«Биліктен де, бұқарадан да жасыратын еш нәрсем жоқ»

Ерболат Саурықов, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты

– Ерболат Байұзақұлы,  Тараз инно­вациялық-гуманитарлық университетінің қабырғасы қаланғанына санаулы жыл­дар ғана болды. Алайда, қазір оқу ор­нының  терезесі тарихы тереңде жатқан білім ордаларымен тең түсіп отыр. Айтыңызшы, мұндай жетістікке жетудің құпиясы неде?

– Негізі білікті маман дайындау үшін ең бірінші  студенттерге барлық жағдай жасалуы керек. 2012 жылы басшылыққа келген бойы өңірдегі білікті ұстаздардың  барлығын біздің университеттің студенттеріне дәріс беруге шақырдым. Олардың тұрмыстық мә­селелеріне байланысты қажетті материалдық жағдайы мен жалақысын  толықтай  шештік. Одан кейін жаңа оқу ғимараттарының санын көбейтіп, студенттерге сапалы білім беру үшін қажетті құрал-жабдықтардың барлығын дайындадық.

Тағы бір айта кетерлігі, біздің уни­верситеттің оқытушыларына – өзге жоғары оқу орындарында қосымша дәріс беруге немесе басқа жерден қосымша табыс табуына шектеу қойылған. Себебі, мұғалім сабақ беруде ойы екіге бөлініп, екі жаққа  алаңдамауы қажет. Есесіне, біз  сол қосымша табысты осы университеттен табуына  мүм­кіндік жасап отырмыз.

ТИГУ-дың тағы бір ерекшелігі – ол жоғарыда айтқан материалдық-техникалық базаның мықтылығы.  Мәселен, осы таң­ға дейін біз  оқу ғимараттарының са­нын арттырсақ, биыл студенттер мен оқы­тушыларға арналған Тараздағы ең үлкен спорт кешендердің бірін  салып жатырмыз. Бұл нысан ағымдағы  жылдың 1 қыркүйегінде беріледі  деп кутілуде.

Одан бөлек, біз тек қана оқу процесімен ғана шектеліп қалмай,  студенттерді  практикада шыңдау үшін арнайы ғылыми-зерттеу  институтын  аштық. Байзақ ауданында алдыңғы жылы ашылған агро-биологиялық  ғылыми-зерттеу институтының қазір аумағын кеңейтіп, онда тұрған 1000 шаршы метрлік жылыжаймен қоса өндірістік жылыжайды соғуды қолға алып отырмыз. Ол үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Сондай-ақ, Жамбыл облысы аграрлық өңір болғандықтан аймаққа қажетті жаңа мамандықтарды ашу үшін министрлікке арнайы ұсыныс жасадық. Егер бұл ұсынысымыз  қолдау тауып жатса,  ТИГУ-да  болашақта   ветеринар, агроном, фермер  сынды тың мамандықтар оқытылатын болады.  Ал,  бұл мамандықтарда  білім алатын студенттердің біліктілігін практикалық тұрғыда шыңдау үшін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан 200 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт тауарлы фермасын салудамыз. Бұл нысанда сүт бағытындағы жұмыстар ғана жасалып қоймай,  сондай-ақ,  студенттерге арналған аудиториялар, лекция залдары, лабораториялар жұмыс жасайтын болады. Міне, осылайша біз мамандарға білім бере отырып, олардың болашақтағы жұмыс орнының мәселесін де шешіп отырмыз.

– Сіз  ректорлық қызметке алғаш келгеніңізде ТИГУ-дың бар-жоғы бір ғана ғимараты бар болатын. Алайда, жеті жылдың ішінде оқу нысандарының саны еселеп артты. Осы ғимараттардың барлығын тұрғызу үшін қаржы қайдан келді?

– Шындығын айтсақ, 2011 жылы Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің Тараз институты тарағаннан кейін, ТИГУ-дың жағдайы қыл үстінде тұрған еді. Өйткені, көптеген азаматтар қазақ-түрік университетінің ғимараттары бізге беріледі деп сендірген болатын. Алайда, кейін заң бойынша мемлекеттік мүлік жекеменшікке өткізілмейтіні  белгілі болды. Қазақстанның сату және сатып алу заңының аясында оны  тек қана арнайы конкурс арқылы жүзеге асыруға болады екен.

Осылайша ТИГУ  тіршілігін бастамай тұрып, ә дегеннен  бір ғана ғимаратпен қалды. Бірақ, бұған мойымай, ректорлық қызметке келген бойы, жаңа ғимараттарды сатып алуға кірістім. Нәтижесінде,  2012 жылы  2 ғимаратты сатып алдық.  Оның бірін  үнемделген қаржы есебінен алсақ,  екіншісін банктен несие алу арқылы өз теңгерімімізге аудардық.  Сондай-ақ,  қазіргі отырған бас кеңсемізді де несие мен үнемделген қаржы арқылы  тұрғыздық.  Одан бөлек, қалалық аурухананың жанында орналасқан тағы бір  нысанды сатып алып, оны күрделі жөндеуден өткіздік.  Әрине, бұның барлығы несие алу мен үнемделген қаржы есебінен жүзеге асатын дүние емес.  Бұл жұмыстарға қаржылай қолдау білдірген кәсіпкер жолдастарымның көмегі де көп  болды.

– Қазір облыстағы  оқу орындарының басты мәселесі – студенттер жатақханасы  екені рас. Бұл  мәселені шешу үшін ТИГУ жаңа жатақхана құрылысын бастайды деген әңгіме былтырдан бері айтылуда.  Айтыңызшы, бұл құрылысты қашан бастауды жоспарлап отырсыздар?

– Жоғарыда айтқанымдай қыркүйек айында спорт кешенінің құрылысы аяқталса, бірден жатақхана құрылысын қолға аламыз. Сыйымдылығы 400 студентке арналған жатақхана барлық стандарт пен талапқа сай болады.

Қазір бұл жобамызға қолдау білдіріп отырған демеушілеріміз де, өз қаржымыз да жеткілікті. Сондықтан, ешқандай дағдарысқа  қарамастан Алла қаласа биыл бұл құрылысты бастаймыз.

– Бұрындары студенттер мен оқытушылардың  шет мемлекеттерде дәріс алу, тәжірибе жинауы  қол жетпес арман болатын. Алайда, бірнеше жылдан бері оқу орындарыңыз   Қытай, Корея сынды мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас жасап,  студенттер  мен мұғалімдерге  сырт мемлекетте білім алуға  мол мүмкіндіктер  жасалуда. Бұған  қалай қол жеткіздіңіздер?

– Жалпы, шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу қазір  өте қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін біз  Германия, Малайзия,  Түркия сынды мемлекеттермен байланыс жасасақ, кейін келе  Қытайдың  Санжы, Іле педагогикалық  университетімен қарым-қатынас орнаттық. Осылайша  біздің студенттерімізге  шет мемлекетте білім алуға жол ашылды.

Университет тарапынан  студенттеріміздің шетелде оқуына ешқандай шектеу қойылып жатқан жоқ. Тек ағылшын тілінде сөйлеу дәрежесіне дейін жетсе, оларға мүмкіндік берудеміз. Қытай университеттерінің бір жылдық төлем ақысы біздің университеттен екі есе қымбат болғандықтан, біз  студенттерге қаржылай көмек беріп отырмыз.

Тағы бір ерекше айта кетерлігі, біздің студенттер Қытайда өзінің білімінің жоғарылығымен, оқуға, ізденіске  деген құштарлығымен  тегін оқу гранттарын жеңіп алуда. Мәселен, осы таңға дейін 16 студентіміз тегін оқып келсе, биыл   тағы  8 студентіміз Іле педагогикалық университетіне  грантқа түсті.

Ал,  2013 жылы Оңтүстік Кореяның  Сеул қаласына барғанымда жоғарғы оқу орындарымен келісімшартқа отырып келген болатынмын. Тіпті, Корея университетінен бізге оқытушы маман жіберуге  мәмілелестім. Соның арқасында қазір Кореяның  үш  оқытушысы  бізде жұмыс жасап жатыр. Оларға қызметтік пәтер беріп, барлық жағдайын жасап қойдық. Бұл бастамамызды бүгінде Қазақстандағы Корей елшілігі жоғары бағалап, университетімізге екі мәрте келіп кетті.Сондай-ақ, екі жақты байланысымызды нығайту үшін олар биыл ТИГУ-дың қабырғасынан соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған корей тілі орталығын ашып берді.

Бұдан бөлек, Кореядан оқу орнымызға қазақ-орыс тілін үйренеміз  деп келіп жатқан студенттер де бар. Осылайша Корея елінің университеттерімен екі жақты байланысымыз жыл санап нығая түсуде.

– 2017 жылдан бастап жоғары оқу орындарын халықаралық аккредитациядан  өткізу бастамасы көтерілуде.  Сол жайында  не айтасыз? Бізге бұл жаңа жүйе  тиімді ме?

– Еліміз  еуропалық білім жүйесіне өткеннен кейін, біз бұған міндетті түрде баруымыз қажет.  Сондықтан, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік аттестаттау мәселесі түбегейлі тоқтатылады. Оның орнына халықаралық аккредиттеу жүйесі енгізіледі.

Бұл біріншіден, білім сапасының жоғарылауына септігін тигізеді. Екіншіден, халықаралық аккредиттеуден өткен мамандықтар мен мамандар үш тілді меңгеретіндей жағдай қалыптасады. Ол дегеніміз – біздің студенттердің емін-еркін шетелге шығуына жол ашылып, әлемдегі кез келген жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас жасауға қол жеткізеді. Одан бөлек, тек  халықаралық аккредиттеуден өткен білім ордалары ғана  мемлекеттік грантқа қатысып, мемлекеттік үлгідегі диплом бере алады.

– Мемлекеттік аттестаттаудан өту  «қыл көпірден» өтумен пара-пар  болып тұрғанда,  халықаралық аккредиттеуден өту тіпті қиын емес пе?

– Әрине, халықаралық дәрежеде біліктілік  дәлелдеу өте қиын. Тіпті, екі есе қиын деп айтуға болады. Өйткені, университеттер енді өздерінің оқу бағдарламаларын қазақ, орыс, ағылшын тілінде дайындауы қажет. Бұрын құжаттар тексеру комиссиясының құрамына қарай орыс немесе қазақ тілінде дайындалып  келсе, ағылшын тілі мүлде сұралмайтын. Енді оқу орындары оқу бағдарламарын түгелдей  үш тілге аударып шығуы міндетті. Биыл біз сол себепті оқу орнымызда ағылшын тілді мұғалімдердің санын көбейтіп жатырмыз.

– Ерболат Байұзақұлы, егер сізді мемлекеттік қызметке, әлде жоғары лауазымды орынға шақырса, барар ма едіңіз?

– Мемлекеттік қызметке бірнеше рет шақырған. Мен барлығынан бас тарттым. Себебі, менің алдымда бұрыннан жоспарланған жобаларым бар.  Біріншіден, осы басқарып отырған университетімді облыстағы, еліміздегі  іргелі оқу орнына айналдырсам деп армандаймын. Сол себепті осы қызметімнен ешқайда кетпей отырмын. Мүмкін, тағы 1-2 жылда университетімнің тынысын кеңейтіп, өзімнің орныма лайықты адамды дайындап барып, өзге қызмет жайында  ойлайтын шығармын. Алайда, дәл қазір ондай ойым жоқ.

– Десе де, биылғы сайлауда облыстық мәслихаттың депутаттығына өттіңіз. Бұл қызмет бұқарамен етене жақын жұмыс жасауды міндеттейді. Айтыңызшы, халықтан сізге қандай өтініштер  келіп түсуде?  Және ол мәселелер қаншалықты шешімін тауып жатыр?

– Депутаттық қызметім енді басталып жатқанымен, халықтан түсіп жатқан өтініш-тілектер аз емес. Мәселен, жуырда Ниетқалиев көшесінің тұрғыны көпқабатты үй маңындағы жер телімінен  дүкен ашып жатқан кәсіпкердің құрылысы халықтың тұрмысына  келеңсіздік  тудырып жатқаны туралы  шағым білдірді. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолын салу мен көше жарықтандыру мәселесі бойынша да бірқатар өтініштер келіп түсті. Бұл сауалдардың барлығын жиыстырып, жақында  қала әкімдігінде өтетін комиссия отырысында көтергелі отырмын.

Бұдан бөлек, Меркі ауданындағы «Даурен» шаруа қожалығының басшысы хабарласып,  өткен жылы еккен қызылшасы өнім бермей, шығынға батқаны туралы айтып, қолдау білдіруімді өтінді. Бұл мәселе бойынша облыс әкімдігі мен  ауыл шаруашылығы басқармасына «Ауыл» партиясының атынан арнайы хат жолдап, қазір аталмыш шаруа қожалыққа көмек берілуде.

Осылайша, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де, «Ауыл» партиясының атынан да  бірқатар түйткілдердің түйінін тарқатып жатырмыз.

– Жалпы, өткен жылы  ғана құрылған   «Ауыл» партиясының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Осы жайында да әңгіме өрбіте кетсеңіз…

– Бұрынғы « Патриоттар»  партиясы мен «Ауыл»  партиясы   2015 жылдың 5 қыркүйегінде бірігіп,  үлкен партия болып қайта құрылған болатын.  Кейін өңірімізден партияның филиалы ашылды. Осы бөлімнің төрағалық  қызметі маған ұсынылып, былтыр біраз жұмыстар атқардық.

Негізі бұрынғы «Ауыл»  партиясының мақсат-міндеттерін оқып шықсам, онда көбіне  мал шаруашылығы мен  ауыл шаруашылығы сынды  аграрлық секторлар айтылып, өзге  мәселелер тасада  қалып қойыпты.  Сол себепті біздің «Ауыл» партиямыз осы олқылықтың орнын толтырып,  ауылды кешенді түрде дамытуды  мақсат тұтып отыр. Яғни, аграрлық бағыттан бөлек елді мекендердегі білім, денсаулық, мәдениет, спорт сынды салалар да назарымыздан тыс қалмайтын болады.

«Адам адам болып қалу  үшін өз-өзіне баға бере білуі керек» дейді қазақ даналығы.  Сіз өзіңізге басшы, ұстаз,  азамат ретінде қандай баға берер едіңіз?

– Менің бағамды өзім емес, жасаған жұмысыма қарай Жамбыл жұртшылығы береді деп ойлаймын. Өзім болсам осы таңға дейін еңбегім бағаланды, әлі бағаланып келеді  деп есептеймін. Оған дәлел, өткен жылдың Тәуелсіздік мерекесі  қарсаңында  Елбасының бұйрығымен  «Ерен  еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл менің адал еңбегімнің әділ бағасы болар.

– Өмірде өкінген,  бармақ тістеген сәттеріңіз болды ма?

– Әрине болды. Қазір университетіміздің дамуы Құдайға шүкір жақсы. Бірақ, дегенмен, мен осы қызметке сәл 2-3 жыл бұрын келгенімде оқу орнымыздың жағдайы бұдан да басқаша болар ма  еді. Мен соған ғана өкінемін.   Енді сол 2-3 жылды қуып жету үшін  өзімді-өзім қамшылап келемін.

– Биікке өрлегеннің балағынан тарту қазақтың қанына сіңген жаман қасиет қой. Айтыңызшы, қазір жауыңыз көп па, досыңыз көп па?

– Жұмыс болғаннан кейін біреуге ұнаймыз-біреуге ұнамаймыз. Тіпті, бір үйдің  балалары  бірдей болмайды ешқашан.  Сондықтан, менің қойып жатқан талаптарымды кейбір адамдар  дұрыс, кейбірі бұрыс  түсінуі мүмкін. Мүмкін, олар мені жау санаса, мен  үшін олар  жау емес. Бұл мен үшін  жай ғана қызметтегі, өмірдегі әр түрлі жағдайлар. Жалпы, достарым мен жолдастарым өте көп.

– Сенген адамдарыңыздың  сатып кеткен кездері болды  ма?

– Болған… Мен 6 жыл  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жүрдім, кейін 4 жыл Шымкентте болдым.  Қазір міне, 10 жыл көлемінде осы Таразда тұрып жатырмын. Осы өмір жолымда қызметтік, кәсіпкерлік жағдайларда мені сатып кеткендер болды. Және басыма қиыншылық түскенде теріс айналғандар да жетерлік.  Десе де, Құдайдың шеберлігінде шек жоқ қой. Солардың бірнешеуін кейін алдыма әкелді. Дана қазақ «таспен ұрғанды аспен ұр» дейді ғой. Сондықтан, мен олардан кек қайтару деген дүниені ойлаған емеспін. Бәрін ұмыттым, кешірдім.

– «Қызмет – қолдың кірі»  деп жатады. Бұл  жөнінде не ойлайсыз?

– Мен оған келіспеймін. Қызмет бала-шағаңның несібесі. Маңдай теріңнің өтемі.  «Қызмет – қолдың кірі»  деген сөз ол қызмет уақытша дүние дегенді білдіруі  мүмкін. Бірақ, мен үшін қызмет – ол материалдық дүниеңді дұрыстайтын, тамыр-таныс, дос  жинайтын, әрі бала-шағаңа дұрыс болашақ сыйлау үшін қолынан іс келетін адамға берілген мүмкіндік деп ойлаймын.

– Қазір елімізде мүлікті жария ету саясаты қарқынды жүргізілуде. Сіз осы сұхбат арқылы мүлкіңізді жария ете аласыз ба?

– Менің халықтан  жасыратын еш нәрсем жоқ. Осы университеттің тікелей  құрылтайшысымын. Одан бөлек, жеке кәсіпкерлігім мен шаруашылықтарым бар. Астымда жеке көлігім, үйім бар. Сондай-ақ, Мойынқұм ауданындағы   мәдениет үйі менің жеке меншігімде. Алайда, оны жуырда аудан әкімдігінің теңгеріміне тегін бердім, жөндеу жұмыстарына көмектесетінімді де айттым. Сондықтан, қазір биліктен де, бұқара халықтан да тығып, жасырып отырған дүнием  жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.  

 Сұхбаттасқан

Саятхан Сатылғанов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған