«Валентинмен» құттықтама сен менi!

Валентинмен құттықтама сен мені,

Еленбесе еленбесін еңбегі.

«Әулие» деп Валентинге табынбас,

Әуелі Алла – мұсылманның сенгенi.

 

Валентинмен құттықтама сен мені,

Адам болсаң ақылы бар зерделі.

Он төртінші ақпан жайлы жазбаған,

Он төрт ғасыр болды Құран келгелі.

 

Валентинмен құттықтама сен мені,

Армандарды білмей тұрып мендегі.

Ақ қағаздан жүрек жасап таратпай,

Ақ жүрекпен қуантайық пендені.

 

Валентинмен құттықтама сен мені,

Ысырапшыл пенделердің ермегі.

Айналаңа бір қарап қой алдымен,

Айдалаға шаша бермей теңгені.

 

Валентинмен құттықтама сен мені,

Осы сөзді орындашы ең кемі.

Соры басым мерекені тойлардай,

Соншалықты күнәләрің кем бе еді.

 

Валентинмен құттықтама сен мені,

Неге жазды деп ойларсың термені.

Кұттықтайтын бір адамды азайтып,

Құтқарайын деп едім бір пендені.

©Рауан Кайдаров

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған