Бес бірдей періште қызымыздың тірідей жануына кім кінәлі?

4 ақпан күні түнде Астана қаласындағы Сарыарқа ауданында жеркепеден алапат өрт шығып, бес бірдей бүлдіршін қыздың өмірін қиып кетті. Бұл хабарға ет-жүрегі езілмеген, қабырғасы қайыспаған жан қалмады. Әбден ашынғандар ашу-ызасын биліктен алып жатыр… Ал қыршын кеткен балалардың ата-анасы өте ауыр халде… Алла Тағала еш пендесіне мұндай сынақты бермесін деп тілейміз. Бес рулы елге тірек болып, бес тарапты қосады дейтін бес қыз бала — бір-ақ түнде қызыл жалынға оранып, өмірдің қызығы мен қуанышын сезінбей, ана дүниеге аттанып кете барды. Әке-шешеге ең құрмаса түнде балаларын құшағына басып жатқызбаған қу тіршілік-ай, ары тартсаң беріге жеткізбейтін қу тұрмыс-ай… Егер әлеуметтік жағдайлары келіссе, балаға төленетін жәрдемақы көңілдерін көншітсе, тым құрыса анасы үйде болып, балаларға бас-көз болар еді-ау деген өкініш те бар ішімізде. Ажал айтып келмейді деген осы.

 

 

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!

Енді біздер мектеп, бақша бармаймыз,
Енді дәптер, сөмке сатып алмаймыз,
Енді бізге берсеңдер де хан сарай,
Ішін шашып, ойнап, асыр салмаймыз!

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,
Өміріміз тар бөлмеде басталған.
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!

Қастарыңда болсын дайым анаңыз,
Әкетайың болсын дайым панаңыз,
Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те,
Ұжымақта зәулім сарай саламыз!

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,
Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын,
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,
Отанымда еш жамандық болмасын!!!

                                    Кеңшілік Тышқанұлы

 

 

Қарыздан көз ашпай кеткесін, аналары пластик карта шығаратын зауытқа жұмысқа шыққанына үш-ақ күн болыпты. Көлік жөндейтін орталықта жұмыс істейтін әкесі де тап сол түні түнгі ауысымға шақырылыпты. Құрқылтайдың ұясындай ғана жеркепе көпбалалы отбасыға тұрақ болғанымен, оны жылыту үшін салынған пештен ақау шығып, бес бірдей қыз бала жалындаған үйіндінің астында қалды. Балалар ойнаған ойыншықтар ғана шала жаныпты…
Қазақстан халқының 80 пайызы несиеде отыр деген бейресми ақпарат бар. Шын болар. Кім қарызға батқысы келеді, кім үстеме ақша төлегенді қалайды. Бәрі де жетіспеушіліктің салдары ғой. Банктерге миллиардтап қаржы құйғанша, демографияны дамытуға үлес қосып жатқан аналарға қолдау керек екенін түйсінер пенде, үкімет қайда? Егер көпбалалы аналардың жағдайы жақсы болса, бес қызынан бір түнде айырылған келіншек, 8 айлық кіші қызын жеркепеге қалдырып, жұмысқа шығып кетер ме еді? Әттең-ай, әттең! Ештеңеге көңілдері алаң болмаса, 4 жерден несие алып, бес қыздың ішіп-жеміне, киім-кешектеріне қарызданар ма еді? Бүгінгі нарықтық қоғамда балаларды балабақшаға беру үшін де қыруар ақша керектігі жасырын емес. Қарап отырсақ қоғамда түйткілі шешілмеген проблемалар жетіп артылады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова аузынан қағылып, көпбалалы аналарға берілетін 16000 теңгені жыр қылып халықтың ренішін туғызып еді. Мынадай қайғылы оқиғадан кейін ол бойжеткен райынан қайтар ма екен?! Әй, қайдам…
Өкінішке орай, баз бір шенеуніктер бала-шағасын қараусыз қалдырған ата-анаға кінә артып әлек. Тіпті олардың сот алдында жауап беретіндігі туралы да құлағымыз шалып қалды. Бұл енді халықтың ашуын туғызатын, қоламтаны қоздыратын анайы әрекет қой…
Әлеуметтік желі «сексеуілдің шоғындай» маздап тұр.
“Бес бірдей қыз баланың тірідей жанып кетуіне кім кінәлі деген сұрақ?” қалың елдің қабырғасын қайыстырып, ашу-ызасын тудыруда (Біздің билік бұдан қаншалықты сабақ алады, ол әлі белгісіз). Біреулер урбанизацияның кесірінен көруде. Оларға тоқтам жасау мүмкін емес қой, ағайын-ау. Өйткені ауылда жұмыс жоқ. Болған күннің өзінде жекеменшік иелері жақсы жалақы төлемейтіні тағы бар…

 


Өзге қалаларды қайдам, бір ғана Астанада өте қиын жағдай да тіршілік кешіп жатқан отбасылар көп. Көбісі жастар. Мысалы «Артем» базары маңында жертөле мен жеркепеде, темір құжыраларда қаншама көгенкөз өсіп жатыр. Олардың келешегі мемлекетімізді алаңдатпай отырғаны жүрекке батады. Қыстың қақаған аязында ауласына вагон-контейнер қойып, соларды пәтерге беріп отырғандарға не дерсің? Адам баласы осыншалықты тас жүрек болып кеткені ме сонда?
Әлеуметтік желілерде «Экспо. Бітпейтін той-томалақ. Әлемдік жиын. Ауғанға көмек. Халықаралық конференция. Тиынға мүсін. Әлемдік шоу. Ал көпбалалы отбасыларда баспана жоқ. Көрпеңе қарай көсіл, үкімет! Мәдина Әбілқасымоваға кет!» деп жатқандар не сан.
Әлеуметтік желіге белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы былай деп жазды. «Бір отбасыны күйретіп кеткен қайғылы жағдай еліміздегі әлеуметтік жағдайдың әлі де күрделі екенін көрсетеді. Біреулер миллиардтарды ұрлап қалтасына басып шетелде тайраңдап жүреді. Ал біреулер бес баласын асыраудың қамымен бүрсеңдеп түнгі сменде қара жұмыс істейді. Тапқанының тең жартысынан көбін пәтерақыға төлейді. Қалғанына қалтырап күнелтеді. Не деген әділетсіздік десеңші! Менің де айналамда ондай отбасылар көп. Жағдайлары қиын болса да жанталасып бала-шағасын асырап жатыр. Бұл жағдай біздің билікке зор да ащы сабақ болуы тиіс. Үкімет сондай отбасылардың тізімін жасап бақылауына алуы керек. Жеңілдікпен үй беру жағын қарастырсын деді Елбасы. Қазіргі тұрғын үй бағдарламалары аз ғана айлыққа күнелткен осындай отбасыларға тиімсіз. Осыны Үкіметтен талап етеміз! Әйтпесе, қара халықтың қамын жемеген биліктің құны бес тиын болып тұр ғой.

 


Бір күнде бес сәбиінен айырылған отбасыға қайғырып көңіл айтамыз! Өте ауыр жағдай. Алла Тағала ата-анасына сабыр берсін!».
Белгілі журналист Нұрбек Бекбау: «Ұлы Дала квартиранты» деген хэштег естеріңізде ме?! Біз пәтерден пәтерге көшкенімізге ренжіп жүрміз. Ал ауылдан келген ағайынға керек десеңіз, біз секілді пәтер жалдауға ақшасы жетпей, амалсыз бай-құшынастың қора сияқты ұзыннан-ұзақ соғып тастаған «времянкаларын» жалдап жүр. Енді ше? Пәтер дегенің 100 мың теңгенің айналасы!»

Ойымызды түйіндей келе айтпағымыз: Қайғылы оқиға құлағына жеткенде қартаң депутат Косаревтің: «Анасы үш айлық баланы қалайша тастап, жұмыс істеп жүр?» – деген сөзі халықтың шымбайына батып тұр. Осындайда мына бір жайт еске түседі. «Ертеде бір патшаның баласы «халық аштан қырылып жатыр» дегенді естіп, «ой, оларда қызық екен, базардан барып нан сатып алмай ма?» деген екен. Депутат Косаревтің қылығы да соған ұқсайтын секілді…
Әттең-ай, әттең! Бармағымызды қаната тістеп біз отырмыз. Одан басқа амал бар ма, ағайын?

 

Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған