«Біздің мақсат – сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» ұранымен театрландырылған оқушылар байқауы өтті

№19 жалпы білім беретін орта мектеп базасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Атырау облысы білім беру басқармасымен бірлесіп, облыстың 9-11 сынып оқушылары арасында «Біздің мақсат-сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» деген ұранмен театрландырылған көріністер байқауын ұйымдастырды. Байқауға дайындық алдын ала жүргізілді. Жасөспірім оқушылардың қойылымдарын тамашалауға көреремендер көп жиналды. Олар: мемлекеттік орган, оқыту мекемелері өкілдері, мектеп оқушылары, мұғалімдер. Бұл өткізілген өнерпаздық шараның негізгі мақсаты жас ұрпақтың бойына жауапкершілік, әділеттілік, ар-ұят, шындықты қастерлеу қасиеттерін дамыту болатын.

Сайыста 8 топ бақ сынасты, олардың 6-ы аудандардан болса, 2-і Атырау қаласы мектебінің командалары.

«Сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең мықты әдісі –  ол ашықтық» деген болатын Елбасымыз Н.Назарбаев. Осы сөздің мәнін өз қойылымдарында ашып, жеткізуге жұмыстанған жас өнерпаздардың өздері де, көріністерді тамашалағандар да бойларына адами қасиеттің жақсы түсінігін қалыптастыруға аз да болса үлгі алғаны анық. Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға, адамға зияны мен жеке өмірдегі адамгершілік қарым-қатынас үшін қауіптілігін өз скетчтерінде жеріне жеткізе ойнауға талпынған оқушыларға көрермендері әлсін-әлсін қол соғып отырды.

Жеңімпаздарға Департамент өкілдері, К.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің «Мәдениет және өнер»  бөлімі оқытушылары,  М.Өтемісұлы атындағы драма театр әртісі Г.Карлиева әділқазылық жасады.

Қорытынды нәтижесінде Құрманғазы ауданының Н.Манаева атындағы орта мектебінің командасы жүлделі 1-орынды жеңіп алып, ауылдарына мақтанышпен оралды.

                                                                          Светлана Муньянова

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған