БҚО-да ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 8,3 млрд теңге жұмсалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар аясында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні кеңінен аталып өтілді.

null

null
Мерекелік салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы кең көлемде тойланғалы отыр. Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы саласы қиын кезеңді бастан өткерсе, бүгінгі таңда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады.  Елбасы құттықтауында ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге тоқтала келіп, «осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін» деп, алғыс білдірді. Сонымен қатар ел Президенті «Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын перспективалы салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз» деп атап өтті.

null

null

Өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамыту 443 ауылдық елді мекенді өркендету, облыс тұрғындарының жартысынан астамын (51,5 пайызын, 329 мың тұрғынды) қолдау болып табылады.

Мемлекет егемендік алғаннан бері бұл салаға айрықша назар аударып, ерекше көңіл бөліп келеді.

Тек 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 8,3 млрд теңге жұмсалды (2014 жылы – 4,9 млрд теңге, 2015 жылы – 7,1 млрд.теңге). Сонымен қатар 2016 жылы шаруашылықтарға                         «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы 3,6 млрд теңге несие көзі тартылды.

2013 жылдан бастап облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарына «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы  19,0 млрд теңге несие ресурстары тартылған болса, соның ішінде 4,2 млрд теңгеге 1 055 ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғылары лизинг бойынша сатып алынды.

Тәуелсіздік жылдары (1993-2015 жылдар) ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 16 есеге (7 млрд теңгеден 107 млрд теңгеге дейін) өсті.

Батыс Қазақстан – асыл тұқымды Көшім жылқысы, қазақтың ақбас сиыры мен Еділбай қойының отаны. Соңғы 20 жылда ірі қара 30, қой мен ешкі 50, жылқы 60, құс саны 130 пайызға артты.

Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ аясында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі шаруалардың аяғына нық тұруына, бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында барлық жағдай жасалуда.

Биылғы сегіз айдың өзінде ауыл шаруашылығындағы сыртқы сауда айналымы 14,4 млрд теңгені құраса, соның ішінде экспорт 2,4 млрд, импорт 12,0 млрд теңге болды. Өңір негізінен ірі қара мен уақ жандық етін, балық өнімдерін, ұн мен астық өнімдерін, майлы дақылдар, макарон және басқаларын шетке шығаруда. Ресей, Испания, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан және Украина облыстың саудадағы әріптестері болып отыр. Мысалы, «Ірі қара етін экспорттау әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында соңғы бес жылда  7300 тонна ет пен ет өнімдері осындай елдерге жөнелтілді.

null

null

Биыл егін бітік шығып, 318 мың тонна астық (әр гектарға 15 центнер) жиналды, бұл өткен жылғыдан (95,4 мың тонна) 35 есе көп. Әсіресе, Зеленов ауданындағы «Алтын бидай» ШҚ (Бекболат Мұқашев) күздік бидайдың әр гектарынан 52,3 центнерден алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сол секілді «Матевосян» (Саркис Матевосян, 50 центнерден), «Достық» (Владимир Шевчук, 41 центнерден) және басқа қожалықтарды атап өтуге болады.

«Сегіз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 63,3 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылғыдан 106,7 пайызға артық және бұл жөнінен облыс республикадағы үздік бестіктің қатарына енеді. Мұның бәрі – ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің арқасы», деді өңір басшысы

Жиын барысында сала үздіктері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ Зеленов ауданынан Сергей Шунайбеков «Үздік асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылық», Ақжайықтан Ерболат Құрманғалиев «Үздік асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық», Ерболат Аткеев «Үздік асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын шаруашылық», Теректіден Вячеслав Балакиев «Үздік бау-бақша шаруашылығы» аталымымен марапатталды.

Ауыл шаруашылығы күні аясында жәрмеңке, мерекелік концерт, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған