БҚО-ның Астанадағы күндері болып өтті

«ЕХРО-2017» көрмесі аясында, еліміздің әр аймағынан Елордаға келіп, өңірдің экономикалық әлеуеті мен тарих, мәдениет және өзге салалардағы жетістіктерін паш етуге бағытталған, облыстардың Астанадағы күндері өтіп жатыр. 2017 жылдың 31 шілдесі мен 4 тамыз аралығында Батыс Қазақстан облысының мәдени күндері болып өтті. Ақжайық өңірінен бас қалаға келген өнерпаздар неше күн бойы Астана аспанын думанға бөледі. 31 шілде күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен тілшілермен болған кездесуде, Батыс Қазақстан облысы әкімінің  облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов осы реткі шара барысында өтуге тиісті концерттік бағдарламалары мен өңірдің экономика, және ауыл шаруашылығы саласындағы жеткен жетістіктері туралы баяндама жасады. Яғни 2017 жылдың 31шілдесі мен 4 тамызы аралығында Астанадағы Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында 10 концерттік бағдарлама,8 спектакль және этноауылда кеңейтілген қолөнер шеберлерінің және мұражай көрмесі ұйымдастырылмақ. А.Өтеғұлов БҚО-ның  инвестициялық тартымдылығын арттыру мен инвестициялар тарту бойынша қабылданып жатқан шараларға да тоқталды. Мысалы, ет өңдейтін «БатысМаркаЛамб» ЖШС Ирандағы ет өнімдері бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен келісімшарт жасасып, өнімінің алғашқы легін экспортқа жіберген. Иран елімен орнатылған тиімді қарым-қатынастың нәтижесінде бүгінде мұнай-химия кәсіпорны мен ет өнімін тасымалдау бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатыпты. Журналистермен кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары туристік саланы дамыту мақсатында да бірқатар шаралар қолға алынып, инвесторлар тартылып жатқандығын айтты. Мысалы, КПО б.в. компаниясы (Орал әуежайын қайта жаңарту бойынша), “Tuvia” итальяндық компаниясы (заманауи қонақжай кешенінің құрылысы бойынша), «Elim» маркетингтік және әлеуметтік зерттеулер институты (облыста қосымша ойын аумақтарын ашу), және т.б. шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыпты.

Бұдан кейінгі жердегі дүбірлі думан Батыс Қазақстандық өнер ұжымдары мен қолөнер шеберлерінің және спортшылардың шеруінен басталды. 31шілде мен 4 тамыз аралығында Этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жайықтың жауһар мұралары» атты музей  көрмесі  мен «Экспо-2017-әлем көрмесіне саяхат»  атты сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері және суретшілер көрмесі болды. Қонақтар назарына ұсынылған құнды жәдігерлердің қатарындағы «Алтын ханшайым», Құрманғазының домбырасы, «Киргизы Букеевской Орды» атты А.Харузинның кітабына көпшіліктің қызығушылығы ерекше болғанын айта кеткен жөн. Экспонаттарды алғашқы күндері қала қонақтарынан өзге шетелдік туристерде тамашалап қайтты. Осымен қатар «Жазира Жайық» атты мәдени шара барысында Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әншілері Қатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Күләш Қуанышқалиева халық әндерін орындады. «Назерке» және «Ақжайық» ансамбльдері би қойылымдарын әсем орындады. Этнофольклорлық ұжымдардың концертінде Қазталов, Зеленов, Тасқала аудандарының өнерпаздары да ән-күй мен термелер, би қойылымдарын ұсынды. Осымен қатар Жайықтан келген театр саңлақтары да Арқа жұртына өз қойылымдарын ұсынды. Қ.Қуанышбаев театрнда облыстық қазақ драма театры Ф.Буляковтың «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясын, А.Н. Островский атындағы  драма театры М. Горький атындағы театрында У. Шекспирдің «Двенадцатая ночь», Конгресс-холлда облыстық жастар шығармашылығы орталығының эстрадалық-симфониялық оркестрінің және «Казмедиа» орталығының залында Орал қаласының  өнер ұжымдарының концерттері, 3 тамызда Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Назерке» халық би ансамблінің және «Бәйтерек монументі» алаңында Орал қаласы  өнер ұжымдарының концерттері,- Елорданың мерекелік сәнін онан ары асыра түсті.  2017 жылдың 4 тамызы күні Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндеріне орай, «ЭКСПО-2017» көрмесі алаңындағы амфитеатрда облыстың өнер ұжымдарының концерті  ұйымдастырылады.

Қазақстанның батыс қақпасы саналатын аймағымыздың республикадағы орны ерекше. Өндірісі өрге басып келе жатқан облыс, биылғы жылы Қазақстанда түңғыш рет өтіп жатқан айтулы көрмеге, өңірдің айшықты келбетін көрсететін бірнеше жобаларды да әзірлеген екен. Бұл туралы баспасөз конференциясында баяндама жасаған Арман Өтеғұлов мырза тарқатып айтты. «Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтары үшін облысымызда туристік және экскурсиялық 3 жол-бағдары: Шалқар өзені мен Бөкей хандығы, мұражайлар бойынша экскурсиялық жол-бағдарлары дайындалғандығын атап өткім келеді. Одан өзге облыстың тұрғындары мен қонақтарына арналған облыстың туристік нысандары мен көрікті жерлері туралы барлық ақпараттармен қамтылған www.visit-west.kz сайты жұмыс жасайды.»- деді облыс басшысының міндетін атқарушы Арман Өтеғұлов.

Осылайша, «ЕХРО-2017» көрмесі аясындағы облыстардың Астанадағы мәдени күндері бағдарламасына орай өткізілген кезекті БҚО-ның күндері жоғары деңгейде өтті. Қазақстанның батыс қақпасы есептелетін, тарихы тереңде жатқан, өндірісі өркендеп келе жатқан өңірдің алар асулары мол болсын дейміз.

«elana» ақпарат

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған