Биыл ОҚО-дағы 87 елді мекен тұрғындары электр энергиясымен қамтылады

2020 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы электр жарығына тәуелділіктен толықтай  арылатын болады. Іс-шара жоспарына сай биылдың өзінде 87 елді мекен тұрғындары сапалы электр энергиясымен қамтылмақ. Бұл мақсатқа биылдың өзінде облыстық және республикалық бюджет есебінен 11,3 млрд теңге қарастырылып отыр.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша электр қуатына жалпы қажеттілік орташа 400 МВт сағатты құрайды. Оның 30 пайызы  ішкі көздер есебінен өндірілсе, 70 пайызы еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады.

Ағымдағы жылы  Шымкент қаласында “Бозарық”, “Астана 1,2” қосалқы станцияларының құрылысы аяқталады деп күтілуде.  Нәтижесінде  қаладағы өнеркәсіп орындары мен 430 мың тұрғын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілмек.

Бұдан бөлек,  7 қосалқы станциялардың (Акжар, 1М1, 1М2, 2М1, 2М2, Новостройка 1, 2) құрылысы жоспарланып отыр.

Биыл сондай-ақ  Сарыағаш ауданында 220/100/10 кВ “Қызыләскер” қосалқы станциясының құрылысын бастау алмақ. Бұл мақсатқа 7,8 млрд. теңге бағытталатын болады. Егер жоба толығымен іске асса, Сарыағаш, Мақтаарал, Шардара аудандарындағы 705 мың тұрғын мен ауылшаруашылық нысандары, өнеркәсіп орындарын үзіліссіз, сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Яғни, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандары экономикасының әрі қарай дамуына қосымша 50 МВт электр энергиясы пайда болады.

Сонымен қатар, Ордабасы, Отырар аудандары мен Арыс қаласының аумағында  орналасатын кәсіпорындар мен 244 мың тұрғынды тұрақты электр энергиясымен қамту мақсатында “Бадам” қосалқы станциясының жобасы әзірленуде. Аталған станцияның құрылысы 2018 жылы басталады.

2018 жылы бастау алатын Төлеби ауданындағы  «Алатау» қосалқы станциясының құрылысына 938,9 млн теңге бөлініп отыр.

2017 жылы қуаттылығы 3,5 МВт-ты құрайтын Қазығұрт және Сайрам аудандарындағы 2 шағын су электр станцияларының құрылысы аяқталып, іске қосылады деп күтілуде.

Осы жобаларды іске асыру арқылы  электр желілерінің тозу деңгейін 2017 жылы 55,7 пайыздан  54,8 пайызға,  2021 жылы 52,4 пайызға  төмендету көзделуде.

 ОҚО әкімінің баспаөз қызметі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған