Бүгін бақыттан басым айналды…

Үйде жатып ішім пысты. «Қайыршы, жұмысың жоқ, ақша таппайсың», — деп, әйелім күнде оқтаумен төмпештейді. Қашанғы қатыннан таяқ жей беремін. Қаладағы ең байдың үйіне кіріп бардым. Күзетшілері желкемнен автомат кезеп тұр.

— Ей, оңбаған, сен кімсің, қайда бара жатырсың? Шаңыраққа қара!..

— Кешіріңіз, текке ата көрмеңіздер, мені ұруға қақыларың бар, өйткені мен рұқсатсыз байдың үйіне кіріп кеттім. Шынымды айтсам, күнде оқтаудан таяқ жеп жалығып кеттім. Мені басымнан доллармен, болмаса қымбат заттармен ұрыңыздаршы, өтінемін, — деп жалындым.

— Мынау ақылды жігіт қой…

— Неге? — дедім таңырқап.

— Қазір таяқ жеген адам ұтады. Бір соққы үш жүз мың теңге тұрады. Сені көк-ала торғайдай етіп сабасақ, әрбір көгерген жерің үшін сот моральдік құн төлетеді. Шамасы, басыңда құтылмайтын несие бар-ау, — деп күлді бір күзетші.

— Олай емес, мен ондай алаяқ адам емеспін. Ешқандай арыз жазбаймын, — деп ақталдым. Менің тізерлеп жылап отырғанымды көріп, үй иесі аяп кетті. Өзі ақ көңіл, абзал жан екен. Көзінен жасы сорғалап тұр. Байлардың бәрі сараң емес қой.

— Ау, сендер не қарап тұрсыңдар? Адамға жандарың ашымайды екен. Бұл да адам баласы ғой. Айтқанын орындаңдар, — деді.

Сол-ақ екен, байдың баласы бір бума доллармен басымнан бір ұрды. Ооо, қандай «кайф», рахаттанып жерге құладым. Үйдің иесі құны бес жүз мың тұратын туфлимен қақ маңдайдан тепкенде жаным кіріп қалды. Бастың анда-санда көтерілетін қан қысымы бар еді. Солқылдап ауырғанда жаныңды шығарады. Сол сап тыйылды. Одан кейін әйелі бриллиант таққан саусақтарымен «осы сен сияқты кедейлерден қашан құтыламыз?» деп, қайта-қайта бетімнен шапалақпен ұрды. Бір айдан бері тісімнің қақсап жүргені бірден басылды. Үстімнен бір қапшық алтынды тастап жіберді. Жаншылып барып әрең тұрдым. Белімнің де шаншуы бар еді, ем болды. Тіпті, денемнің ауырғанын сезбедім. Немересі қолындағы бір миллион теңгенің ұялы телефонымен көк желкемнен қойып қалды.

— Алло, бұл кім? Таныдың ба? Жұлдыз ба едің? — деп, тағы жерге құладым. Әрі қарай ештеңе есімде жоқ, тәтті ұйқыға кетіппін. Әйтеуір, бір қарасам, байдың ауласынан тәлтіректеп шығып бара жатыр екенмін. Көлік жүргізушісі шетелдің қымбат көлігімен құйрығымнан бір түйді. Аспанға ұшып барып, жерге баспен қадалдым. Өлген жоқпын. Арманым орындалды. Таяқты аямай жеп алдым. Қатты соққылардан миым шыр айналып тұр. Өкініш жоқ. Сырқаттарымнан сауықтым. Байдың үйінен таяқ жеп, бақытты болдым. «Байлықтан басың айналады» деген осы екен-ау…

Нұрлыбек Жұбатқан,

ҚР Мәдениет қайраткері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған