«Дипломмен ауылға»  ақшаны алып қашу ма?

Елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асқан жеті жылдың ішінде 30 мыңнан астам маман ауылдық жерлерде жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, оларға берілетін бір реттік көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін қаралатын несие көлемі де өсті. Оған дәлел, биылғы жылы бағдарлама аясында бөлінетін қаржы көлемі екі есеге ұлғайып, Жамбыл облысындағы елді мекендерге келетін  жас мамандарға 803,2 миллион теңге несие мен  бір реттік көтерме жәрдемқыға 106,8 миллион теңге бекітіліп отыр.  Бұл әрине ауылға ағылған жастардың санын арттыратыны сөзсіз. Десе де, тұрғын үй алу үшін бұған дейін берілген  несиелердің берешегін қайтаруда барлық  аудандарда  түйткілдер туындауда. Тіпті, мемлекет қаржысын қайтармай табан жалтыратқандар да баршылық.

Мұндай жағдай өткен жылы Жуалы ауданында орын алған болатын.  Прокуратура тексерісінен кейін, бағдарлама аясында ауылға келген 12 азамат келісім шартты бұзып, басқа облыстарға көшіп кеткені анықталған. Олардың тарапынан бюджетке қайтарылуы тиіс қаржы көлемі 1 миллион 515 мың теңгені құрап, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры»  тарапынан қанша хат жолданса да, қаржының қайтарымы болмаған еді.

Бұл тек бір ауданның басындағы жағдай  емес. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, жоба жанданған жылдан бері жас мамандарға тұрғын үй алу үшін берілген несиелердің Сарысу ауданында – 18,1 миллион теңгесі, Шу ауданында  – 14,4 миллион теңгесі, Мойынқұм ауданында – 9,9 миллион теңгесі, Талас ауданында – 9,1 миллион теңгесі, Жуалы ауданында – 6,6 миллин теңгесі, Қордай ауданында – 6,1 миллион теңгесі, Т.Рысқұлов ауданында – 2,7 миллион теңгесі, Жамбыл ауданында – 2,1 миллион теңгесі, Байзақ ауданында – 1,1 миллион теңгесі және Меркі ауданында – 1 миллион теңгесі қайтарылмаған. Нәтижесінде қазына қаржысының 71,1 миллион теңгесінің қайтарымы болмаған. Бұл бағдарлама бағытына айтарлықтай қиындықтар  тудыратыны анық. Сол себепті, қаржының не себепті қайтарылмай жатқанын  аудан әкімдіктеріне хабарласып, білген едік.

preview-image

Мойынқұм ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жақсымбетовтың айтуынша, олар қазір бұл мәселеге араласа алмай отырған көрінеді.

-Негізі «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қаржысын облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы  басқармасы бекітіп бергеннен кейін бізге өтеді. Бірақ, есеп шотымызда жатқан қаржыны біз оңды-солды бере алмаймыз. Бөлім тек бағдарлама аясында құжат тапсырған мамандардың тізімін дайындап, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорына» өткізеді. Қаржыны беретін солар.

Рас, қазір таңда ауданда несиелік қарызын қайтара алмай жүрген 18-ге жуық азамат бар. Оларды біз сотқа беруге құзыретті болмай отырмыз. Тіпті, борышкерлерге ескерту хатын да жолдай алмаймыз. Себебі заңда   солай көрсетілген.

Жалпы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптары мен ережелерінде түрлі қайшылықтар бар. Жас маманмен үш жақты келісім жасалатын болғандықтан, жауапты мекемелердің құзыреті де әртараптанып кеткен. Сондықтан қазір біз бұл мәселенің заңды шешу жолын қарастырып жатырмыз, – дейді бөлім басшысы.

Ал Сарысу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейілбек Дариябеков борышкерлердің құжаттарын сотқа дайындап қойыпты.

-Борышкерлермен жұмысты биыл мықтап қолға алып, құжаттарын сотқа дайындап жатырмыз. Алайда қарызын қайтармай жүргендердің бірқатары өзге өңірге немесе басқа ауданға көшіп кетуіне байланысты көптеген қиындықтар тууда. Сол себепті, бағдарлама аясында тұрғын үй несиесін алғандарға бөлімнің екі маманын арнайы бекітіп, олар тек осы жұмыспен айналысып жатыр. Бұйыртса, бірер айда нәтиже болуы керек. Бұл түйткілді сот арқылы шешпесек, басқа амал жоқ, – дейді Сейілбек Шәкенбайұлы.

Жамбыл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбановтың айтуынша, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне беру мүлде дұрыс емес екен.

-Қазіргі таңда, аудандық бөлмдер тек 2014 жылға дейін несие алған мамандардың қарызын қайтаруға құқылы. Ал қалған берешекті өндіруге «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» жауапты. Бірақ, бұл жүйе де дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, басқа облыстарда «Дипломмен ауылға» бағдарламасын бақылау экономика бөлімдеріне жүктелген. Осылайша олар қаржы жүрген жерді қаржы мамандарының қадағасына беріп отыр. Егер осы жүйені біздің облыста да қолдансақ, бұдан көп ұтар едік. Әйтпесе, борышкерлермен жұмысты мекемелер бір-біріне сілтеп, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» керін келтіре береді, – дейді бөлім басшысы.

Иә, мамандардың сөзіне сүйенсек, борышкерлерге қатысты мәселе бүгін-ертең шешімін  таппайтын секілді. Және бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін бағдармаға жауапты мекемелердің құзыретіне  түбегейлі өзгеріс қажет көрінеді.

Әрине, бүгінгі қиын экономикалық жағдайда несие төлемін уақыты төлеу оңай шаруа емес екені белгілі. Оған қоса, бағдарлама аясында берілетін 3 000 000 теңгеге кейбір аудандарда баспана сатып алу мүмкін емес болып жатады. Соның салдарынан жас мамандар жетпеген қаржыны тағы қарызға алып, тығырыққа тірелуде. Мұндай жағдайда оларға да кінә арту қиындау. Десе де, заңнын аты заң. Сондықтан бұл мәселені жылсай талқылап емес,  нақтылау қажет. Мүмкін, қаржыға қатысты жұмысты шын мәнінде экономика саласына беру қажет шығар. Сол кезде екі жаққа да тиімді, бір тәсілді мамандар ойлап табар. Әйтпесе, жылда  беріліп жатқан несие қарыздары үсті-үстіне  жамалып, соңы ауылға келген жас мамандардың емес, борышкерлердің санына  жете алмай қалып жүрерміз.

Саятхан Сатылғанов

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған