Болат Бақауов Ақсу қаласындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты


Ақсу қаласындағы тоғыз қабатты, төрт подъезден тұратын № 58 үйдің құжатын жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында белгілі болды. Құрылысы аяқталмай, тұралап қалған 102 пәтерлік үйді қайта қалыпқа келтіру жұмыстары шілде айында басталған.

–    Бұл үйді 90 жылдары сала бастаған, дегенмен соңына  дейін жеткізбеген, – дейді қала тұрғыны Руслан Баянов. – Содан бері осы екі подъезге ғана адамдар қоныстанған. Қалған төртеуінде қаңғыбастар мекендей бастады.

 

–    Біз келген кезде бұл учаскені адам бойымен бірдей қурай басып кеткен, іші шашылып қалған болатын, – дейді  «АМБ» ЖШС мердігерлік ұйымының төрағасы Анатолий Багин. – Қазір біз қабырғасына кірпіш қалап, ішкі жұмыстарды бастадық. Кестеге сәйкес үйді 2019 жылы қаңтар айында тапсырамыз.

Бұдан басқа, аймақ басшысы жеке тұрғын үй құрылысы басталған учаскені аралап шықты. Бүгінгі таңда қалаық билік бөлген 380 учаскенің 64-інде құрылыс жүргізілуде.

–    Бұл жерге адамдар кезекке 10 жыл бұрын  тұрып қойған, – дейді Ақсу әкімі Николай Дычко. –  Жер телімін алған адамның әрқайсысына биыл қабырғасы мен іргетасын  тұрғызу, келесі жылы құрылысты аяқтау туралы шарт қойдық. Біз өз үйін салып жатқандарға көмек көрсетеміз. Ал, учаскені алып, еш жұмыс жүргізбегендерден жер учаскелері тартып алынады.  Алынған жерлерді биыл құрылысты бастауға дайын тұрғындарға ұсынамыз.

Жеке тұрғын үй құрылысы шағын ауданындағы құрылыс қарқынын ERG компаниясының көмегімен арттыруға болады. Учаске алғандардың ішіндегі 50 адам – Ақсу ферроқорытпа зауыты мен Еуразиялық топ құрамына кіретін «ЕЭК» АҚ-ның жұмыскерлері.

Болат Бақауов компания басшысымен сөйлесіп,   жұмыскерлерге жеңілдіктермен қолдау көрсетуді өтінуге уәде берді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған