Білім министрлігі қай жерден қателесті?

Білім министрлігінің басынан дау-дамайдың бұлты арылар күн қашан туар екен?  Нөсерлеткен «ақ жауын» бір тиылмай құйып тұр-ау, құйып тұр. Небір реформаның тезінен өткен министрлік, көптің көңіліндегі күдіктің бұлтын сейілте алар емес. Әріге бармай-ақ жыл сайынғы білім гранттарының бөлінуіне қатысты кикілжіңдер айналып соққан қара бұлттай есті шығарып болды. Көптің көңілінен шығу қиын десек те, шектен шыққан кейбір шешімдерге халық наразылығы артып барады.  Енді қайтпек керек?

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің…» демекші, заңды белінен басудың көкесі биылғы мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде болған секілді. Бұлай сенімді сөйлеуімізге Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында белгілі заңгер, ғалым Әбдіманап Бектұрғанов бастаған бір топ депутат қол қойған өткір депутаттық сауалдың Премьер-министрдің әлеуметтік салаға жетекшілік жасайтын орынбасары Ерболат Досаевтың атына жолдануы себеп.

Онда үстіміздегі жылы мектеп бітірген түлектерге жоғары оқу орындарында білім алуы үшін бөлінген гранттарды үйлестіру ісі қоғам тарапынан көптеген наразылық тудырғандығы айтылған. Өйткені Білім және ғылым министрлігінің басшылары «биыл «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығы болмайды, білім гранты тек Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алған талапкерлерге беріледі» деп алдын ала мәлімдеген болып шықты. Ал шын мәнінде білім гранттары колданыстағы «Білім туралы» Заң («Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңы) мен білім грантын беру ережесіне сәйкес, (Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 Қаулысы) «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығын сақтай отырып бөлінген. Осы қарама-қайшылық талапкерлер мен ата-аналардың түсінбеушілігін туғызғанға ұқсайды.

Осындай әділетсіздікке ашынған депутаттар мынадай мәлімдеме жасады.

«Білім туралы» Заңның 26-бабының 5-тармағына сәйкес «Алтын белгі» белгісімен марапатталған түлектердің конкурс өткізу кезінде білім беру гранттарын алуға басым құқығы бар.

Алайда Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім гранты конкурсының нәтижесі бойынша грант иегерлерінің тізімін 2 рет жариялаған  (10 тамызда және 14 тамызда). Бірінші тізімде министрлік «Алтын белгі» белгісімен марапатталған түлектердің басымдығын ескере отырып гранттарды бөлген, ал екінші тізімде «Алтын белгі» иегерлері алынып тасталып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алғандар грантқа ие болған.

Шындығына келгенде, бұның бәрі әркімнің қалауынша емес, қолданыстағы заң бойынша әділ шешімін табатын мәселе.

Осы орайда бірнеше сұрақ туындайды:

  1. Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім гранттарын тағайындау жөніндегі конкурстық комиссиясы қолданыстағы заңды басшылыққа алмай, енді ғана дайындалып жатқан заң жобасына сілтеме жасап, шешімін неге өзгертті?
  2. 2017 жылғы 26 шілдедегі Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 446 қаулысымен грант бөлу конкурсындағы «Алтын белгі» иегерлерінің басымдық құқығы сақталған. Ендеше, министрліктің шешімі қандай құжатқа негізделген? (Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 Қаулысы)
  3. Бірінші тізімде грант тағайындалып, екінші тізімде грантқа ілінбеген талапкерлердің мәселесі қалай шешілді? Еліміздің бір жоғары оқу орнынан алынып тасталып, басқа бір аймағының жоғары оқу орнына қайта бөлінген талапкерлердің жағдайы қалай болады? Бұл туралы нақты ақпарат жоқ.
  4. Неліктен медициналық мамандықтар бойынша бөлінген мемлекеттік тапсырыстың медициналық жоғары оқу орындарының арасындағы бөлінісі құжаттар тапсыру аяқталуына 1 күн қалғанда жарияланған? Бұқаралық ақпарат құралдарында таралған ақпаратқа сәйкес медициналық жоғары оқу орнына түсуге «Алтын белгі» иегерлеріне берілген 220 грантты Денсаулық сақтау министрлігі бір күнде жарамсыз етіп тастағанын қалай түсінуге болады?
  5. Грант бөлу кезінде екі түрлі бұйрық шығарып, қателіктер жіберген министрліктердің жауапты қызметкерлері қандай жауапкершілікке тартылды?

Осы депутаттық сауалға жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз деді депутаттар.

Шынында да мың құбылған Білім министрлігінің бұл қадамын құптай қою қиын. Келешекте тағы қайталана бермеу үшін нақты бір шешімді Үкіметтен күту ғана қалды.

Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған