Білімділікке ұмтылу — қанымызда бар қасиет  

Ақмола облысы, Зеренді ауданы, “М.Ғабдуллин атындағы ЖББОМ” КММ ұстаздары Елбасының болашаққа бағдар жасай отырып, құрған бағдарламасын өте жақсы қабылдадық. Қазірде мақалада көтерілген негізгі мәселелерді оқушылармен талқылап, ұлы мақсатқа жетуге арналған көптеген міндеттерді белгілеудеміз. Кез келген оқушы үшін ұстаздың рөлі ауадай қажет. Сонымен қатар, әрбір оқушы өзіне үлгі болар адам іздейді, соған еліктеп, сол секілді мықты болғысы келеді. Ал, Елбасымыз еліміздің әрбір жеткіншектері үшін бір қайталанбас үлгі десек қателеспейміз, себебі ол шәкірттерімізге қандай адам болып қалыптасу, елге қалай пайда тигізу, қалай патриот болу, қалай мәңгілік ел болып, әлем сахнасында ойып тұрып орын алу керектігін айтып отырады. Ұрпақ қуатты болса, онда мемлекет қуатты. Әрбір оқушы технологиядан хабары мол, үш тілді еркін меңгерген, әлемдік деңгейде сауатты, денсаулығы мықты, елін сүйген патриот және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін тәрбиелі болса, онда мұндай бірлігі мықты ел қандай қиындық болса да жеңіп шығады. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласына ұстаз ретінде бір тоқталып өтейін.

«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі», – деген Н.Ә.Назарбаев «Мәңгілік ел» болуға қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның ендігі жаһандану алдында ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін ұлттық кодын сақтаған, терең білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген ақыл-ойы кемел тұлға болуына маңыз береді. Осы бағдарда ол бабалар ұлағатымен астасып жатқан зерделі ойы мен парасатты пайымын білдіреді: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды. Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар». Мақалада айтылған әрбір ойдың астарында терең мазмұн мен зерделі пікір жатыр.

«Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде әрбір тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз.

Мен Елбасының осы сөздерін толық қолдай отырып, рухани мәдениеттің дамуы үшін тағылымды ұлттық тәрбиенің қайнарынан сусындап, биік адами құндылықтардың кемелдену барысында әрбір маман иесі кәсіби қызметін жоғары деңгейде жүзеге асыруы қажеттілігін түсінемін. Ел Президентінің рухани жаңғыруға қатысты ұстанымдары М.Ғабдуллин атындағы мектеп тарапынан бірауыздан қолдау тауып, ұлттың кемелденіп дамуына әсер етуші ең маңызды факторға айналады деп санаймын. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім жүйесі әрдайым бірінші кезектегі орында тұруы міндет деп есептеймін.

Изматова Эльмира Тахиржанқызы

Ақмола облысы, Зеренді ауданы, “М.Ғабдуллин атындағы ЖББОМ “КММ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған