болсақ, нақты менің құзіретіме кірмейді. Оны “Қазагро” қаржы акционерлік ұйымы бақылайды.

 

Ел игілігі үшін жасалып жатқан шаруа шаш етектен

 

“Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу” департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов:
— Мұндай жиынға бірінші рет қатысып отырмын. Келесі жылы да міндетті түрде келемін. Сіздер атқарып жатқан жұмыс шынында да үлкен жұмыс. Жергілікті жердегі халықтың мұң-мұқтажын бізге жеткізу, Үкіметке жеткізу үлкен шаруа. Өз басым аймақтарға шығып отырамын. Ауыл адамдарының мәселесін көбіне тікелей сол жерде шешіп беруге тырысамыз. Бірақ кей жағдайларда құжаттарға өзгеріс енгізуге тура келіп жатады, жалпы бірлесіп жұмыс атқарған нәтижелі болады. Жаңа Ертай ағамыз үлкен мәселелерді айтып өтті.
Бірінші субсидиялау мәселесіне тоқталар болсақ, былтырдан бері министрлікте субсидиялауды автоматтандыру мәселесі жүзеге асты. Субсидиялаудың бағыты бойынша, бірінші кезекте субсидия беру мәселесін барынша айқын, қолжетімді қылуға тырысып жатырмыз. Сол үшін “Қолдау kz” порталын жасадық. Бұл жерде өтінішті адамның көмегінсіз тікелей электронды қолтаңбамен, ХҚКО арқылы немесе портал арқылы қабылдауға мүмкіндік жасап отырмыз. Биыл 9-ын жасап үлгердік, қалғанын биыл жасап бітіреміз. Ол үшін Үкіметтің қадағалауымен арнайы тапсырма бар.


Екінші мәселе қазір көктемгі дала жұмыстары басталып жатыр. Сондықтан “Энергетика” министрлігімен бірігіп, “Жол картасын” әзірледік. Соған сәйкес биылғы көктемгі және күзгі жиын-терін жұмыстарына 800 мың тонна жеңілдетілген, арзандатылған жағармай берілетін болды. Қазіргі нарықтық баға бойынша жағармай 197 теңге болса, меморандум аясында фермерлерге 160 теңгеден беріледі. Бұл да біршама көмек. Дегенмен бір мәселе жеңілдетілген жанар-жағармай беру мәселесі заңды тұрғыда реттелмеген. “Ауыл шаруашылығы” және “Энергетика” министрлігі меморандум бекітіп жатыр. Бұл нарық заңы бойынша дұрыс емес, бірақ біз фермерлердің мұқтажын ескеріп, бұл қадамға барып отырмыз. Бұл көлем көктемгі және күзгі жиын-терін жұмыстарына толықтай жетеді. Енді оның берілу шарттарын айтар болсақ, былтыр пилоттық түрде Павлодарда жағармайды бөлу мәселесін автоматтандырдық. Соның салдарынан бұрынғы кейбір шаруашылықтардың жанар-жағармайды алу көлемі 40 пайызға төмендеп қалды, соны қайта есептеп мұқтаж фермерлерге қайта бөлдік. Сөйтіп, республиканың барлық түкпіріне жетуін қадағалаймыз.
Тағы бір өзекті мәселе – мал ұрлығы. “Ауыл шаруашылығы” министрлігінің тікелей “Ішкі істер” министрлігімен арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіттік. Соған сәйкес біз қазір жергілікті полицияларға ауылшаруашылығын бірдейлендіру базасына әр малдың иесін анықтауға рұқсат беріп жатырмыз. Яғни, ұрланған малды базарда сатады десек, ветеринарлық лабораториялар арқылы малдың сырғаларына қарап, анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Заңнамалық тұрғыда жауапкершілікті күшейту мәселесі, қылмыстық кодекске де біршама өзгерістер енгізу мәселесі де қаралып, зерттеліп жатыр.


Ал, кепіл мәселесіне келер болсақ, 2016 жылы субсидияның пайыздық ставкасы деген бағдарлама болды, сол кейін алынып тасталды. Осы мәселені былтыр қайта енгіздік. Бұл фермерлер алатын субсидия пайызын барынша төмендетуге бағытталған. Мұның арқасында мал шаруашылығында несие 4 пайызбен беріліп отыр. Несиелеу мерзімі 7 жылдан 15 жылға ұзарды. Бұл төлейтін жылдық үстеме пайызды азайту арқылы, фермерлердің табысын арттырады. Парламент депутаттарымен бірлесіп, агроөнеркәсіп саласына тиімді заң жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Солардың бірі агросақтандыру, біріншіден кепіл мәселесін сақтандыру арқылы бұл салаға тек өзіміздің квази қаржыландыру ұйымдарын ғана емес, банктерді де тартуға мүмкіндік туады. Егер бұл заң жобасы қабылданса, біршама көмек болады. Келесі мәселе — салық. Жалпы ауыл шаруашылығында төленетін салық көп емес. Бірақ оның механизмі қиын. Мысалы, қазір бір шаруа қожалығы 8 түрлі салық төлейді. Біз сол жұмыстарды оңтайландырып, бір салық түріне айналдыруды көздеп отырмыз. Сөйтіп, шағын шаруа қожалықтары ИП-лар секілді патент алады да, бір реттік төлем жасап, жұмыс істей беретін болады. Ол салық жердің әр гектарына есептеліп, соған сәйкес фермер жылдың басында немесе аяғында жердің көлеміне сәйкес бір реттік төлемін төлеп тастайды. Бұл дегеніңіз ауылдық жерде әр фермерге 8 салықты есептеу үшін бухгалтер қажет ететін мәселені шешетін болады, яғни әр фермерге бухгалтер ұстаудың қажеті болмайды. Себепті, себепсіз тексерісті де азайтуға мүмкіндік береді.


Қант зауыттары мәселесі бойынша, қазір қант шаруашылығы саласын дамыту бойынша жеке бағдарлама қабылданып жатыр. Солтүстік аймақтарда Петропавл және Павлодар облыстарында қант зауыттарын салу, инвесторлармен жұмыс нәтижесінде Жамбыл облысында жаңадан қант зауыты салынады. Бұл қант саласындағы 70 пайыздық импортты төмендетуге мүмкіндік береді. Алматы облысы бұл жағынан өте тәжірибелі. Сол тәжірибені солтүстік аймақтарда жүзеге асыру көзделген. Қазір Елбасы тапсырмасымен ауыл шаруашылығы ғылыммен тікелей байланыста жұмыс істеуге бейімделіп келеді. Көп жағдайда техника ескі, тұқым себу дұрыс жолға қойылмаған, егінді ору жұмыстарын жеделдету секілді жұмыстарды “Бараев” орталығымен бірлесе озық тәжірибелерді енгізу арқылы шешу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Ендігі мәселе — ауылдың инфрақұрылымын дамыту. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ауылдың инфрақұрылымын дамыту, жалпы ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің мәртебесін жоғарылату. Малшы деген ең төменгі сатыдағы адам деген көзқарасты өзгерту мақсатында жастар мен жасөспірімдер арасында оқу жұмыстарын жүргізу, фермердің дәрежесін арттыру арқылы тұрмысын түзеу мәселелеріне басымдық беру қарастырылып жатыр. Биыл Жолдауда да Елбасы ауылдық жерлерде ауызсу, жол мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөліп отыр. Әрбір аймаққа тән аймақтық бағдарлама құру арқылы әр ауылдың жағдайына қарай қаражат қарастырылып, әкімдіктермен бірлесіп, ауылдың жағдайын көтеру басты мақсат болып отыр. Осы алда жоспарланып отырған игі істеріміздің бәрін, сіздердің газет арқылы халыққа жеткізуге біз мүдделіміз. Сондықтан бірге жұмыс істеуге дайынбыз.

Тілекгүл Есдәулет

Дайындағандар — Нағашыбай Қабылбек,  Ерғазы Сейтқали, Тілекгүл Есдәулет,  Ермұрат Назарұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған