Біз тілашар тойын жасап жүрміз бе?

Баланың тілі шығып, былдырлап сөйлей бастауы әр отбасының үлкен қуанышы. Ертеректе бүлдіршіннің тілі жеке–жеке сөздерді айтуға икемделе бастаған кезде, тілі тез шығуы үшін дәстүрлі «тілашар тойы» жасалып, мал сойылып, ауыл қариялары арнайы шақырылған. «Тілің тез шықсын!» деп сәбиге қойдың тілін жегізеді. Қой ішегімен буындырып тұрып, «Сөйлейсің бе?» деп сұрайды. Оның «сөйлеймін» деген уәдесін алады. Осыдан соң ақсақалдар «Сандуғаштай сайрап кет!», «Жиреншедей шешен бол, Жәнібектей көсем бол!»-деген сияқты ақ баталарын беріп тарқасады. Қазіргіата-аналар  тілашар жасамақ түгіл, баласының тілі шығып, сөйлеп кеткенін де білмей қалып жатады. Бұрындары тілі қалай шықса, солай қалыптасып кетеді деп жақсы сөз айтқызуға тырысқан. Алайда, баласының тілін ойынға айналдырып, неше түрлі жаман сөздермен аузын толтырып қойып, сол қылығына риза болып отыратын ата-аналар өте көп. Тіл шыққанына орай, сәбидің сұрақтары да көбейеді, барлығын білсем, көрсем деген сезім пайда болады. Сол қойған сұрақтарына ерінбей жауап беріп отыратын ата-ана бар ма?

Сіздерге өзім куә болған бір оқиғаны айтып берейін!.

Студент кезім. Демалыс бітіп, Өскеменнен Павлодарға жолға шықтым. Ұзақ жолда автобус ішіндегілер бір-бірімен танысып, әңгіменің түбін түсіріп отыратыны бар. Солардың ішінде жас отбасы болды. Тілі енді-енді шығып келе жатқан бала күн ұзақ анасына тыным бермей, неше түрлі сұрақтарды жаудырды-ау. Анасы да қайтпас жан екен, баласының әр сөзіне ерінбей, жалықпай жауап беріп отырғанын көріп біз қуанып қалдық. Анасын шаршатпас үшін, баламен сөйлесушілер көбейіп, әп сәтте ол барлығымен тез тіл табысып кетті.

Тағы бір мысал: Біздің көршіміз жас ата-аналар. Екі ұлы бар. Бірі төрттен асқан, екіншісі енді жасқа толады. Үлені қазірге дейін дұрыс сөйлей алмайды. Ата-анасы сап-сау. «Неге ұлы сөйлей алмайды?» – деген сұрақ туындайды. Бір себебі мынадан болу керек. Екеуі жиі ұрсысады. Тіптен олардың айқайлаған, шыңғырған ұрысынан біз шошимыз. Бәлкім, бала сол өзара ұрыстан шошып тілі байланып қалуы мүмкін. Екіншіден, баланың бұл мүкістігіне ата-анасы аландамайды. Бәлкім сол балаға «Тілашар» тойын жасап, дәстүрімізді қолдансақ сөйлеп кетер ме еді, кім білсін?

«Баланың көңілі анада, ананың көңілі телефонда» екенін көрсем, есіме “Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада” деген мақалымыз  есіме түседі.

Әлеуметтік желіде бүлдіршіндердің неше түрлі видеоролигін жүктеп қоятын ата-ананы көріп, баласын балалық шағынан ерте айырып жатқандай көрінеді. Бала деген тамырын енді жайып келе жатқан гүл. Оны қалай баптайсың, солай өседі және зор күтімді қажет ететінін ұмытпаған жөн.

 

Рамзия Айман

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған