Біртанов үкіметке қоғамдық денсаулық сақтаудың біріңғай қызметін құруды ұсынды

Мұндай ұсынысты ведомство басшысы бүгін Үкімет сағатында айтты.

 

ҚР денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру болып табылатынын атап өтті, ол халықтың денсаулығын нығайту бойынша ведомствоаралық жұмыстарды реттеумен және үйлестірумен айналысатын болады.

Әлемнің көптеген елдеріндегі тәрізді, Қазақстанда да ауру мен өлім-жітім негізінен жұқпалы емес созылмалы аурулар жағдайында орын алады, ал жұқпалы аурулар олардың жалпы көлемінің 2% құрайды. Соңғы жылдары Қазақстанда жұқпалы емес созылмалы ауруларға жұмсалатын шығындардың өсуі байқалады, бұл жалпы шығындардың 95-96% құрайды.

Қоғамдық денсаулық моделі ауруларды емдеуден оның алдын алу мен басқаруға назар аударуға мүмкіндік береді. Қазақстанда ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен айқындалған қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі он оперативті функциясының негізінде құрылады.

Оның ішінде – халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын эпидемиологиялық қадағалау, денсаулыққа қауіп төнген және төтенше жағдайларда мониторинг жүргізу және әрекет ету, денсаулықты қорғау, оның ішінде қоршаған ортаның, еңбек, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар денсаулықтың нашарлауын ерте анықтаумен аурулардың алдын алу.

Оқыңыз:   Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласын дамыту үшін бес жаңалық енгізбек

Сонымен қатар, көрсетілген функциялардың қатарына денсаулық сақтау саласын стратегиялық басшылықпен, құзыретті кадрлармен, сондай-ақ тұрақты ұйымдастырушылық құрылыммен және қаржыландырумен қамтамасыз ету кіреді. Бұдан басқа, оның функцияларында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен зерттеулердің дамуына ықпал ету қамтылады.

Бұл қызметтің дамуының негізгі бағыттары қазіргі кезде мыналарды қамтиды: нормативтік құқықтық база мен бюджеттік бағдарламаларды қалыптастыру, ұсынылатын қызметтер тізімін әзірлеу, инфрақұрылымды дамытуды, бірыңғай IT-платформа құруды, кадрлық әлеуетті дамытуды қамтумен денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру, сонымен қатар бизнесті тарту мен мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту.

Жалпы, қоғамдық денсаулық қызметін дамыту «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасындағы көрсеткіштерге ғана емес, ұлт саулығын білдіретін көрсеткіштерге де қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл сонымен қатар мемлекеттің барлық секторларын тартқан және халықтың салауатты өмір салтын ұстану дағдысын қалыптастырған жағдайда денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындардың арту қарқынын тежеуге жол ашады.

Талқылау қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жыл соңына дейін қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру бойынша барлық ұйымдастырушылық мәселелерді шешуді тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған