Восточная, Подгорная, Грушовая әлде Алматинская ма? БҰЛ ҚАЙ КӨШЕ?

  Алматы секілді ірі мегаполисте үлкенді-кішілі, ұзынды-қысқалы көшелердің көп болуы заңдылық. Бірақ бұл көшелердің қалай болса, солай аталуына, үй нөмірлерінің ретсіз қойылуына болады деген сөз емес.

Бірде шаруам болып, қаланың «Қазақфильм» ықшамауданы жағын-дағы «Бағанашылға» бардым. Қала шетіндегі ықшамауданнан Алмалы көшесін іздеп, әрең таптым. Сол жолы бір көшеге бірнеше атау берілгенін көріп таңғалдым. Қаладағы «Қазақ-фильм» ықшамауданы маңайындағы Сырғабеков көшесінің бойында орналасқан «Арай» және «Той-Думан» мейрамханалары тұрғындарға жақсы таныс. Осы мейрамханалардың жанынан тау жаққа қарай көтерілетін Восточная көшесі өтеді. Бірақ бұл көшемен жүріп өткен адам нақ осы көшенің атауы Восточная екеніне күмәнданып қалатыны сөзсіз. Бұлай дейтінім, аталған мейрамханалар маңындағы бұрылыстан Восточная 17-мен басталатын көше бойында басқа да атаулармен аталған үйлер толып тұр. Мысалы, Восточная көшесі №11/2 және №13 үйлердің қарсысында Сырғабеков көшесі 9/2 деп белгіленген үй тұр. Осы үйдің қасында тұрған үйдің қақпасына Алматинская көшесі 9/1 деген жазуды оқыдым. Осы көшемен жоғары қарай көтерілсеңіз, Восточная көшесінің жұп санды үйлері қатарынан Подгорная 6А деген үйді көресіз. Сол үйдің қарсысындағы үйге Грушовая №19 деген белгі тағылыпты. Ал оның бір жағындағы көршісі Восточная №9/1, екінші жағындағысы Подгорная №12 деп нөмірленіпті. Сонда бұл қай көше болып шықты? Түсінбедік…
Сондай-ақ, Алмалы көшесіндегі үйлердің нөмірлері де ретсіз, қалай болса, солай жазыла салған. Әдетте, көшенің бір жағындағы үйлер тақ саннан, екінші жағындағы үйлер жұп саннан тұрады емес пе? Алмалы көшесінің үйлері бұл заңдылыққа бағынбапты. Алмалы көшесі №11-ден кейінгі үй Алмалы №12, одан кейінгісі Алмалы көшесі №13 болып таңбаланған. Осы үйлердің ортасында, ішке қарай енгізіле салынған тұрғын үйге №8 деген нөмір беріліпті. Реттік нөмірлері сәйкес келмейтін әрі жұп және тақ саны араласқан үйлер қатарынан іздегенімді таппай әжептәуір қиналдым. Бұл да ештеңе емес, сол шамадағы нөмірлі үй болса, осы маңайдан әйтеуір бір табатыныңды білесің ғой. Енді мына қызықты қараңыз. Алмалы көшесімен сәл жоғары көтерілсеңіз, №6 және №10 үйлердің маңайынан Алмалы №75 деп таңбаланған үйді көресіз. Оның тап қасындағы көршісіне №55 деген нөмір беріліпті. Одан кейін бұл көше «резко» бұрылып кеткен. Осы жердегі №17 үйдің тұрғындары «Іздегендер бізді тез тапсын» деді ме екен, аулаларына шанышқан ұзын ағаштың басына «Алмалы №17» деген тақтайша іліпті. Аталмыш үйдің тұрғындарына мың да бір рахмет, әйтпесе, біз іздеген үйімізді таппай, әлі біраз уақыт сандалады екенбіз… Бір қызығы, бұл жерде де жаңағыдай «жаңылтпашқа» тап болдық. Алмалы көшесіндегі №17 үйдің тап қарсысында осы көшеге қарасты №49 тұрғын үй орналасыпты. Ал осы үймен шарбағы жабысып тұрған үй – Алмалы №16А деп белгіленіпті. Мәссаған! Сонда Алмалы көшесінің №16/1 және Алмалы №49, сондай-ақ, Алмалы көшесі №55 және №75 үйлердің арасындағы тұрғынжайлар қайда кеткен? Сондай-ақ, оншақты нөмірден кейін қатар тұрған үйлерге №49, №55, №75 деген нөмірлердің берілуі тіпті ақылға сыйымсыз. Бұл жағдайға қарап, «Тұрғын үйлердің қожайындары жергілікті әкімдіктің ешқандай рұқсатынсыз, баспаналарына өздері қалаған нөмірді жапсыра салған ба?» деп ойлап қалдық…
Тағы бір айта кететін жәйт, осы Алмалы көшесіне шығатын үлкендеу көшенің қалай аталатынын сол жерден өтіп бара жатқан оншақты адамнан сұрап, біле алмадым. Әрі-бері жүріп, көше бойынан атауы жазылған бір де бір қақпаны кездестіре алмай, қиналдым. Ақыры, төменде қалған Восточная көшесінің жалғасы шығар деп топшылауға тура келді…
Естуімізше, алып шаһарда Алмалы көшесінен басқа Алмалы бақ, Яблоневый сад деген де көшелер бар екен. Яблоневый сад Алмалы бақ дегеннің орысша түрі ме? Әлде Яблоневый сад деген бөлек атаумен тағы басқа көше бар ма? Болса, осы өңірдің көше атауына жауапты мамандарынан «Бір алмаға қатысты көшені балама атауларға толтырып, біресе қазақшалап, біресе орысшалап, неге қайталай бергенсіздер?» деп сұрағымыз келеді… Сөйтіп, жоқ іздеп жүріп, Алматы секілді алып шаһардың қалтарыстағы көшелерінің атаулары жаңғыртылмағанына кез-дейсоқ куә болдық.
Иә, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асып кетсе де, Восточная, Грушовая, Подгорная деген сияқты ешқандай мән-мағынасы жоқ атаулар еліміздің оңтүстік астанасының көшелерін құрсауында ұстап, әлі міз бақпай тұр. Қазақ халқы үшін аса маңызды емес осындай атаулардың орнына аталған көшелерге елімізге еңбегі сіңген ерекше тұлғалардың есімін берсе, қандай жарасымды болар еді?! Кейінгі ұрпақ ең болмаса, көше атауларын сұрастыра жүріп, халқына қызмет еткен аяулы азаматтар жөнінде білер еді-ау… Өздерін жадында сақтауға тырысқан халқына ардақтыларымыздың аруақтары да риза болар еді…
Бұл тек алып шаһардың бір ғана шеткі көшесінен көріп-білгеніміз. Ал егер осы мәселені көтеріп, Алматының қуыс-қуысын арнайы жұмыс қылып аралап көрсек, не болар еді..?
…Осындайда «Көше атаулары мен тұрғынжайлар нөмірін реттеп отыратын әкімдік қызметкерлері мен өңірдің ономастикалық комиссиясы қайда қарап отыр екен?» деген заңды сұрақтың ойға қайта-қайта оралатыны рас…

Айша ӨТЕБӘЛІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған