Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің назарына! Дәріханаларымыз «Тауарды сат, онан кейінгісінде шаруаң болмасын», — деген ұстаныммен жұмыс істейді

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің назарына. Екі ортада дәрі таппай, «шыбын» өлмесін деңіз…

Білікті мамандар сөзіне сенсек, алдағы жылдан бастап дәріханалардағы ем-дом бағасы 1,5-2 есеге дейін күрт өсетін көрінеді. Соның салдарынан бәсекеге төтеп бере алмаған кейбір дәріханалар жабылады деседі. Оған түрткі салатын Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан енгізілетін жаңа талаптар болса керек. Билікке жақын жүретіндердің айтуынша, бұл мәселе сонау 2015 жылдан бастау алған екен. Сол жылы Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтика саласына, атап айтқанда, дәріханалар жұмысына  халықаралық стандарт енгізуге ниеттенсе керек. Сөйтіп, өмірге ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қол қойып бекіткен  «Дәрілік заттарды толайым және бөлшектеп сату ережесін бекіту туралы» заң келіп, ол заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп жоспарланыпты. Содан бері бақандай екі жыл өтсе де, былайғы жұрт дәрі-дәрмек сату саласында кереметтей өзгерістер орын алғанына куәгер бола қойған жоқ. Өйткені министрлік тарапынан әлгі заң ережесі, әдістемелік әдебиеттер жарияланбағантұғын.  Содан да болар, дәрі сатушылар: «Бұл да кезекті бір құжат, оны орындамаса да болады», — деп шешкен сияқты.

GPP мен GDP дегеніміз не?

Ел тағатсыздана күткен әлгі ереже тек 2016 жылы ғана жария етіліп, қалың бұқара нақ сол тұста ғана Астананың GPP (Gold Pharmacy Practice) стандартын кіргізбек екендігінен хабардар болған-ды. Бұл аптекалық тәжірибе GPP — ISO стандарты ұстанымын дамыту, тек фармацевтика саласында. Аталған cемья қатарына GMP (өндірістік тәжірибе) мен GDP (дистрибьютерлік тәжірибе) де кіреді. Шын мәнінде, бұл — дәрі-дәрмектің барлық айналымына бақылау жасаудың жаңа қыры, яғни онда ақырғы өнім емес, оны өндіру әдістері, сақталуы, тасымалдануы бақыланады. GMP стандартын қабылдау бойынша эпопея бізде 15 жыл, GDP-ны қабылдау 10 жыл бойы жалғасып келеді. Оған басты себеп — жаңа стандарт жүйесі бойынша оқытылған мамандардың жетіспеушілігі. Мамандар компанияларға да, бақылаушы органдарға да жетіспейді. Бірақ бұл миллиондаған теңге айналымы бар ірі компаниялардың бәріне қатысты мәселе болғандықтан, олар өздері үшін GMP мен GDP стандарты бойынша бақылайтын 2-3 білікті маман даярлауға қаражат бөле алады ғой. Бірақ кежегесі кері тартқан кәсіпорындар бұл мақсатқа ақша бөлуге асығар емес. Нәтижесінде ата-бабамыз айтқандай, «Сараң екі рет төлейдінің» кері келіп отыр. Биліктегілер аталған семьяға кіретін стандарттар дәрі сатумен айналысатын ШОБ салаларына да тарайды деп отыр. Онда істейтіндер, негізінен, 4-5 адамнан тұратыны белгілі. Міне, нақ соларға қатаң талаптар қойылмақ екен. Алматыдағы «Сайран» ықшам ауданы Өтеген батыр көшесіндегі №96-ы ғимаратта орналасқан дәріхана қызметкері Лиза Көбентаева: «Ол бағасы жағынан да қымбатқа түсетін сыңайлы. Дәріханалардан сатып алушыларға кеңес беріп, медициналық қызмет көрсететін, жеке кабинеті бар дәрігер мен жоғары білімді провизор болуын, келушілерге арналған дәретхана болуы талап етіледі екен. Бұдан басқа құжаттарды сақтайтын бөлме, су құбыры, климат-бақылау, мүгедектерге арналған пандус болуы да міндетті деседі. Мұның бәрі айналып келгенде ақшаға келіп тірелетіні анық. Оны біреудің қалтасы көтерсе, бұл талап екіншісін тақырға отырғызары хақ. Ең басты шығын дәріхана ғимаратын стандартқа сай етіп қайта жасауға шығатын түрі бар. Қай аймаққа жататынына байланысты кабинеттер мен дәретханаларға шығатын шығын мөлшері де әрқалай болары сөзсіз. Қысқасы, қазіргі дәріхананың аумағын ең кем дегенде тағы бір бөлмеге кеңейту керек болады. Оған ақшаны қайдан таппақпыз?» — деп мұңын шағады. Ірі кәсіпорындардың да өз шағымдары бар. Сондай дәріхана меңгерушісінің бірі, білікті фармацевт маман өскемендік Гүлжиһан Әбішева: «Қызметкерлерді оқуға жіберу құны бір адамға 50 мың теңгені құрайды. Жаңа үлгідегі құжатты сатып алу құны да соған шамалас. Оларды өзің дайындасаң, оған ең кем дегенде жарты жыл уақыт кетеді. Мұның бәрін консалтингтік компания өз мойнына алуы мүмкін. Ондай жағдайда стандартты енгізу бір сауда нүктесіне 500 мың теңгеге түседі. Оқып келген маманға сұраныс артатындықтан, ол енді сенде істеу-істемеуі неғайбыл. Кім айлықты артығырақ берсе, соған кетіп қалуы ғажап емес. Осылайша, маманды оқытқан дәріхана иелері сан соғып қалуы мүмкін. Қызметкерді ұстап қалудың жалғыз жолы — жалақыны көтеру, яғни еңбекақы қорын арттыру. Бұл да дәрі-дәрмектің бағасына өз ықпалын тигізері сөзсіз. Осылайша шағын дәріханалар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Әр дәріхана ғимаратын қайта жаңартып жасауға кемі 2 миллиондай теңге кетеді. Сертификация алуға шығатын шығын да аз емес. Бәрін талапқа сай еткеннің өзінде қағазбастылықтан құтылу оңай емес. GPP стандарты дәріханада бір адам отырып, жұмысты бақылап, үздіксіз есеп берумен айналысуын талап етеді. Әлгі құжаттарға жеке орын қажеттігі де сондықтан. Статистикаға жүгінсек, Қазақстанда 8 мыңнан астам дәріхана жұмыс істейді екен. Дегенмен, солардың көпшілігінде дәріні сақтайтын тоңазытқыштар, кондиционерлер жоқ, сол себепті дәрілер талапқа сай сақталмайды. Бұл оның сапасына әсер етеді. Сосын елде дәріханалар жұмысы өте әлсіз реттеледі. Ондағылар әрі кетсе: «Тауарды сат, онан кейінгісінде шаруаң болмасын», — деген ұстаныммен жұмыс істейді. Ең алдымен әлеуметтік жауапкершілікті дәріхана қызметкерлері сезінуі керек болса да, ол жайлы ойланып жатқандар шамалы. Соның салдарынан бәрі бірдей дәрі болғанмен, олардың бағасы әр дәріханада әрқалай. Кәсіби деңгейі төмен фармацевтер жұмыс істейтіндіктен, көптеген дәрі-дәрмектер рецепсіз сатылады, кейбір кезде тіпті тыйым салынғандары да саудаға шығарылады. Оны бақылап, сатушыларды тәртіпке шақырып жатқандарды аз байқайсыз. Сол себепті тиісті тәжірибе қажет. Бұл фармацевтика нарығын анағұрлым басқарушылыққа бейімдейді», — дейді.

8 мыңның 200-інде ғана сертификаты бар

Бұйрықтағы басты өзгеріс — дәріханалардың көрсететін қызметтері мен олардың өз қызметкерлерін оқыту бойынша қойылатын талаптарды мейлінше қатаңдату сынды. Әлбетте, адам факторы қатысатын кез келген жерде коррупцияға жол ашылатыны кәміл. Арнайы дәрігер керек пе, жоқ па, оны денсаулық сақтау инспекторы шеше алады. Ал дәретхананың болуына қатысты талапты қала түгілі, ауылдағы дәріханалардың орындауы өте қиын тәрізді. Сосын Денсаулық сақтау министрлігі стандартты операциялық процедура (СОП) атты нұсқаулық жазуды талап етеді. Бірақ оған қатысты нақты бір тапсырма ведомствоның бұйрығында да, қосымша материалдарда да көрсетілмеген. Соған қарағанда, оны әр дәріхана өз білгенінше өзі жазуы керек сынды. Қазіргі таңда елде жұмыс істеп тұрған 8 мың дәріхананың 200-ге жуығы ғана сертификат алған көрінеді. GPP-ға қатысты талаптардың бәрі міндетті әлеуметтік медициналық қамсыздандыру Қоры (МӘМҚҚ — ФОМОС) жұмысының басталуына байланысты жүріп жатқан сынды. Биліктегілер: «МӘМҚҚ бағдарламасы бойынша, дәрі-дәрмектер тек сертификатталған дәріханалар арқылы ғана өтеді. Олар үшін бұл қосымша табыс көзі болып табылады. Сертификат алмағандардың лицензиясы қайтарып алынады. Олар МӘМҚҚ бағдарламалары бойынша жұмыс істей алмай, яғни табыс көзінен айырылады. Жағдай осылай қалыптасса, бірқатар дәріханалардың жабылуы сөзсіз. Сол кезде нарық сиреп, аталған салада қандай да бір тәртіп орнығар деген сенім зор», — дейді. Ендеше, біз де: «Лайым, Тәңірі сол күнге жеткізгей!» — деп тілейміз. Бірақ осы істеп тұрған жүйені ертең қиратып алсақ, ертең халықтың назасына қалмаудың жағдайын да ойлаған абзал. Біздің елімізде келеңсіз жағдайлар талай кездескен. «Аузы күйгендер үріп ішпесе», сірә, болмайды-ау.

Ермек Сахариев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған