БЖЗҚ мен ОҚО әкімдігі арасында Меморандумға қол қойылды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрбибі  Наурызбаевамен кездесті.

Басқосуда қос тарап өзара ынтымақтастық және әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған екі жақты әрекеттестік мүмкіндіктер жайын әңгімеледі. Мұнымен қоса, басқосуда тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту мен зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша ақпарат беру тақырыптары көтерілді.

Кездесудің нәтижесі бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттістік туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржы көлемін ұлғайту және түсетін міндетті зейнетақы жарналарының тұрақтылығын бақылау, сондай-ақ,  зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізілмек.

Өз кезегінде облыс әкімдігі БЖЗҚ-ның мемлекеттік және басқа да ұйымдарда тұрғындарға ақпарат беруге арналған шараларын өткізуге көмек көрсетеді және қажет болған жағдайда оларға қатысатын болады.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша орташа зейнетақы жинақтарының көлемі 486 мың теңгені құрады. 2016 жылы облыс тұрғындарының жасаған орташа нақты міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) сомасы 6 478 теңге болды.  Қазіргі таңда бүкіл республика бойынша БЖЗҚ-ның 231 дербес қызмет көрсету орталықтары жұмыс істесе, Оңтүстікте 20 бөлімше  халыққа қызмет көрсетуде. Оларда өткен жылы 455,7 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған