Бәрекелді! Жасөспірімдеріміз Болгарияда топ жарды

Жуырда ғана Болгариядан сүйінші хабар жетті. Қазақ елінің бәйгеге үкілеп қосқан саңлақтары өнер бәйгесінен олжалы оралды. Айта кетейік, Болгар елінің курортты аймағы саналатын Солнечный берег өңірінде «Ние — XXI век» («Біз — XXI ғасыр» ) атты XXV халықаралық балалар және жасөспірімдер фестивалі өткен еді. Румын, Болгария, Ресей, Македония секілді әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам өнерлі өрендер жиылған додаға Қазақ елі Сыр өңірі мен Жетісудан шыққан талантты 9 тұлпарын үкілеп қосты.

Қалың елі қазағы мен ұстаздарының үмітін арқалап, ат арытып барғанда жас таланттарымыз ел сенімін ақтады. Жас жеткіншектеріміз қазақ әуендерін әуелете шырқап, тыңдармандарын тәнті етті. Бәйгеге қосқан шәкірттердің бірі де ұстаздарын жерге қаратпай, жүлделі орындардан көрінді. Вокал номинациясы бойынша балалар жас ерекшелігіне сай үш топта сайысқа түсіп,  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетованың шәкірті Арыслан Толыбек бас жүлдені иемденді. Сондай-ақ, бұл бәйгеде 1-орынды қанжығаға бөктерген жас әншілеріміз: Ақылбек Нұрасыл (9-13 жас аралығы), Бақдәулет Исабеков (13-17 жас аралығы), Арайлым Берік өнер көрсетіп, жиналған қауымды тәнті етті. Ал Баянсұлу Ертай мен Дінислам Бақытбек 2-орынды иеленсе, 3-орын кішкентай қызымыз Мақаш Қасиетке бұйырды. Бұл өнерпаздардың барлығы да аяулы ұстаз, «Мәдениет майталманы» Қаракөз Ақдәулетованың шәкірттері екенін айта кеткен жөн.

Бұл додада әншілер ғана бақ сынаған жоқ, қазақ домбырасы да Болгария көгін күмбірлеген күймен тербетті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, атақты күйші Айгүл Үлкенбаеваның шәкірті, алматылық Рауан Мағауин домбыра номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болды. Тағы да айта кетер ерекше жайт, алматылық Ирина Куценк қазақ әндерін нақышына келтіре орындап, қазылар алқасын тәнтті етті.

Бұл конкурс аяқтала салысымен қызылордалық өрендеріміз Болгарияның тарихи қаласы Тутракан қаласына ат басын бұрды. Ондағы мақсат екінші өнер бәйгесі «Речные ноты» атты конкурсқа қатысу болатын. Бұл тартысты додада да жас өрендерімізге сәттілік серік болып, бірнеше жүлдені қанжығаға байлады.  Орта топта бас жүлдеге 18 бала таласып, Арыслан Толыбек бас жүлдені иеленді. Бақдәулет Исабеков (13-17 жас аралығы) пен Ақылбек Нұрасыл (9-13 жас аралығы) 2-орын төрінен көрінсе, 3-орынға Қасиет Мақаш (9-13 жас аралығы) лайық деп танылды.

Бұл жай ғана жарыс емес, қазіргі кездегі эстрадағы проблемалар, репертуар таңдау мәселесі, сахна келбеті жайлы өзара тәжірибе алмасу болды. Осындай игі іске жәрдемші болып, жасөспірімдердің шетел асып, өнерлерін шыңдап, жарысқа қатысуына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен кәсіпкер Аманбаев Нұрлан мырзаның қолдауы мен көмегі тиіп келеді.

Балғындарды республикалық, халықаралық деңгейдегі үлкен додаларға қатыстырып, конкурсқа дайындап,  қажырлы қызмет атқарып жүрген ұстаздары, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетоваға тұлпарларыңыз әрдайым бәйгеден озат келе берсін деп тілейміз. Ал өнер өрінде бүр жарған бәйшешектей көктеп келе жатқан балғындарымызға қазақ өнерін дамытып, еліміздің даңқын әлемге әйгілеп жүре беріңдер дейміз. Қанттарың талмай биік шыңдарға қанат қаға беріңдер, жас таланттар!

 

Айман Рамзия

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған