Дала данышпаны

Биыл дүйім дүниені аузына қаратқан аруақты шешен, ұлы қайраткер, бәтуалы би Қаздауысты Қазыбек атамыздың туғанына 350 жыл толып отыр. Дала данагөйі деген атқа ие болған Қазыбек Келдібекұлының мерейтойын қалың қазақ тойлауға бейіл. Оның ішінде Арқаның алтын тәжі – Қарқаралы, Егіндібұлақ өлкесі баба рухын барынша асқақ көтермек. Қарағанды көлемінде атқарылмақ ауқымды шара тамыз айының 18-і күні кесімді сөздің кемеңгері кең жайлаған қасиетті атақоныс Егіндібұлақ ауылынан бастау алады.

Бабамның тойына барынша дайын болуым керек деген ниетпен үйдегі кітапханамды аударып-төңкеріп отырғанымда мына бір ғажайып оқиғаны көзім шалып қалды.
Атамыз Қаздауысты Қазыбек би елге белгілі болған кезде екі әйел бір балаға таласып, дауласып, алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің біреуі: – Мынау баламды есін білмейтін жас күнінде жоғалттым. Соны мына әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді, – дейді.
Екінші әйел тұрып:
– Бала өзімдікі, өзім таптым, мынау босқа жармасып тұр, – дейді.
Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін: – Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан, мынадай билік еткім келеді, – дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны жоғары көтеріп: «екеуіңе қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?», – дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:
– Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! – деп безеріп тұрып алады. Ал, баланы таныған әйел:
– Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз! – деп безек қағады. Содан барып Қазыбек:
– Бала – мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, – деп билік айтады.
Оқыған бетте, «қандай сауатты әрі сауапты шешім» дедім еміреніп… Сол, сол-ақ екен, мені кенет басқа ойлар жетелеп әкетті… «Бабамның айтып отырған мына баласы мен емеспін бе! Маған да таласып келді ғой!.. Атышулы СССР мен өзімнің қайран қазағыма кезек-кезек қарап қоятын едім ғой мен де сол бала құсап! Саясаттың салқыны санамызды саңғырық қылып жібере жаздаған тұста, жалғыз кие, жаппар Ие – Тәуелсіздігіміз сыйға келіп, жаңағы бабамыз бәтуа кескен оқиғадағы баладай мен де өз Алаш анамды таптым емес пе!.. Өзге ұлтқа қимаған ана – СССР да, қайда жүрсе де аман болсын, «аманды ердің аты шығады» деген өз анам, қайран Алашым екен ғой» дедім ішімнен!
Қазыбек бабамның қанша ғасыр өтсе де өзектілігін жоймаған өткір шешімі менің санамды айран-асыр етіп отырғаны несі?..
Балаға таласуға болмас сірә, баба біледі, бала сезеді!
  
Жалпы той жәрмеңкесі де, ой жәрмеңкесі де Қояндыдан бастау алады. Бұл тойдың да Қарағандыда қалың бұқараның басын қосып, дүркіреп тойлануы тегіннен тегін емес. Себебі, Қазыбек би заманында орта жүздің бас биі болған. Сегіз ханға кеңесші болған кемеңгер тұлға Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшесі ретінде халықаралық түрлі дауларды шешуде шешімді сөзді еншілеп отырған. Алты сан Алаштың текті хандары Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген тұста да, мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ел шетіндегі жау мен ел ішіндегі дауды шешуде үлкен роль атқарған. Сондай-ақ, қазақтың алғашқы заңы «Жеті Жарғыны» құрастырушылардың бірі де осы – ер Қазыбек.
Қоянды дейтін себебіміз, ол ауыл – тура осы Қаздауысты Қазыбек атаның жаз жайлауымен жапсарлас жатқан тарихы терең текті топырақ – атақты Қоянды. Иә, Қоянды жәрмеңкесі. Ол жерде ең алғаш Алаш идеясы дүниеге келген болуы керек. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Ахмет Байтұрсынов сынды Алаш арыстары Қояндыда «Қарқаралы петициясын» жазып, Патшадан қазаққа теңдік пен кеңдік сұраған жоқ па!..
Қазақта «Орта жүзді қамшы (қалам) беріп дауға қой» деген аталы сөз бар. Хат та, дат та қамшы мен қаламға мәністі тіркес сөз екенін ескерсек, Қазыбек бидің:
Сен қалмақ та, біз – қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір де біз – көмір,
Еріткелі келгенбіз.
Екі еліктің лағын
Теліткелі келгенбіз, – деген даты алдымен сөз ұстаған қаракөк тұқым, білім мен ғылымға бас болған ағартушы алашшыл азаматтар жайлы айтылған мағыналы байлам екені белгілі болады. Бұл сөзімізге би атамыздың «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деген қанатты ұраны дәлел.
Ал, хат дегеніміз жоғарыда айтқан – Қарқаралы петициясы. Сол Қазыбек бидің ата қоныс, ырысты өлкесінен Патша үкіметіне Қояндыдан жөнелтілген құзырхат. Барлығы, Орта жүзді қалам беріп, дауға қой деген сөзден шығып отыр. Сондықтан, бұл үш жүз елу жылдық тойдың негізгі іс-шарасын Қаздауысты Қазыбек бидің ата қонысынан, яғни қасиетті Егіндібұлақ өңірінен басталуында бірнеше мән жатыр деген сөз. Сөзге жетік, тілге шешен, аузы дуалы академиктер іс-шараны неден бастау керек деген тұста тағы да баба сөзі басымызға оралады.
Елшілік ережесіне ерте бастан жетік, есейген шағында Абылай ханды Қазыбек би тұтқыннан босатып алуға барғанда:
Шендескелі отырмын,
Жарасқалы отырмын,
Қала болса бұзылған,
Қаласқалы отырмын.
Құлдыққа көнген ел жоқ,
Құрағалы отырмын,
Бір дауда екі жар жоқ,
Сұрағалы отырмын, – деп тұтқындағы ұл-қызды, әулие ханды, мыңғырған малды қайтарып алғанындай, абыз атаның атындағы ауданды сұрамасақ та, атажұрттағы тұтас ел Үкіметтен Егіндібұлақты қайта қалпына келтіріп, Едірей, Мыржық, Доғалаң, Томар, Темірші, Бақты ауылдарын ең жоғарғы радиациялық аймақ болып танылуын, сол апат аймағына жақын аталған ауыл тұрғындарын зейнеткерлікке ерте шығу жайын, әлеуметтік жеңілдіктерін қайтартуды қолға алса дейді. Апат аймағындағы ауылдардың жеңілдігін тоқтатып тастауын біз тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда аумалы-төкпелі заман болып, экономикалық қиын-қыстау кезеңде нарыққа көшкен саяси ұтымды қадам деп есептедік. Бірақ, бүгінгі таңда ауызды қу шөппен сүрте беру тәсілі бұл аймаққа жүрмейтін тәрізді. Себебі, күні кеше ғана Елбасына «Алтайполиметалл» тау кен байыту кешені жылына 100 мың тонна мыс шығаратын болды деп телекөпір арқылы мәлімдедік. Өндіріс орны тек ТМД елдерінде ғана емес, әлем бойынша бірінші болып кенді ашық әдіспен өндіреді. Бүгінде Теректі ауылында жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр, жергілікті халық жұмыспен қамтылып, жастарға арналып заманауи спорттық кешен және жергілікті тұрғындарға медициналық орталық салынған деп еселеп есеп бердік. Бабамыздың «Қала болса бұзылған, қаласқалы отырмын» дегеніндей, Қазыбек би атындағы бұрынғы аудан статусын қайта қалпына келтіре алмаспыз, алайда, осы 350 жылдық тойдың тәбәрігі ретінде қалың қарашаның қалпағын аспанға лақтыртар лайықты жұмыстарды атқарып беруіміз керек.
Шынтуайтында, хандармен кеңесе келе, билер сөзін бір ауызға келтіріп, Еуразия кеңістігіндегі ең ірі шекаралардың бірі – Қазақияның қазіргіден де кең аумағын бекітіп берген де ұлы абыз Қазыбек би екені шындық. Ендеше, жанын шүберекке түйіп, қазақты жаудан аман өткерген тұлғаға тік тұрып қызмет қылып, ата қонысына аз-кем көмек қолын созбасақ болмас.
  
Қояндыны тақырыпқа қосарлай беруімнің мәнісі де сол – ол да менің асық атып, асыр салып өскен ортам болатын. Мені ет жақындарым өз жұртыма жақын тәрбиеледі. Батыр Болатқожаның Құдайберлі бұтағынан тарайтын ұрпақпыз ғой. Баба туралы бала күнімде анам марқұмнан көп естідім. Әрине, есімін атамай, «Бабам» деп отыратын. Үнемі аруағына сиынып, бабаның айтқандарын, әділ биліктерін аузынан тастамай өтті жарықтық. Сол балаң шағымдағы бабама деген құрмет санама әбден сіңіп, орнығып қалғаны болар, өзім де шешім қабылдап, байлам жасайтын шағымда үнемі баба аруағын есіме аламын. Алаш жұртының аманатын арқалап ғарыш көгіне самғаған сапарымда да Қазыбек баба аруағы жебеп, ерекше қанаттандырғанын түйсінемін. Балаң шағымнан жүрегіме ұялап, санама орныққан баба қасиеті әлі күнге дейін оң иығымда жебеушім болып жүргендей сезінемін. Бұл – әлдекімге тылсым күш болар, шынайы түйсінген адамға құдірет!
…Осыдан біраз бұрын анамыздың туғанына 100 жыл толуына орай елде ас берген тұста ауыл ақсақалдары айтып отырған әңгімелерден есте қалатыны – ерте заманда жер тарлық етіп, Балқантау, Едірейден Құдайберлі бабамыз осы Қоянды өңіріне, оның ішінде Қарқаралының қазіргі Ақжол селолық округінің жеріне көшкен екен. Бұған дейін Мағауия бауырым жазғандай, Қаракесектің Шоры қоныс берсе керек. Жер Қаржас атамыздың ұрпақтарымен шекаралас. Содан, өзі күйші, өзі сері, өзі ұста әкем Әубәкір сол елге жігіт-желеңдермен қыдыра жүріп, Қаржас Еңсебай байдың бес ұлдан кейінгі кенже қызына назары ауады. Содан, біз туамыз. Әрине, бұл енді, басқа тараптағы әңгіме.
Десем де, Қазыбек бабама тегім арқылы да, жерім арқылы да, елім арқылы да жақын екенімді айтқандағы әңгімелер шығар.
Қазыбек атамыз сыртқы саяси дипломатиялық бітімгершіл ерек қасиетінің арқасында екі ірі мемлекеттік Ресей мен Қытай қарым қатынасында үлкен роль атқарған арағайын болды. Ол екінің бірінің қолынан келер шаруа болса, Алқакөлде сұлап, Ақтабанда шұбырмас едік…
Біз де батыл да батыр бабамызға тартып, қазақтың қамы үшін екі елдің арасына алтын көпір болыппыз. Елдестіріп, теңдестіріп жүрдік.
Сөз соңында Қазыбек бабамның қара қылды қақ жарған әділ билігін қуаттай түсетін ел аузындағы тағы бір тәмсілді тілге тиек еткенді жөн көрдім. Бірде бір кісінің атының шідері қолды болады. Ұрлаған адам да белгілі. Жоқшы мен ұры екеуі Қазыбек бидің төрелігіне жүгінген екен. Сонда әулие баба болмашы шідер үшін ердің құнын кесіпті. Ұры наразы болып:
– Шідерге бола ердің құнын кесуіңіз – тым қатал шешім. Мен келіспеймін, – деген екен. Сонда Қазыбек бабамыз:
– Шідер атты сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды. Бұл қылмысқа бұдан асқан әділ шешім болмайды, – деп, кесіп айтқан деседі.
Ұлы халқымызда ер қанаты саналған тұлпарларымыздың шідері ұрланып, үзілмесін. Шідер кетсе, ердің де, елдің де тағдыры сындарлы сәтке тап келуі мүмкін. Ал, сындарлы шақтан сүрінбей шығу үшін Қаздауысты Қазыбек бабамыздай әділ билік айтатын тұлға керек!
Дана бабалардың дара жолына дұрыс түсе білу де – ұлағатты ұрпақ парызы.
Қазыбек атам қазақ ұғымымен пара-пар тұлға ретінде менің жүрегімде, елімнің тілегінде ғасырлардан ғасырларға мәңгі жалғаса бермек.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,
Қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған