Депутаттық сауалға салғырт қарау – халықтың талап-тілегін ескермеу

Сенаттың жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханов Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі Б. Ә. Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Сауал көпшіліктің көкейіндегі ойды тап басуымен құнды. Бүгінгі билікте отырған кейбір шенділердің осал тұстарын жіліктеп, халықтың талап-тілегінің көп жағдайда ескерілмей жататынына да «өкпе-наз» айтылады. Сауалдың өзектілігіне орай сенатордан шағын сұхбат алуға тура келді.

-Сіз Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалыңызда халықтың, жергілікті басшылардың өтініші негізінде көтерілген проблемаларға дер кезінде жауап берілмейтініне реніш білдірдіңіз? Осы түйткілді мәселені тарқата кетсеңіз?

-Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының  27-бабында – «Депутаттық сауал мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларының құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде түсініктеме беруін немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған депутаттың талабы болып табылады. Сұрау салуға жазбаша жауап әрi кеткенде бiр ай мерзiмде табыс етiлiп, сессияда жария етiледi. Сұрау салуға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткiзiлуi мүмкiн. Депутат салынған сұрауына қайтарылған жауапқа өз пiкiрiн бiлдiруге хақылы. Сұрау салуға қайтарылған жауап пен оны талқылаудың нәтижелерi бойынша Палатаның қаулысы қабылданады. Сұрау салу мен оған берiлген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкiн» – деп атап көрсетілген. Бірақ бұл көп жағдайда орындалмайды.

-Қалай десек те, Сіз үлкен мәселені көтеріп отырсыз. Елдің өтініш-талабын арқалаған қаншама депутаттық сауалдар «Су аяғы құрдымға» кетті. Осыдан кейін депутаттық сауалдың да құны кетіп, бағасы түсе бастағанын несін жасырамыз.

Оныңыз рас. Депутаттар өз сауалдарында өңірлердің, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін, қоғамды, көпшілікті толғандырып жүрген өткір проблемаларды, сайлаушылардың орынды ұсыныс-пікірлерін, ойларын билікке жеткізіп, олардың орындалуына ат салысады. Яғни депутаттық сауал халықтың ел басқаруға араласуының бір жолы, халық пен билікті байланыстыратын алтын көпір іспеттес, демократиялық үдеріс. Міне сондықтан да үкімет, депутаттық сауалдарға мән беріп, ондағы қойылған мәселелерді зерттеп, зерделеп, оңды, тиімді ұсыныстарды есепке алып, іске асырып депутаттарға  уақытылы жауап беріп отырғандары жөн.

-Әріге бармай-ақ қоялық, өз әріптестеріңіздің бір жыл ішінде билік басындағы азаматтарға қаншама депутаттық сауал жолдағанын, олардан қаншалықты жарытымды жауап алынғанын саралап, сараптап көрдіңіз бе?

-Соңғы бір жыл ішінде Сенат депутаттары Үкіметке 46 депутаттық сауал жолдапты. Нақытылап айтсам: Депутаттық сауалдардың 82,6% Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне жолданған. Қалғандары министрлер мен құзырлы органдардың  басшыларына. Бір байқағаным: Депутаттық сауалдарда көтерілген мәселелердің оң шешім тапқандары еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына өз ықпалын тигізуде.

Дегенмен, депутаттардың сауалдарында көтерілген өзекті мәселелерді орталық атқарушы органдар терең зерттемей, талдау жасамай-ақ, толық емес, жалпылама, сырғытпа жауаптар беретін фактілер де кездесетіні қынжылтады. Нәтижеде, сауалда көтеріліп отырған өзекті мәселелер уақытылы шешімін таппай, созылып, тұрғындардың реніштерін тудырады, осылайша елдің дамуына кері әсерін тигізеді.

-Сенат депутаттары бір ауыздан қолдаған, бірақ билік тарапынан ескерілмей келе жатқан, қандай да бір депутаттық сауалды айта аласыз ба?

-Ондай көп қой. Мысалы, ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін бір топ депутаттар көтерген «үшемдер» туылған тұрмысы төмен отбасыларын кезектен тыс баспанамен қамтамасыз ету және оларға арнайы жөргекпұл мен  жәрдемақы тағайындау туралы Үкіметке бірнеше рет жолданған депутаттық сауалдарға билік жалпылама жауап берумен ғана шектелді. Бұл өзекті мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан небәрі 600-700 млн.тенге ғана қажет екен. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

-Сіздің ойыңызша депутаттық сауалдарға жауап берілмеуі нені көрсетеді?

-Депутаттардың сауалдары зерттеліп, олардың оңды, негізделген ұсыныстары бойынша нақты шаралар қабылданбаса, ол халықтың талап-тілектері мен пікірлеріне үкімет тарапынан көңіл бөлінбегенін білдіреді.

-Кейбір әріптестеріңіз, Үкімет мүшелерінің Парламентке еш дайындықсыз келетінін ашық айтып жүр. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?

-Заң жобасымен Парламентке келген кейбір үкімет мүшелері, олардың орынбасарлары депутаттардың қойған сұрақтарына жалпылама жауап береді немесе басқа мәселелерді айтып, өздерінің заң жобасын толық меңгермегендігін, Парламентке дайындықсыз келгендерін көрсетіп қоятыны рас. Ол аз десеңіз, кейбір сұрақтарға жазбаша жауап береміз деп уәде береді. Алайда, жазбаша жауап та уақтылы берілмейді немесе ол да нақты емес, құр сырғытпа жауапқа айналады. Нәтижеде, депутаттар өздерінің сұрақтарына толық жауап ала алмайды. Ол заң жобасын жетілдіруге кері әсерін тигізеді.

-Соңғы сұрақ: Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлынан депутаттық құқыңызды пайдалана отырып, қандай мәселелерді шешуін сұрадыңыз?  

-Бірінші, Үкімет мүшелерінің Парламент депутаттарының сауалдарына мән беріп, терең талдау жасап, оларға уақтылы және толыққанды жауап беруіне, депутаттардың сауалдарында көтерілген еліміздің, өңірлердің экономикалық-әлеуметтік дамуы мәселелерін, қоғамды, көпшілікті толғандырып жүрген өткір проблемаларды, сайлаушылардың орынды ұсыныс-пікірлеріне қолдау көрсетіп, олардың орындалуын қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асырып, депутаттарға түпкілікті толық ақпарат берілуі жолға қойылса дедім.

Екінші, Палата және комитет отырыстарына келіп баяндама жасайтын заң жобасы бастамашыларының жан-жақты дайындалып келуі талап етілсе, заң жобасын талқылау барысында қойылған депутаттардың сұрағына жазбаша берілетін жауаптары жан-жақты, толыққанды және уақытылы берілуі  қамтамасыз етілсе деген ұсынысымды білдірдім.

Және депутаттық сауалға заңда көрсетілген мерзімде жауап беруін сұрадым.

-Уақытыңызды бөліп сауалдарға жауап бергеніңізге рахмет!

 НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған