БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ

Жүрек жұтқан Еріктің таңғажайып ерлігі

Бұл оқиға 1979 жылы болған еді. Қоңыр күздің қоңыржай күні. Мақта терім жүріп жатқан кез.  Сол күні Оңтүстік Қазақстан облыстық МАИ-дың инспекторы, аға лейтенант Ерік Нарбаев Шымқаладан мақталы шаруашылықтарға қол ұшын беріп көмектесу үшін жолға шыққан жолаушылар автобустарына жолбасшылық жасауға тапсырма алған болатын. Екі мыңнан аса жолаушы отырған автобустар легі аз емес, ұзын  саны алпыс шақты. Бәрі әдеттегідей болатын. Әркім өзіне жүктелген тапсырмамен әуре. Ерік өзінің патрульдік машинасымен сағатына 20 километр жылдамдықпен калоннаның ең алдында келе жатты. Қарсы алдында спидометр, ал соңында ұзыннан ұзақ созылған автобустар тізбегі.

Жыландай ирелеңдеген автобустар тізбегін бастап, оқ бойы алда келе жатқан инспектор милиция көлігінің ескерту шамын жағып, «Абайлаңдар! Абайлаңдар!» деген дыбыс белгісін жарқыратып қойған. Қарсы жолыққан көлік жүргізушілері де бұларды байқай салысымен тәртіп бойынша жылдамдықтарын күрт бәсеңдетіп, жолдың оң жағына ойысып, автобустар легіне жол береді. Бәрі бәз-баяғыша. Аға лейтенант Нарбаевтың ойында ешқандай қауіп-қатер жоқ-ты. Қаннен қаперсіз келе жатты. Жұмысшыларды тиісті жеріне жеткізіп салады да, кері қайтады. Әдеттегі іс. Ал автобус салонында қыз-жігіттердің сыңғырлаған күлкілері мен гитараның дауыстары естіледі…

Кенет ең алдында келе жатқан автобустағы көңілді ән ортасынан шорт үзілді. Жолаушылар өздеріне қарама-қарсы бағытта үлкен жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан бензавозды байқап қалған болатын. Ол колоннаға қарсы сол жақ бетпен құстай ұшып келе жатты. Жүргізуші милиция машинасының жасаған ескертуін елең қылатын емес. Жылдамдығын да бәсеңдетер болмады. «Мына көк соққан қайтеді, ей?! Артқа!..» — Автобус жүргізушісі бар дауысымен айқайға басты: «Артқа!..»

Спидометр айтып келмес апаттың соңғы минуттарын санап жатты.

Жол шетінде «710 километр» деген жазуы бар тақтайша жалт ете қалды. Енді санаулы минуттардан соң бензавоздың автобустар легіне барып соқтығысатыны анық еді. Соқтығысса не болмақ? Біреу бауыр еті бауырынан, екіншісі әлпештеген баласынан, енді біреуі аяулы анасынан айырылады. Жылаған жұрттың көз жасы… Қайғының орнын немен толтырасың?.. Алғашында абдырап қалған Ерік бойын тез жинап үлгерді. Жүз күдіктің ішіндегі жалғыз үміт жалт етті: «Адамдарды құтқару керек!». Кенет ешкім күтпеген жағдай орын алды. Ағы лейтенант «Уазигінің» жылдамдығын күрт үдетіп, қарсы келе жатқан дүлейдің алдынан кесе-көлденең шығып, жолын бөгей берді. Содан кейін… бірер секундтан соң дүниені дүр сілкіндіріп гүрс еткен дыбыс шықты. Темірдің сықырлаған, шықырлаған, мыжылған үні естілді… Ол жан түршіктірер дыбыстар еді. Соққының қатты болғаны сондай, ауаға қалқып шыққан милиция машинасы он екі метрге дейін аулаққа ұшып кетті. Алайда алға құстай жүйіткіген дүлей бензавоздың жылдамдығы да пәсейіп, бірер сәттен соң мүлдем тоқтады…

Тырналардың керуеніндей бірінен соң бірі тізбектеліп келе жатқан автобустағы жолаушылардың бірде-бірі зақымданбады, барлығы дін аман. Тіпті ащы судан жұтып желіккен, автобустар легіне соқтығыса жаздаған жүргізушінің денесіне сызат түспепті. Алайда апаттың нәтижесі ауыр болды.

Расында, Еріктің басқа бірегей шешім қабылдайтын уақыты да болмаса керек. Оқиғаны өз көзімен көргендердің айтуынша, жолаушылар улап-шулап апат орын алған жерге жеткенде патрульдік машина жол жиегінде мылжа-мылжасы шығып, төңкеріліп жатыпты. Ал қанға бөккен өжет жігіттің жансыз денесі машина кабинасында қалып қойса керек. Арадан бір сағат өткенде арнайы топ мүшелері мен жедел жәрдем дәрігерлері Еріктің жансыз денесін екі бүктеліп иленген машина кабинасынан алып шыққанда «Бала… Балалар…» деген жалғыз ауыз тіл қатуға ғана шамасы келіп, автобустар жаққа созған қолы сылқ етіп төмен түсіпті де, соңғы демі үзіліп жүре беріпті…

Мінеки, аға лейтенант Ерік Нарбаев бейбіт заманда жау дзотын кеудесімен жапқан қас батырлардың ерлік ісін қайталап, осылай қаза тапқан болатын.

Кейін оқиға орын алған жерде арнайы мамандар жұмыс істеді. Солардың соңғы жазба-анықтамаларына қарағанда, егер аға лейтенант шешуші сәтте дұрыс шешім қабылдамағанда, тәуекел іске бармағанда «Тізбекті апат» орын алуы мүмкін екен. Бұл не деген сөз? Яғни автобустар легі бірінен соң біріне соқтығысып, өртке оранып, бұдан да үлкен қайғы-қасіретке ұласатын еді дейді. Алайда 710-шы километрде үлкен қайғы-қасіретке ұласатын сұмдық апат орын алған жоқ.

Сонымен, Ерік Нарбаев кім? Өзгелер үшін өз жанын құрбан етуге даяр тұрар мұндай өжеттік пен жанкештілік оған қайдан біткен? Оны кімдерден мұраға алған?

Ерік Нарбаев 1952 жылы Ақмола облысының бір түкпірінде қоңыр тіршілік кешіп жатқан Өндіріс (қазіргі Қыпшақ) ауылында дүниеге келген. Оның жасы небәрі 27-де ғана еді. Әкесі Жармағанбет пен анасы Сарқыт Боранбайқызы осы ауылда қарапайым жұмысшылар болатын. Басқа да көптеген дәстүрлі қазақ отбасылары сияқты көп балалы шаңырақта өсіп, ер жетті. Оның тапқырлығы, өжеттігі, ақжарқын мінезі қимас достары мен ауылдастырының әлі күнге есінде. Еріктің өр мінезді де батыл жан екені оның күлімсіреген өткір көзі мен қырмызы қыр мұрнынан аңғарылып тұратын еді дейді олар. Иә, ол да басқалар сияқты бала болды. Ол да барлық жас жеткіншектер секілді ел-жұрт аузынан тастамай айта жүрер ерекше ерлік жасауды армандайтын. Тайбурылына мініп алып, жауға жалғыз шапқан Жалаңтөс батыр, Қара қыпшақ Қобыланды атасын жиі түсінде көретін. Күндей күркіреп кешегі өткен Ұлы Отан соғысында көзсіз ерлік істер көрсеткен Сұлтан Баймағанбетовты, Төлеген Тоқтаровты өзіне үлгі етіп өсті. Оның тұп-тура Алматыдағы республикалық милиция мектебіне келіп түсуі де осы бір балаң қиялдан туған армандарын жүзеге асыру жолындағы жоспарлы шешім екендігі даусыз. Әрине, Еріктің түпкі мақсаты айтулы заңгер болу еді. Әгерәки, Тәңірі қолдап, жолы болып жатса, әрі қарай заңгерлік жоғары білім алуға даңғыл жол ашылуы да мүмкін ғой… Не керек, Ерік милиция мектебін осындай үлкен мақсатпен аттағаны анық. Ал Алматы милиция мектебі сол кездегі ержүрек әрі өжет, өз ісіне жан-тәнімен берілген, кез келген қас-қағым сәтте тез шешім қабылдай алатын кәсіби шеберлігі жоғары мамандарды тәрбиелеп шығаратын бірден-бір іргелі оқу орны болатын. Осынау бірегей милиция мектебін ойдағыдай аяқтаған жалындаған жас жігітті арнайы жолдамамен оңтүстікке жібереді. Айтып өтейік, Ерік тиісті орындарға өтініш жазып, сақшылық қызметтің ең күрделі де қауіпті нүктесіне, былайша айтқанда, майданның алғы шебіне баруға өз еркімен тілек білдерген екен. Алайда бұйрықтың аты — бұйрық. Нағыз жауынгер бұйрықты талқылап жатпайды, тек орындайды. Міне, заманымыздың қас батыры Ерік Нарбаев оңтүстікке осылай тап болған.

Ол еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданына қарасты Темірлан кентінде МАИ-дың автоинспекторы болып бастайды. Бұл әуелден әлемге әйгілі ауыл ғой. Бұл ауыл аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының ғұмыр кешкен мекені ретінде белгілі. Әлемдік күрес аренасында жауырыны жерге тимеген Қажекең бүкіл жер шарын аралап, атақ-даңққа бөленіп жүрсе де, туған жерін, атамекен елін ұмытпаған дара саңлақ. Өзі сонау Ақмола өңірінде дүние есігін ашса да, кейіннен Темірланға орнығып, өмірінің соңына дейін осы жерде ғұмыр кешті. Сүйегі де сол киелі топырақта жатыр. Мұны неге тәптіштеп отырмын? Себебі біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері болып отырған Ерік те атақты Арқа жақтың тумасы, алты алаштың ардақтысы Қажымұқан балуанның рулас туысы болатын. Ол да балуан атасы секілді теріскейдегі Қараөткелде дүниеге келіп, түстіктегі Темірланда дүние салды,  топырақ та балуан бабасының қасынан бұйырды. Қазір осында батыр бейітінің қасында мәңгілікке тыныстап жатыр. Мінеки, ел айта жүрер ерлік іс атқарып, батыр-балуан бабасының қасында мәңгілікке тыныс табуының өзінде белгілі бір тағдыр сәйкестігі бар секілді көрінеді бізге. Қалай  дегенде, бұл сәйкестік бекерден-бекер емес…

***

Осы орайда қадап айтып өтетін нәрсе, ол кезде біздің еліміз Мәскеудің қатаң бақылауында болатын, коммунистік идеология үстемдік ететін. Бүкіл билік коммунистердің қолында еді. Ал сол кездегі тәртіп бойынша, коммунистер ешқашан қате жібермейтін, жауапсыздыққа жол бермейді деп түсіндірілетін… Қалай түсіндірілсе, солай қабылданатын ол кезеңде қазақ оғланының бұл көзсіз ерлігіне билік орындары соншалық селт ете қойған жоқ. Қайта істі ушықтырмай жылы жауып қоюға жандарын салды. Алайда екі мыңға жуық адам куәгер болған бұл көзсіз ерлікті қасақана елемеу мүмкін емес еді. Сөйтіп, Еріктің ерлік ісіне алғашқылардың бірі болып «Комсомольская правда» газеті назар аударды. Осы газеттің арнаулы тілшісі Ю. Кириницианов Өндіріс ауылындағы Ерік оқыған мектепте арнайы ат басын бұрып, кең көлемде сұхбат жүргізді. Кейін сол сұхбаттың негізінде газет бетінде 40-50 жолдан тұратын шағын мақала («Ценой жизни», 13.12.1979 ж.) жарияланды. Өкінішке орай, сол кездегі қалыптасқан идеологиялық тәртіпке байланысты бұл мақала оқырмандар арасында дүр еткізер қоғамдық пікір тудыра қоймады. Қоғамды дүр сілкіндірер пікір тумаған соң, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің» кебін киген билік орындары да селт еткен жоқ. Ғажайып ерлік сол күйі жабулы қазан күйінде қалған.

Алматы — Ташкент күре жолының бойында болған сол бір қайғылы оқиғадан бері арадан 38 жыл уақыт өтіпті. Алайда естелік қалды.

Өз өміріне төнген қауіпті ойламай, өзгенің өмірі үшін жанын пида ету — ұлы ерлік. Мұндай ерлік сүйекпен бітеді, сүтпен сіңеді. Не десек те, өзге үшін жан қию оңай шаруа емес. Оның негізінде әлемді құтқаруға деген құштарлық, адамгершілік үлкен қасиет жатады. Ата-бабадан мирасқа қалған ерлік жасау мен жанкештілік дәстүрге адалдық жатады. Осындай жанкешті іс-әрекеті арқылы Ерік өзгенің өмір сүруі үшін өз басын ажалға кесе-көлденең тосып, бар қазақтың ар-намысын қорғап қалды. Осылайша, батырлық, жанкештілік қазақ ұлтының қанына туа біткен қасиет екенін тағы бір рет аңғартып кетті.

Сондықтан да өзгенің бақыты үшін өз жанын пида ету дәстүріне адалдық танытқан Ерік Нарбаевтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды деу оңай. Мәскеу кезінде елемеген сол батырдың сол ерлігін кейінгі ұрпақ біліп, өнеге алу үшін іс ж.үзінде не істей аламыз? Темірлан ауылының рорталығында ескерткіш немесе оның атына оның атына көше неге бермейміз? Қаншама адамның, баланың өмірін сақтап қалған азаматқа Халық қаһарманы атағын берсек те артық емес. Ойланайықшы, ағайын.

Болат ШАРАХЫМБАЙ

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған