БЕС БАЛА – БЕС РУЛЫ ЕЛ ЕМЕС ПЕ ЕДІ?!

БЕС БАЛА – БЕС РУЛЫ ЕЛ ЕМЕС ПЕ ЕДІ?!
Бара жатыр жұмыр бас шыр айналып,
Қалды ғой сөйлей алмай, тіл байланып.
Тілсіз өрттің құрбаны боп кете барды,
Сәбилердің күлкісі – күлге айналып.

Құны жоқ күміс пенен алтын алқа,
Болмады аналарға ешбір қалқа.
Соңындағы боталарын сүйрелейді,
Алдағы күндеріне үміт арта.

Көтерсе де қара күшпен кірпіш-тақтай,
Келеді жас Астанаға жұмыс таппай.
Несиеге байланып жастық ғұмыр,
Лашықтағы өмірі жанға батты – ай!

Аһ ұрғызып ананы қинағаны – ай,
Әкенің ақ арманы қирағаны – ай.
Құрсаққа сыйып келген бес құлыншақ,
Осынау кең дүниеге сыймағаны – ай!

Бірі жүр жемсауы толмай – ұры болып,
Бірі жүр құр атақтың – құлы болып.
Қарашаның қамын ойлар қалаулылар,
Сөйлемей ме, халықтың ұлы болып!

Қалталылар орден – медаль сатып алып,
Енді бірі ақыл айтар жатып алып.
Тіршіліктің ауыр жүгін арқалаған,
Қазақтың әйелдері батыр – анық!

Бес баланы туған АНА ер емес пе еді,
Көтеретін мәртебесін ел емес пе еді?!
Көп балаға несібесін төгіп берсе,
Бес бала – бес рулы ел емес пе еді?!

Жұлдыз ТОЙБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған