БҚО әкімі Сырым ауданының бүгінгі халімен танысты

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Өңірімізде Елбасы тапсырмасымен гидротехникалық  құрылымдардың түгенделуіне орай  аудандағы Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Аңқаты өзені  су қоймасының  су өткізгіш жүйесін және Қособа ауылдық округіндегі Өлеңті өзенінің  көлдетіп суару жүйесі де жөндеуден өтуде. Өңір басшысы ауданымыздағы қос су өткізгіш жүйенің жөндеу жұмыстарымен танысты.

Айта кетейік, Аңқаты су қоймасы 1970 жылы  пайдалануға берілген екен. Алайда, содан бері жөнделмей, күтімсіз қалып, бүгінде тозығы шыққан бөгетті жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталды. 17 қарашадан бастап, Су өткізгіш жүйені қалпына келтіру үшін жоба құны 102 млн 083 мың теңге.  Биыл облыстан 15 млн, ауданнан 5 млн 600 мың теңге бөлініп, осы сомаға  31 желтоқсанға дейін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының мердігері ретінде «ПМК-117» ЖШС танылып, жөндеу жұмыстарына кіріскен болатын. Құрылыс жұмыстары келесі жылы да жалғасын табады. Бөгетке  6,5 текше метр су жиналып, мал шаруашылығы мен бау-бақшаны дамыту үшін септігін тигізеді деп күтілуде. Шандорлары жасалып,   жоғары бетіне плиталар төселді.  Су келетін үстіңгі бетіне тазарту, қазу, бетон құю жұмыстары  жүргізілуде. Облыс әкімі А.Көлгіновке «ПМК-117» ЖШС директоры Ольга Попова жобамен, жөндеу жұмысының барысымен таныстырды. Аудан әкімі Абат Шыныбеков бұл жұмыстар аяқталған соң, ауданға бау-бақша егу,  ауыл шаруашылығын өрістетуге әкелетін пайдасы туралы айтты. «Раушан» шаруа қожалығының жетекшісі Берік Айтақашев су қоймасына су толса, ауылға инвесторлар тартылып, бау-бақша егу, шаруа қожалықтарын ашуға молынан мүмкіндік туады деген пікірін білдірді.

%d0%ba%d3%a9%d0%bb%d0%b3%d1%96%d0%bd%d0%be%d0%b2

Ал, Өлеңті көлдетіп суару жүйесі  Қособа ауылын ғана емес, Бұлан, Жымпиты  ауылдарын да қамтиды.  Осыдан сексен бір жыл бұрын  салынған бөгет ауыл тұрғындарының аудан әкімімен кездесулерінде сұраған өтініштері бойынша жөнделуде.  Өлеңті көлдетіп суару жүйесіне «Жиенбай» ЖШС  құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бөгетте бөгеліп, сегіз шүмекпен 10300 га  жерге жіберілген суды 15 шаруа қожалығы кәдесіне жаратады.  Су жүйесі Жымпиты және Бұлан ауылдарына да су жіберілетін шүмекпен қамтылған. Мал жайылымы үшін көлдерге судың молырақ шығуы шаруалардың жұмысын қыруар пайда әкелмек.

Өлеңті  көлдетіп суару  жүйесінің жөндеу жұмыстарымен «Жиенбай» ЖШС-нің бас инженері Боранбай Мерғалиев облыс әкімі Алтай Көлгіновке түсіндірді. Биыл бас имараттағы қақпалар ауыстырылып,  түбін бетондап, бекіту жұмыстары жасалды. Келер жылы шүмектерді жаңарту жұмыстары қолға алынады. Биылға облыс қазынасынан бөлінген 18 млн теңге толықтай игерілді. Өңір басшысы аудан басшысына қалған шүмектерді бітеуге жоба жасақтауды тапсырды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов: «Ауыл шаруашылығын дамытуға жағдай жасау – біздің міндетіміз»,- деп, шаруашылық құрылым басшыларымен пікірлесті. Аудандық мәслихат депутаты, «Мүтір» ШҚ-нің  жетекшісі Жеңіс Шапешов  бұл  көлдетіп суару жүйесі арқылы тек қособалықтар ғана емес, көршілес Ақжайық ауданының  Сайқұдық ауылына да шаруашылығының жайлы болуына септігін тегізетінін айтты.

Өңір басшысы күрделі жөндеуден өтіп, жиылғы оқу жылында пайдалауға берілген Қособа орта мектеп-балабақша кешеніне ат басын бұрып, асхана, спорт зал, балабақшаның жұмысымен танысты.  Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеу Шарифуллин облыс әкімі А.Көлгіновке егемендіктің жиырма бес жылдығы қарсаңында Қособада бірқатар толайым істер –  мектеп жөнделіп, ұялы байланыс келіп, ауыл әкіміне су жаңа көлік беріліп, Өлеңті өзеніндегі бөгеттің қайта жаңарту жұмыстары атқарылғаны үшін алғыс айтты.

Аудан орталығына келген Алтай Көлгінов тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған