Бұқараны қуантқан ауылшаруашылық жәрмеңкесі

Астана қалалық әкімдігі бағаны қатаң қадағалау үшін бар мүмкіншілікті жасап жатыр. Тұрғындардың қалтасын қағатын сауда орындары да тосыннан келетін тексерістен кейін айылдарын жия бастаған сыңайлы. Бүгіндері жылдағы әдетпен қаланың көп жерінде азық-түлік жәрмеңкесі өткізілуде. Оның үстіне өткен аптадан бастап өңірлердегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің жәрмеңкесі басталды. Мұндағы азық-түлік бағасы базардағыдан орташа есеппен алғанда 15-20 пайызға арзан.

Әр сенбі-жексенбі күндері облыстардан келетін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер астаналықтарға көкөністерді арзан бағамен (сәбіздің бір келісі 65 теңге, қырыққабат — 55, жұмыртқа — 180, тауық еті — 500-550,  күріш — 160, пияз — 70, картоп — 50, қызылша — 70), жылқы етін 1200 теңгеден ұсынады. Енді осы бағаларды елордадағы сауда нүктелеріндегі азықтүлік құнымен салыстырып көрелік. Мәселен, «Астаналық базарда» картоптың бағасы 60-80 теңге болса, сәбіздің де бір келісі осы мөлшерде сатылады. Дұрысына келсек, сапасы жақсы, іріп-шіріген жері жоқ картоптың бағасы елорда базарларында негізінен 80 теңге шамасында болса, «Астықжан», «5 минут» супермаркеттерінде 80-89 теңге төңірегіне тұрақтайды. Ал арнайы ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелерде ең сапалы картоптың бағасы 50 теңгеден аспайды.

a24abfff1aea5babdb777347135daa6d

Сәбіздің бағасын да осылай сараптар едік. Жұмыртқаның 10 данасын «Астаналық базардан» 190-230 теңге шамасында сатып алсаңыз, «Анвар», «5 минут» сияқты супермаркеттерден 319-379 теңгеден арзанын кездестірмейсіз. Пияздың бағасы кейбір супермаркеттерде 80-100 теңгеге дейін барады.

Күріштің келісі қаладағы ең арзан базар «Шапағаттың» өзінде 180 теңгеден сатылса, басқа сауда үйлерінде 200-256 теңгеден сатылады, ал «Рамстор» супермаркетінде, тіпті, 403 теңгеден төмені кездеспейді. Жалпы, елорда бойынша «Рамстор» супермаркетінде барлық азық-түлік бағасы басқа жерлерден біршама қымбат екенін айта кеткен жөн. Ал ең арзан баға қалалық әкімдік ұйымдастырып отырған азықтүлік жәрмеңкелерінде және «Шапағат» коммуналдық базарында. Қарапайым халықтың қалтасы көтеретін игі шара жыл бойы жалғасын тапса, қанекей!

 «ЕлАна»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған